Қыркүйек айында Алматы қаласындағы метроны пайдаланушылар саны 1 млн 13 мың 704 адамды құрады, деп хабарлайды «Метрополитен» КМК баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Бұл - жерасты жүрдек пойызы ашылғалы бері бір айда тіркелген рекордтық көрсеткіш.
Естеріңізде болса, өткен жылы осы уақыт аралығында 645 мыңға жуық жолаушы метромен жүрген.
Мамандардың айтуынша, метро қызметін белсенді пайдалану оқу жылының басталуымен тікелей байланысты екен.
Сондай-ақ, метромен жүруді құп көретін жолаушылар саны жылдан-жылға артып келеді. 2015 жылдың қаңтарынан бері жерасты жүрдек көлігі 2 млн 753 242 жолаушыны тасымалдаған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге артық болып отыр.