$ 447.4  477.55  4.76

Үшінші қазақ ғарышты бағындырды

2 қыркүйекте Астана уақыты бойынша сағат 10.37 минутта Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-ТМА-18М» ғарыштық кемесі ұшты.

Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) кеме командирінің құрамында ресейлік ғарышкер Сергей Волков, бортинженерлер -    Данияның алғашқы астронавты Андреас  Могенсен  мен   Қазақстан Республикасының ғарышкер-сынақшысы  Айдын  Айымбетов бар кезекті экспедициясы ұшырылды.

Ұшырылым штаттық режімде өтті, деп хабарлады Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылымды қамтамасыз ету қызметі, ұшырылғаннан кейін 10-шы минутта ғарыш кемесі зымыран тасығыштан бөлініп, «Союз ТМА-18М» жер төңірегіндегі орбитаға шықты.

Ғарышкерлер өздерін жақсы сезінуде, деп хабарлады Ұшырылымды басқару орталығынан. ХҒС-мен «Союз ТМА-18М» кемесі ұшырылғаннан кейін екі тәуліктен кейін түйіседі деп жоспарланған.

Байқоңыр ғарыш айлағында қалыпты күзгі сауа райы, ауа температурасы +23 градус. Әдеттегіге қарағанда, аспанды сәл бұлт басқан.

Экипаж ұшырылымын  жүздеген адам тамашалады, олардың ішінде Қазақстанның вице-премьері Бердібек Сапарбаев, «Роскосмос», «Қазғарыш», Еуропалық ғарыш агенттігінің басшылары, ғарышкерлердің жақын-туыстары бар.

Баласын  ғарыш сапарына шығарып салу үшін Айдын Айымбетовтың анасы Жұмагүл апа, Сергей Волковтың әкесі - ғарышкер Александр Волков, экипаждың барлық үш мүшесінің зайыптары мен балалары келді.

Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов пен Дания астронавты Андреас Могенсеннің, сондай-ақ қазіргі кезде орбитада жұмыс істеп отырған ресейлік ғарышкер Геннадий Падалкидің жерге оралуы 2015 жылдың 12 қыркүйегіне жоспарланған. Экипажды Астана қаласының әуежайында салтанатты түрде қарсы алуға Қазақстан Республикасының Президенті қатысатыны күтіліп отыр.

Астана  әуежайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажымен кездесті.

Рекордсмен Геннадий Падалка (Ресейғарыш), қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, сондай-ақ Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен Қазақстанда есептелген аудан маңына аман-есен қонды.

Жоспар бойынша 06:51-де Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 146 км қашықтықта Жерге сәтті қонған ғарышкерлер Астанаға Қазақстан басшыларының салтанатты қарсы алу шарасына аттанды.

«Союздің» қонуын қамтамасыз ету жөніндегі  іздеу-құтқару қызметіне 200-ге жуық әскери қызметкер, бортында арнайы жабдықтары бар 14 Ми-8 тікұшақтары, төрт Ан-12 және Ан-26 ұшақтары және 15 бірлік техника, сондай-ақ төрт жол талғамайтын іздестіру-көшіру машиналары қатыстырылды.

Естеріңізге сала кетейік, Айдын Айымбетов 2 қыркүйекте ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыш стансасына ұшқан болатын. Отандасымыз мұнда  бірқатар ғылыми тәжірибелер, атап айтсақ  экология, физика және медицина саласында зерттеулер жүргізді. Сондай-ақ, қазақ ұлттық тағамдарын ғарышкерлер рационына енгізу тәжірибеден өткізілді.

ХҒС сегментіне қазақстандық ғарышкердің ұшырылым бағдарламасын дайындауды Қазғарыш «Ұлттық ғарыштық зерттеу және технологиялар орталығы» АҚ-ға (ҰҒЗТО) тапсырылған. Бағдарлама басшысы, «ҰҒЗТО» АҚ президенті Жұмабек Жантаев қазақстандық ғарышкердің ұшырылымына келісімшартқа қол қойғаннан кейін ҚазАқпаратқа берген қысқаша сұхбатында Айдын Айымбетов ХҒС бортында он эксперимент орындайтынын айтқан болатын. Олардың ішінде табиғи-ресурстық және геофизикалық мониторинг бойынша зерттеу бар.

Айта кетейік, Айдын Айымбетов бұл сапарын Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ата заңымыздың 20 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығына арнайтындығын айтқан болатын.

Айдын Айымбетовтің ғарыштағы зерттеулері елімізге үлкен пайдасын тигізеді. Бұл туралы бүгін Астана әуежайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Союз ТМА-16М»

ғарыш кемесінің халықаралық экипажын қарсы алғаннан кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстан жерінде болғаннан кейін, біз ғарыштық мемлекеттердің қатарына кіреміз. Сонымен бірге еліміздің аспандағы жер серіктері бар. Оның барлығы тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Айдын ғарышқа бекер көтерілген жоқ, яғни ол ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сәйкесінше, бұл зерттеулердің бізге үлкен пайдасы бар», - деді Президент. Осы орайда Мемлекет басшысы дүниежүзінде екі жүзден астам мемлекет бар екенін, алайда олардың басым бөлігінде өздерінің ғарышкерлерін ұшыруға мүмкіндіктері жоқ екенін атап өтті. «Сондықтан да ғылыми жағынан, техникалық өркендеу тұрғысында ғарыштық зерттеулермен айналысқан өте дұрыс. Біз Ресеймен осы жұмысты ары қарай жалғастыра беретін боламыз. Бұл бағыттағы шығын ғылыми зерттеулермен Қазақстанның атағы үшін қайтып келеді деп санаймын», - деп түйіндеді Н. Назарбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін таңертең Геннадий Падалка (Ресейғарыш), қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, сондай-ақ Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен Қазақстанда есептелген аудан маңына аман-есен қонды. Жоспар бойынша 06:51-де Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 146 км қашықтықта Жерге сәтті қонған ғарышкерлер Астанаға салтанатты қарсы алу шарасына аттанды.  

Байқоңыр - Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан ғарыш алаңы. Іргесі 1955 ж. қаланған.[1] Ғарыш алаңынсалу үшін Байқоңырды таңдап алу кезінде бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, т.б. факторлар ескерілді. Байқоңырдың басты және көмекші объектілері мен қызмет ету орындары кең аймаққа орналасқан, олар бір-бірімен автомобиль жолдары және теміржол аркылы байланысқан. Байқоңырдың негізгі объектілеріне: техникалық тұғырлар, старттық кешендер мен ұшу трассасының бойындағы өлшеу бекеттері (олардың әрқайсысы жалпы техника және арнаулы технология кұрал-жабдықтары бар ірі құрылыстар), ғарыш алаңына әр түрлі жүктерді жеткізетін кірме жолдар, т.б.; көмекші және қызмет көрсету объектілеріне: отын (жанармай) сақтайтын алаң, сұйық оттегі мен азот өндіретін заттар, энергия және сумен қамтамасыз ететін жүйелер, байланыс жүйесі, телевизия, т.б. жатады. Байқоңырда ракета тасығыштың (РТ) әрбір түріне сәйкес бір не бірнеше техникалық тұғырлар және олардың әрқайсысына арналып бір не бірнеше старттық кешендер салынған.

Байқоңырдың ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. 1957 ж. 4 қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырыдды. Ол дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін (ЖЖС) орбитаға шығарды.

Байқоңыр әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны болып табылады, оның басты және көмекші нысандарының жалпы ауданы 6717 шаршы шақырым.[2]

Байқоңырдан 1961 ж. 12 сәуірде адамзат тарихында тұңғыш рет Гагарин Юрий Алексеевич"Восток" ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Байқоңыр одан кейін де ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың старттық орнына айналды. Байқоңырдан КүнніңАйдың,Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, "Восток", "Восход", "Союз", "Прогресс" ғарыш кемелері, "Салют", "Мир" орбиталық станциялары, жұмыстар жүргізуге арналған "Протон", "Зонд", "Прогноз", байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған "Молния", "Экран", "Горизонт", "Радуга", "Метеор", т.б. ЖЖС-тері ұшырылды. Айды, Марсты және Шолпанды зерттеуге арналған ғарыш аппараттары бар РТ-лар да Байқоңырдан аттандырылды. 1991 ж. 2 қазанда тұңғыш қазақ ғарышкері Т. Әубәкіров "Союз Т-13" ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақ ғарышкері Т.А. Мұсабаев ғарышта 3 рет (1994, 1998, 2001) болды. Байқоңыр ғарыш алаңын салуға әр жылдары түрлі мамандықтағы көптеген қазақстандықтар қатысты. Олардың арасыңда Байқоңыр ғарыш алаңының қызметкерлері Қ. Тоқмұхамедов, Б. Межіғұлов, Т. Уәшев, К.Әбілғазин, полковник Ә. Исмаилов, М. Құлымгереев, Қ. Нұрмағамбетов, С. Мұхаметқалиев, Б. Ешімов, Қ. Нұрмұқанов, Р. Құлмырзаев, М. Мұқанов, т.б. болды.Қазақстан азаматы, ұшқыш-сынақшы, майор М.З. Рафиков алғашқы ғарышкерлер тобында Ю.А. Гагаринмен бірге дайындықтан өтті. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 ж.Қазақстан Республикасының иелігіне өтіп, 1993 ж. Ресей Федерациясына 20 жылға берілді. Байқоңыр кешенін пайдаланудың экологиялық зардаптары байқалды. Байқоңыр кешенінен Қазақстан Республикасы аумағына жылына 30 — 35 мың т. улы заттар таралады. Ракеталардан түскен қалдықтар ҚарағандыПавлодар жәнеШығыс Қазақстан облыстарына зиян келтірді.

...1961 жылдың 12 сәуірі! Ақын жырлағандай, бұл күн- Адам баласы рухының,ақылы мен парасатының,білімі мен қажырының дүр сілкінген мезгілі, «батыс та жоқ,шығыс та жоқ»,бір ғана адамзат болып біріккен шағының өмірге туған сәті еді...Енді ғаламшарымыздағы сана иелері өзара соғыспайтындай,жер үстінде қан төгілмейтіндей, тәңірлік сабыр мен парасатқа ие болатындай көрінген баршаға сол бір сәуірде. Осы бір үкілі үмітті арқалаған «Восток» зымыран-тасығышы жер тарихында тұңғыш рет адам баласын орбитаға шығарды.Көгілдір планетамыздың барлық құрлықтарындағылар ұлтына,нәсіліне,сеніміне,терісінің ақ,сары,қоңыр,қарасына қарамастан, осынау бір жылы жүзді,дидарына күлкі үйірілген перзентіне сүйісіне,мақтана,шаттана қарасты.Адам өзінің ұлы Анасы Жер-бесігінен жетіліп,ақыл-ойы,білімі толысып, ғарышқа шығып,ұлы Жаратушыға бір табан жақындады...
Гагарин ұшқан «Восток» ғарыш кемесінің салмағы-4,73 тонна,ұзындығы-4,4 метр,ені-2,43 метр.Адамзат баласының тұңғыш ғарышкері мінген «Восток» кемесі жерді 1 сағат 48 минутта бір рет айналып, Саратов облысының Энгельс ауданына қонды.
Адам баласы ғарышқа өзі аттанбас бұрын көк әлеміне алдымен ақыл-ойы мен білімінің жансыз жемістері- спутниктерді ұшырды.
1957 жылдың 4 қазанында- Байқоңырдан «Спутник» зымыран-тасығышымен орбитаға тұңғыш жасанды жер серігі көтерілді.
1958 жылдың 15 мамырында- бортында Лайка,1960 жылы 19 тамызда- Белка-Стрелка иттері бар жасанды жер серіктері ұшырылды.
1959 жылдың 12 қыркүйегінде- «Луна-2» автоматты-планетааралық стансасы Ай бетіне жетіп,оған КСРО гербі бейнеленген жалауша түсірді.1959 жылдың қаңтар-қыркүйек-қазан айларында «Луна-1», «Луна-2», «Луна-3» автоматты стансалары Айға жақындап, көзге көрінбейтін арғы бетінің суретін түсіріп,жердегілерге жолдады.
..Гагариннен соң әлемде жүздеген космонавтар аспан әлеміне жол тартты.Адамзат тұңғыш рет ашық космосқа шықты.Өз кезегінде автоматты планетараалық стансалардың көмегімен Марсты,Шолпанды,Айды игеруді бастады.Американдықтар да өз тараптарынан ғарыш кемелерін ұшырып,Ай бетіне адамзат баласының өкілдерін жеткізді.Космонавтар саны әлемде өсе берді.Ғарыш жолындағы құрбандықтар да аз болған жоқ.Дегенмен,адам қайсарлығы мен білімі жеңіске жетелеумен болды.
Қырандар қанаты талатын,тұлпарлар тұяғы тозатын ұшы-қиырына көз жетпес қазақ жерінен еліміз тәуелсіздігін алғанға дейін «Молния», «Венера», «Марс»,»Протон», «Зонд», «Луноход» секілді ондаған ғажайып спутниктер мен зымырандар Күн жүйесінің ғаламшарларына сапар тартып , борттарында жаңа ғарышкерлері бар жүзге жақын ғарыш кемелері аспан әлеміне самғады.Дегенмен,адамзаттың ғарышты игеруіне осыншалық керемет жағдай жасаған Қазақ жерінен оның бір перзентінің жер орбитасына көтерілмеуі тарихи әділетсіздік еді. 
Сондықтан да,егемен елдің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұңғыш қазақ ғарышкерін космосқа шығару жолында орасан қажыр-қайтар жұмсады.1991 жылдың ішінде ғана Президентіміз жұмыс сапарымен Байқоңырға үш рет келді.
Осы сапарларында Елбасы қазақ перзенті Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшу әзірліктерінің барысына үнемі мұқият зер салып,қамқорлық жасаумен болды. Қазақстан мемлекеті егемендігінің еңсесін,елдігінің мәртебесін әлемге айғақтар бұл тағдырлы іске аса сергектікпен,ал,бүкіл қазақстандықтар ерекше жүрек толғаныстарымен қарады.Сондықтан да,сын сағаты соғып,ұлтымыздың қыраны,қазағымның ұланы Ғарышқа аттанарда еліміздің қуанышын бөлісуге Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы шақыруымен кеңестер одағының 11 республикасының басшылары жиналды.
Жер кіндігі-Байқоңырдан ұлтымыздың төл перзенті ,ғарышкер –зерттеуші Тоқтар Әубәкіров мінген «Союз-ТМ-13» зымыраны 1991 жылдың 2 қазанында орбитаға жол тартты.
Бұл күні тек барша түркі жұрты,жұмыр жердегі мұсылман қауымы ғана емес,қазақ еліне тілектес туысқан,бауырлас елдер де мерейіміздің өскеніне қуана қол соғысты. 
1991 жылдың 2 қазанында Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш қазақ космонавты Тоқтар Әубәкіров космосқа ұшты. «Қазақ Гагаринімен» бірге ғарышқа халықаралық осы экипаждың құрамында тұңғыш австрия космонавты Франц Фибек те ұшты.Бұл Қазақстанның,жаңа егемен елдің космосқа тұңғыш сапары.Дәл осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Байқоңыр» ғарыш айлағында тұрып,республиканың Ұлттық аэроғарыш Агентігінің құрылғанын жариялады. Енді қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкеріміз жайында деректерді еске түсіре отыралық.
..Тоқтар Әубәкіров- 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы,Қарқаралы ауданы, «1-ші Май» колхозында туған.
1969 жылы- ұшқыштардың Армавирдегі жоғарғы авиациялық ущилищесін бітірді.
1976 жылы- КСРО Авиация Министрлігінің сынақшы-ұшқыштар мектебін,1979 жылы-Мәскеу Авиация институтын,1991 жылы-Космонавтарды даярлау Орталығын бітірді.Ұшқыш-инженер. Кеңестер Одағының Батыры,Халық қаһарманы.Кеңестер Одағының соңғы космонавты.Қазақ ұлтының тұңғыш Ғарышкер. Ұлы даланы мекендеген перизат халқына Жерұйықты,бақыттың мәңгілік мекенін іздеген Асан Қайғы бабамыз Сыр бойына,Байқоңыр топырағына Желмаясын шөгеріп:--бұл Жер кіндігі екен-ау-деп толғанған дейді қария тарих.Сол ұлы Абыздың айтқаны келіп,қазақ жері адамзатты тұңғыш аспан әлеміне аттандырған киелі кіндігіне айналды.Тұңғыш перзенті көк әлеміне барып-келісімен бостандықтың Байрағын көтерген азат елдің Ғарышты игеруі жолындағы ұлан-ғайыр өз жұмыстары басталды.
Ұлтымыздың тағы да бір аяулы перзенті,тәуелсіз Қазақстанның алғашқы космонавты Талғат Мұсабаев «Союз-ТМ» ғарыш кемесімен қатарынан үш рет ғарыш әлеміне барып-қайтты.Ол космоста алғашында-126 тәулік,екінші сапарында-208 тәулік болды.Үшінші сапарында батыр жерлесіміз америкалық миллионері Денис Титоны да экпиаж құрамымен бірге алып ұшып,әлемде тұңғыш рет космосқа кәдімгі саяхат жолын ашты.Талғат Мұсабаев- ашық космоста жұмыс істеген тұңғыш қазақстандық ғарышкер болды.Ол ғарыш стансасынан тыс ашық ғалам аясында жалпы мерзімі- 41 сағат 21 минут болды.Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш ғарышткерінің өмір баяны мынау:
Талғат Мұсабаев-1952 жылы 7 қаңтарда туған.
1974 жылы Ригадағы азаматтық авиация инженерлері институтын бітірді.
Сол жылы Боралдайдағы авиаотрядқа ауысым инженері қызметіне тұрды.
. 1990 жылы космонавтар отрядына қабылданып,Гагарин атындағы Ғарышкерлер даярлау Орталығында оқып,жаттықты.
1993 жылы Ақтөбе жоғарғы ұшқыштар училищесін бітірді.
Ашық космосқа 7 рет шығып,41 минут 21 секунд болған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері.Қазақстанның Халық қаһарманы.
Ресей Федерациясының Батыры,
Ресей мен Қазақстан ордендерінің игері.
Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы ғарышкері.
Азаттығымыздың көк туы асқақтай көтерілгеннен соң,Қазақстанның алдында ғарышты игерудің орасан үлкен міндеттері-Байқоңыр айлағынан ұшатын зымырандардың еліміздің экологиясына тигізіп жатқан зияндарын азайту,сөйтіп,халықтың денсаулығы мен келешегін қорғау, ғарышты азаттық алған мемлекеттің жасампаздық және қорғаныстық мүдделеріне шындап жұмылдыра білу парыздары тұрды.Бір сөзбен айтқанда космосты игеру,кез келген мемлекет үшін мол табыс әкеліп,дамудың әлеуетті жолына бастары ақиқат. Еліміз үшін бұл жарқын жолдың тағаны 1991 жылдың 30 желтоқсанында ғарыштық бағдарламаларды іске асыру мүдделері негізінде ғарыштық инфроқұрылымдар нысандарын күтімде ұстау мен пайдаланудың 11 республика қол қойған Минск Келісімінде және 1994 жылдың 28 наурызындағы «Байқоңырды» пайдаланудың ұстанымдары мен негізгі жағдайлары жөніндегі Ресей -Қазақстан Келісімінде қаланды.Сайып келгенде бұған дейін Ресейдің Ғарыштық Күштер Басқармасының жетімсіз қаржысымен тіршілік кешіп келген Байқоңырдың алдағы тағдырын тезірек шешу керек болды. Сөйтіп,жоғарыдағы уағадаластықпен Байқоңыр Ресейге жалға беріліп,РФ-ның тарапынан Қазақстанның республикалық бюджетіне соңғы 5-6 жылда үзіліссіз ,әр жылға шаққанда- 115 миллион доллардан түсіп келеді.Ресей жағы бүгінге дейін Байқоңыр қаласының жыл сайынғы 70 миллион долларлық бюджетін,өзі жалға алған әскери нысандарға-әр жылы 100 миллион доллар,әскерилердің тіршіліктеріне-100 миллион доллар,жалпы мөлшері жыл сайын осы Байқоңырға ғана 1,5миллиард доллар /бір жарым миллиард доллар/ көлемінде қаржы жұмсап келеді.Байқоңырдағы мектептерді/оның ішінде қазақ мектептері мен оның мұғалімдері де бар/ қаржыландыруды да Ресей өз бюджетінен ақша бөлу арқылы шешіп келеді.Қазақстан жағы тек қана Байқоңырда тұратын өз азаматтарының әлеуметтік саласын-денсаулықтарын қорғау,зейнетақыларын төлеу істерін ғана Қызылорда облысының бюджеті арқылы орындап отыр.Бұл-ел басшылығының даналығымен жасалған қайырлы іс еді. Сонымен, 2004 жылдың 9 қаңтары Қазақстан космонавтикасының өміріндегі ең көлемді халықаралық ғарыш жобасын жүзеге асырудың басталған сәті еді. 
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин дәл осы күні «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жолындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту жөніндегі Келісімге қол қойды. Бұл Келісім «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясына жалға берудің мерзімін 2050 жылға дейін ұзартты. Тараптар «Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық жағынан анағұрлым зиянсыз ғарыштық зымырандар кешенін құру арқылы,қазіргі амиль мен гептиль секілді улы зымыран отындарын пайдаланатын зымыран-тасығыштарды біртіндеп қысқартуға жұмыс істеуге уағадаласты.Бұлар- «Бәйтерек», «Есіл» кешендері болуы тиіс.Бұған қоса екі ел бірлесіп Қазақстанның өз спутнигі «КазСАТ»-ты да орбитаға шығаруы керек.
Қазіргі күнде Қазақстанның ғарыштық саласы ірі қадамдарының жүзеге асуына қажетті ғылыми-техникалық,қаржылық-материалдық тағандар қалану үстінде.Экономикасы өрге басқан еліміз әлемнің дамыған Елулігіне апарар қуаттың бір арнасын осы ғарыш саласындағы батыл қадамдаран өрбітетіні де анық. Енді Байқоңыр ғарыш айлағы жайында бірер сөз. 
Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанның Қызылорда облысының жерінде,1955 жылы құрылды.Осы жерден 1957 жылы тұңғыш жасанды жер серігі және 1961 жылы бортында адамы бар алғашқы «Восток» ғарыш зымыраны көкке көтерілді.Айлақтан 100-деген зымыран-тасығыштар ұшты.
Ғарыш айлағының аспани даңғылы Ресей мен оған шектес мемлекеттер аумақтарын қамтиды. 
Ресей Байқоңырдан өзінің ғарыш кемелерінің 50 пайызын ұшырады. Бұрынғы КСРО-ның бас ғарыш айлағы Кеңестер елі ыдыраған соң Қазақ елінің меншігіне көшті.
Қазақстанның ғарыштық елдер қатарына қосылуы –осы саланың болашақ мамандарын әзірлеуді бүгіннен бастап қолға алуды қажет ететіні рас.Республикамызда техника саласының,әсіресе, ғарыштық кешендердің өз инженер-техниктері тапшы.Бұл олқылықты бір ғана Алматыдағы лицеймен,Астанадағы арнайы мектеппен және Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында білім берумен толтыру жеткіліксіз.Сондықтан,дамыған шет жұрттарда «Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарымызды ғарыш мамандықтарына молынан әзірлей түсу күн тәртібіне ерекше қойылуда. Жуковский атындағы Мәскеу Авиация институтының Байқоңырдағы филиалын әр жылы Қазақ елінен 10 жас маман бітіріп шығады.2005 жылғы мәліметтерге сүйенсек, «Болашақ» бағдарламасы негізінде ғарыш саласы бойынша 70-ке жуық жас мамандар шетелдерде оқу бітірген..
Космонавтика саласының алғашқы түсініктерін 5-11 сыныптар аясында оқытатын Алматыдағы арнайы лицейді тәмәмдаған 80 түлек бүгінде шетелдің, Ресейдің жоғарғы оқу орындарында және Мәскеудегі Бауман атындағы техникалық Университетте ғарыш саласына бейімделген факультеттерде білім алуда.
Алматыдағы лицейде қазір 200 шәкірт ғарыш зымырандары мен ғарыш айлақтары техникаларының бүгіні мен келешегіне қатысты білімдерді зерделеуде.Шиырып айтсақ,ұлтымыздың алғашқы ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтардың көк әлеміне сапарларын лайықты жалғастырар жас толқын,өндір ұрпақ жетіліп келеді.Қазақстанның ғарыштық елге айналуының тұғыры осылайша қалануда.
...Жер бетіндегі 6 миллиардтан астам адамның қазір 300-ден астамы ғана ғарышкер.Елімізде осынау ғажайып мамандықтың иелері әзірге екеу!..
2002 жылы қазақстандық алғашқы болашақ ғарышкерлер тобын таңдаудан соң,даярлау Орталығына 1972 жылы туған -Айдан Ақанұлы Айымбетов,1967 жылы туған- ұшқышы Мұхтар Рабатұлы Аймаханов алынды.
Мемлекеттік Туындағы көк аспанға қанатын керген қыранындай Күннен туған- Ғұн ұрпақтарының Ғарышқа самғаулары алда да абыройлы бола береріне күмән келтірмейміз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Facebook жабылады ма?