09.01.2019, 03:31

Жаңаөзенде көпқабатты үйдің едені опырылып түсті

Жаңаөзен қаласында көпқабатты үйдің едені опырылып түсті. Қабырғасы қақырап тұрған үйдің тұрғындары жергілікті әкімдікке барып, 40 жыл бұрын тұрғызылған баспананы апатты деп табуын талап етті. Алайда әкімдіктегілер шешім қабылдауға асықпады деп жазады КТК телеарнасы. 

Тұрғындардың сөзінше, үйдің едені опырылғанда бомба түсіп кеткендей дауыс шығыпты. Нәтижесінде бірінші қабатта орналасқан пәтердің плитасы жертөлеге жетіп жарылған көрінеді. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Ал әкімдіктегілер едені опырылған баспанаға келіп, өз көзімен көрсе де, бәрі дұрыс деп кетіпті. Тіпті, тұрғындарға көмек бергені туралы жалған айтқан көрінеді.

«Бала-шағамның бәрін жан-жаққа жібердім. Жеті отбасы болып тұрамыз. Кеше жалған ақпарат берді әкім үйге орналастырдым деп. Көмек жоқ ешқандай», – дейді тұрғын Амангелді Бөлеков.

Ендігі алпыс пәтердің тұрғындары бұл үйде түнемек тұрмақ, кіруге қорқып жүр. Олар жергілікті әкімдікке барып, мәселелерін айтып ашынды.

Ал әкімдіктегілер оқиға орнын көзімен көргенімен, өзге пәтерлерді апатты деп танитындай «көріпкел емес» екенін айтып ақталды. Тек тиісті сараптама жүргізілгеннен кейін ғана қорытындысын жасамақ.

«Мен кепіл бере алмаймын. Біз Алла емеспіз. Бір Алланың қолында. Енді тыңдаңыз. Кеше тиісті комиссияны құрдық. Өзіңіз болдыңыз, куә болдыңыз. Тиісті шараларды қабылдадық. Қазір оны істейтін мекемені белгіледік», – дейді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов.

Ендігі бұл үйге қайта кіруден қорқып қалған тұрғындар туған-туыстарына көшіп жатыр.