"Біз қазір өңірлер бойынша жұмыстан босағандардың картасын дайындауға кірістік. Бұл жерде кәсіпорындар және жұмысшылардың біліктілік санатына ерекше көңіл бөлінеді,- деп хабарлады ағымдағы жылдың 20 тамызында Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.
Оның айтуынша, әрбір кәсіпорындағы білікті маманды сақтап қалу үшін, Үкімет пен жергілікті әкімдіктер бірқатар қолдау шараларын іске асырады. - Егер де білікті жұмысшының жұмыс уақыты таңғы 08-ден кешкі 18-ге дейін есептелсе, біз оның жоғалтқан екі сағатына ақша төлейміз. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында білікті жұмысшыларға арнайы грант бөлінеді. Бұл грант жұмыс берушілерге білікті мамандарды қайта оқытуға, біліктілігін одан әрі көтеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, гранттың 80 пайызын мемлекет, 20 пайызын жұмыс берушінің өзі төлейді",- деп түсіндірді Б. Сағынтаев.
Дағдарыс кезеңінде мемлекет жастарды да қолдаусыз қалдырмайды. Аталған бағдарлама шеңберінде, Үкімет 18-бен 24 жас аралығындағы жастарды оқуға жібереді. Ең маңыздысы, оқу кезеңінде барлық жастардың жұмыс орындары толық сақталады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, біліктілігі төмен қарапайым жұмысшылар да назардан тыс қалмайды. Мысалы, олар бір жерден жұмыстан босатылса, онда мемлекеттік бағдарламалар бойынша басқа жерде жаңадан ашылатын жұмыс орындарына орналасуға құқылы болмақ. Яғни, осылайша Қазақстан Үкіметі жұмыссыздыққа жол бермеу шараларын іске асырады.
Айта кетелік, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы - бұл соңғы 8 жылда өзінің өміршеңдігін, тиімділігін дәлелдеген бағдарлама. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен алынған мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бері аталған бағдарлама аясында 82 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Соның ішінде, 63 мың адам - тұрақты жұмыс орындарын, 18,8 мың адам - уақытша жұмыс орындарын тапқан. Мысалы, жыл басынан бері 13,8 мың адам кәсіби оқуға, 7,7 мың адам жастар тәжірибесі бойынша біліктілігін көтеруге жіберілген. Сондай-ақ, 8,2 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген.
Бағдарламаның өміршеңдігін бірнеше бағыттан байқауға болады. Соның бірі - кәсіпкерлікке оқыту. 2015 жылдың басынан бері еліміздегі 2,2 мың адам кәсіпкерлік негіздерінен дәріс алып, соның ішіндегі 1377-сі өз өмірінде алғаш рет кәсіп ашыпты. Ал дәріс тыңдаған 2,2 мың адамның 2 мыңы 4,8 млрд. теңгеге мемлекеттен несие алып, жеке кәсіппен айналысуға тәуекел еткен. Атап айтарлығы, қазіргі кезде шалғай ауылдардағы 21 мыңнан астам қазақстандықтар «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп отыр. Қорыта айтсақ, осы бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері Қазақстандағы 461 мың адам өзіне жұмыс тапқан. Соның ішінде 60 пайызы - жұмыссыздар, 30 пайызы - өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, 9 пайызы - еңбекке жарамды әлеуметтік ахуалы төмен азаматтар. Демек, мұның өзі ел Үкіметінің батыл, алдын-ала ойластырылған шешімі дағдарыспен күрестегі тиімді қару екенін дәлелдеуде.
Мемлекет басшысы өз жолдауында Халықты жұмыспен қамтудың түбегейлі жаңа стратегиясынәзірлеу міндетін жүктеді.
Ағымдағы жылғы 15 ақпанда өткен Үкімет отырысында Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының жобасы мақұлданды. Бағдарламаны және бағдарлама міндеттерінен туындайтын барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді 2011 жылғы 1 мамырға дейін қабылдау жоспарланған. Бағдарлама 2011 жылғы 1 шілдеден бастап іске асырылады.
Бағдарламаның мақсаты- жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру.
Міндеттері:
Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тарту; Индустриализациялау бағдарламасын іске асыру үшін кадр әлеуетін дамыту; Атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.Бағдарламаны іске асыру бірінші кезекте оқытуға, жұмысқа орналастыруға, тұрғылықты жері бойынша өзінің жеке ісін ашуды ұйымдастыруға жәрдемдесуге, ал мұндай мүмкіндіктер болмаған жағдайда, экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесуге бағытталған.
Бағдарламаны іске асыру мынадай үш бағытта жүзеге асырылатын болады:
Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және еңбек нарығында олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.Бағдарламаны үш кезеңде іске асыру ұсынылады:
2011 жыл пилоттық жыл болады, бұл Бағдарламаны іске асыру механизмдері мен оны құқықтық қамтамасыз етуді пысықтауға мүмкіндік туғызады.
Екінші кезең: 2012-2015 жылдар және үшінші кезең 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін.
Бағдарламаны іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.
Бағдарламаға қатысушылардың өзара міндеттемелері әлеуметтік келісімшарттармен бекітіледі.
Индустрияландыру картасы жобалары мен Бизнестің жол картасы - 2020 бағдарламасында бар және құрылатын жұмыс орындарын нақты пайдалану үшін ағымдағы және перспективалық жұмыс орындарының автоматтандырылған дерекқоры жұмыс істейді.
Бағдарламаның бірінші бағыты азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу арқылы олардың жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтылуын қамтамасыз етуді көздейді және өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдарды қамтитын болады.
Бағдарламаға қатысудың басым мүмкіндіктері ауыл жастарына беріледі.
Бірінші бағытқа қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетілетін болады:
- тегін кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жолдау;
- оқу және тұру орнына дейін жолақысын төлеуге субсидия беру;
- лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуға жәрдемдесу;
- психологиялық бейімдеу.
Іске асыру механизмі:
Бағдарламаның әлеуетті қатысушылары құжаттардың қажетті тізбесін ұсына отырып, Бағдарламаға қатысу туралы өтінішпен жергілікті жұмыспен қамту органдарына өтініш білдіреді.
Жергілікті жұмыспен қамту органдары берілген өтініштердің негізінде әлеуетті қатысушылардың тізімін қалыптастырады.
Қалыптастырылған тізімдер мен әлеуетті қатысушылар туралы мәліметтер аудандық (қалалық) комиссияның қарауына жіберіледі.
Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижесі бойынша Комиссия мүшелеріөтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылар қатарына қосу не өтініш беруші Бағдарламаның бірінші бағытына қатысу критерийлеріне сәйкес келмеген жағдайда, одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Аудандық комиссия отырыстары хаттамаларының көшірмелері жергілікті жұмыспен қамту органдарына жіберіледі.
Бағдарламаның әлеуетті қатысушыларын анықтау мен өтініш иесін Бағдарламаға қосу жөнінде шешім аудандық (қалалық) деңгейде қабылданатын болады.
Бағдарламаның әрбір қатысушысымен жұмысқа орналасуды қоса алғанда, өзара міндеттемелер туралы шарт болып табылатын әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Егер Бағдарламаға қатысушы кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналаса алмаса, оған Бағдарламаның екінші немесе үшінші бағыттарына қатысу ұсынылады.
Екінші бағыттың мақсаты жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру болып табылады.
Жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар азаматтар Бағдарламаның қатысушылары бола алады. Жеке ісін ауылда ұйымдастыруды қалайтындарға басымдық беріледі.
Осы бағыт бойынша мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетілетін болады:
- консультациялық қызмет көрсету;
- кәсіпкерлік негіздерін оқыту;
- Шағын несие беру;
- жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту және жайластыру.
Шағын несие беру– ауылда кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі механизмі болады.
Шағын несие қайтарымдылық негізінде 3 млн. теңге сомасында 5 жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
Шағын несие жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту үшін беріледі, бұл ретте, ол тұтынушылық мақсаттарға, басқа кредиттерді өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй алуға берілмейді.
Соңғы қарыз алушыға кредит бойынша пайыздарды төлеу және негізгі қарызды өтеу бойынша он сегіз айға дейінгі мерзімге жеңілдікті кезең ұсынылады.
Микроқаржы ұйымдарын іріктеуді конкурстық негізде нақты жергілікті атқарушы органдар арқылы уәкілетті орган жүргізеді.
Соңғы қарыз алушы үшін Шағын несие бойынша жылдық тиімді пайыздық ставканы өңірлік комиссиямен келісе отырып, уәкілетті өңірлік ұйым белгілейді.
Шағын несие беру механизмі:
1) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органға бюджеттік кредит береді.
2) Жергілікті атқарушы орган Шағын несие беруді ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті өңірлік ұйымды өзі айқындайды.
3) Уәкілетті өңірлік ұйым микроқаржы ұйымдарына кредит берудің белгіленген ережесіне сәйкес Бағдарламаға қатысу үшін микроқаржы ұйымдарын іріктеу бойынша ашық конкурс өткізеді.
4) Уәкілетті өңірлік ұйым мен микроқаржы ұйымдары арасында кредит беру туралы шарт жасалады.
5) Бағдарламаның әлеуетті қатысушысы жергілікті жұмыспен қамту органының жолдауы бойынша Шағын несие беру туралы өтініммен Бағдарламаға қатысушы микроқаржы ұйымына өтініш білдіреді.
6) Микроқаржы ұйымы жобаға бағалау жүргізеді және қаржыландыру мүмкіндігі (немесе мүмкін емес екені) туралы шешім қабылдайды.
7) Оң баға алған жобалар бойынша қаржыландыру осы Бағдарламада көзделген шарттарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен микроқаржы ұйымдарына кредит беру ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Ауылдағы кәсіпкерлік объектілеріне қолданылып жүрген инфрақұрылымдарына (яғни, телефон және электр жүйелерінің құбырлары, жылу және сумен жабдықтау) қосымша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу қажет болған жағдайда, бұл шығыстарды егер ол елді мекенді салу жоспарына сәйкес болса, мемлекет өзіне ала алады.
Оның құны бизнес жобаның құнынан аспауы керек.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның дамытылуын қамтамасыз ету механизмі:
1) Жергілікті атқарушы орган инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органды өзі айқындайды.
2) Бағдарламаға қатысушылар жергілікті жұмыспен қамту органына қажеттілігі негіздемесімен қоса, жобаны инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету туралы өтініммен өтініш береді.
3) Жергілікті жұмыспен қамту органы қалыптастырған өтінімдердің тізімін аудандық (қалалық) комиссиялардың қарауына енгізеді (болған жағдайда).
4) Аудандық (қалалық) комиссия (немесе инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті орган) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуды немесе реконструкциялауды қаржыландыру мүмкіндігі (немесе мүмкін емес екені) туралы шешім қабылдайды және оны жергілікті жұмыспен қамту органдарына және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
5) Оң қорытынды алған жобалар бойынша өтініш беруші мен инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органның арасында тиісті шарт жасалады.
6) Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу немесе реконструкциялау қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
7) Шартта көзделген инфрақұрылымдық жобаның іске асырылуына мониторинг жүргізу инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органға жүктеледі.
Үшінші бағыт Бағдарламағақатысушылардың жоғарыда айтылған екі бағыттан өткен соң жалдамалы еңбекпен немесе жеке іспен айналысуға нақты мүмкіндігі болмаған жағдайға арналған.
Экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшуге жәрдемдесу:
бір ауданның ішінде;
бір облыс шегіндегі бір ауданнан басқа ауданға жүзеге асырылуы мүмкін.
Басым құқықты ауыл жастары иеленетін болады.
Қоныс аударуға қатысуға мынадай критерийлер белгіленеді:
- қатысушы өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар не еңбекке жарамды табысы аз адамдар қатарынан болуы тиіс;
экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерде тұруға тиіс;
айлық жиынтық табысы бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысына шаққанда ең төмен күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.
Еңбек нарығындағы нақты жағдайларды ескере отырып, жұмыстар вахталық әдіспен ұйымдастырылуы мүмкін.
Мұндай жағдайда мынадай қолдау түрлері ұсынылады:
қоныс аударуға субсидия беру;
сатып алу мүмкіндігімен, үлгілік жалға берілетін тұрғын үй беру;
осы бағдарлама шеңберінде жаңа тұрғылықты жерінде қайта даярлау курстарынан өту;
психологиялық бейімдеу.
Барлық бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау түрлерін ұсыну тәртібі қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеп жатқан Ережеде толық бейнеленетін болады.
Жалға берілетін үлгілік тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысымен тікелей жергілікті атқарушы органдар айналысатын болады.
Өңірлер әкімдерінің ұсыныстарын ескере отырып, ертеректе басталған немесе бос тұрған нысандардарды жөндеуді аяқтау мүмкіндігі қарастырылды.
Нақты көшкеннен кейін аталған бағыттың қатысушысы Бағдарламаның бірінші немесе екінші бағыттарына қатыса алады.
Іске асыру механизмі:
Егер адамдар экономикалық әлеуеті төмен елді мекенде тұратын болса немесе Бағдарламаға қатысушыны Бағдарламаның бірінші және екінші бағыттары шеңберінде жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса, ол жергілікті жұмыспен қамту органына Ережеде белгіленген құжаттар тізбесін қоса отырып, қоныс аударуға өтініш бере алады. Жергілікті жұмыспен қамту органы Бағдарламаның үшінші бағытына қатысуға берілген құжаттарды іріктеу өлшеміне сәйкес қарайды, қоныс аударудың ықтимал жолдарын өтініш берушімен келіседі және көшетін жеріне байланысты құжаттарды өңірлік немесе аудандық (қалалық) комиссияға жолдайды. Өңірлік немесе аудандық (қалалық) комиссия өтініш білдірушілерді Бағдарламаға қатысушылардың тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды не енгізуден бас тартады және шешімді жергілікті жұмыспен қамту органына жібереді. Қоныс аудару бір облыс шегінде бір ауданнан басқа ауданға жүзеге асырылатын жағдайда, аудандық комиссия әлеуетті қатысушылардың тізімін Бағдарламаға қатысушылардың жалпы тізімін келісу және қалыптастыру үшін өңірлік комиссияға жолдайды.Өңірлік комиссия азаматтар мен оралмандарды бағдарламаның аталған бағыттарына қатысушылар қатарына қосу жөнінде түпкілікті шешім шығарады және тиісті ақпаратты аудандық комиссиялары мен жергілікті жұмыспен қамту органдарына жібереді.
Бағдарламаны іске асыруды басқару жоғарыдан төмен басқару құрылымына ие болады, оның құрамына Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы ведомствоаралық комиссия мен облыстық және аудандық деңгейдегі комиссиялар кіреді.
Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін аудандық (қалалық) деңгейде Халықты жұмыспен қамту орталықтарын құру жоспарлануда.
Мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесінде мемлекет, жұмыс беруші және кәсіподақтарға жауапкершілік жүктеледі. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде жаңа Еңбек кодексін түсіндіруге байланысты өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Министрліктің мәліметінше, мүгедектермен еңбек қатынастарын ырықтандыру бойынша қолданыстағы Заңға сәйкес жұмыс берушінің мүгедектерді жұмысқа алу міндеттемелерімен, олардың жұмыс орындарын құралдармен (дене мен ағза функцияларының бұзылуы мен шектеулерін ескере отырып) арнайы жабдықтаумен, сонымен қатар оларға қосымша демалыс уақытын (15 күннен кем емес), қысқартылған жұмыс уақытын (аптасына 36 сағаттан көп емес) белгілеумен, шамадан тыс жұмысқа тартуға тыйым салумен реттеледі. Тәжірибеде жоғарыда аталған талаптар мүгедектерді жұмысқа орналастыруға толыққанды мүмкіндік бермейді.
Атап айтқанда, Парламентте қарастырылып жатқан «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңнамада жұмыс берушілерге қызметкерлердің жалпы санынан 2-4 пайызды құрайтын мүгедектерді жұмысқа қабылдау үшін арнайы жабдықталған жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген квоталарды енгізуді міндеттеу қарастырылады. Сонымен қатар мүгедектердің жұмыс орнын қажетті арнайы құралдармен жабдықтауға арналған жұмыс берушінің шығындарын мемлекеттің субсидиялауы ұсынылады.
Өз кезегінде, мүгедектерді шамадан тыс жұмыстарға салуға тыйым салуды сақтау қарастырылады. Жұмыс уақыты мен қысқартылған жұмыс уақытының жалпы есебі (аптасына 36 сағаттан кем емес) өзгеріссіз қалады. Сонымен бірге I және II топтағы мүгедектердің қосымша демалысын 6 күнтізбелік күнге дейін қысқарту ұсынылады. Оны ұжымдық шарттар аясында ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған.
«Осылайша, жұмыс берушіге жүктелген белгілі жүктемені мемлекет, жұмыс беруші және кәсіподақтарға жауапкершілікті бөлу арқылы азайту нәтижесінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселелері шешімін табуға жол ашады», - дейді министрліктегілер.
Алматыда Медеу аудандық әкімдігі бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Бұл шара аудандағы әлеуметтік климатты жақсарту мен жұмыссыздардың санын азайту, ЖОО және орта оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамтуға бағытталған.
«Жәрмеңке Алматы қаласының даму бағдарламасы мен «Жұмыспен қамту картасы-2020» аясында өткізіліп отыр. Аталған бағдарламаға сәйкес әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы мүшелеріне әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралары көрсетілген. Бүгін 90 шақты жұмыс беруші келді. Оларда шамамен 1000 вакансия бар. Негізінен қызмет көрсету, құрылыс, сауда, көлік, қаржы салаларының кәсіпорындары қатысып отыр. Бос орындар жәрмеңкесі қалада ай сайын өткізіліп тұрады. Қазіргі күрделі экономикалық ахуал кезінде ондай жәрмеңкелердің атқарар рөлі зор деп санаймын. Маусым айында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап, мамырда ЖОО студенттеріне арнап бос орындар жәрмеңкесін өткіздік», - деді қалалық жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Айдынжан Нарматов. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкелердің тиімділігі өте жоғары. Егер адам күніне 1-2 компаниямен ғана хабарласатын болса, бос орындар жәрмеңкесінде бірнеше жұмыс берушімен тілдесе алады. Айта кету керек, басқарма мамандарының айтуынша, жыл басынан бері жәрмеңкелер арқылы 200 адам жұмыспен қамтылды.