Шығыс Қазақстан облысының Катон-Қарағай ауданына келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін және туристерді тарту мақсатында әуежай салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BNews.kz.
ШҚО ақпарат орталығының мәліметіне сәйкес, әуежай Үлкен Нарын ауылында орналасады, деп жоспарлануда. Жергілікті әкімшілік халықаралық рейстерді ұйымдастыруды көздеп отыр.
Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме аяқталған. Алайда жобалық-сметалық құжаттама дайындау қажет болып отыр.
Аудан әкімі Қалиқан Байқонысовтың пікірінше, Катон-Қарағай табиғатының бірегейлігі туристік инфоқұрылымның дамуына мүмкіндік жасайды. Осы ретте ауданға келушілерге қызмет көрсетуді жақсарту үшін әуежай салу қажеттігі туындаған.
«Атап кетерлік жайт, осы жылы Катон-Қарағайға 15 мың адам келген. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 3,1%-ға жоғары», - делінген ШҚО ақпарат орталығының хабарламасында.