Мақтааралы АІІБ-де көлемді мереке болып өтті.
Мерекені атап өту ауданның құқық қорғау және сот органдары қызметкерлерінің арасында өткен спартакиададан басталды. 4 түрлі жарысқа 8 команда қатысқан. Полицейлер мен судьялар шағын футбол, арқан тарту, армреслинг және кір тастарын көтеруден сайысты. Нәтижесінде, бірінші жалпыкомандалық орынды Мақтаарал АІІБ жеңіп алды, спорттың әр түрінде және жеке біріншіліктердің үздіктері марапатталды.
Спартакиада жеңімпаздарын марапаттаудан кейін қызмет жолын енді бастап келе жатқан полицейлер үшін маңызды сәт басталды. Мақтаарал АІІБ-нің 6 жас қызметкері Отан алдындағы қызметтік борышын лайықты атқару антын қабылдады. Ал жергілікті драма театрында өткен салтанатты жиналыста жұмыста ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.
«Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Біздің басқармамызда жедел жағдайға, полицейлердің кәсіби даярлығына, материалдық-техникалық жабдықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Ауданда барлық қылмыстар деңгейінің төмендеуі байқалып отырғанын атап өту керек. Бүгінде бізде 400-ден астам полиция қызметкері, ал 24 ауылдық округте тәулік бойы учаскелік пункттер жұмыс істеп отыр», − деді Мақтаарал АІІБ-нің бастығы, полковник Серік Шалқаров.
Кәсіби мерекенің құрметіне АІІБ-нің жұмыста көзге ерекше түскен 30-дан астам қызметкері аудандық әкімдіктің, мәслихаттың және «Нұр Отан» партиясының грамоталары мен бағалы сыйлықтарын алды.
Мерекені Ордабасы ауданының тәртіп сақшылары да жақсы атап өтті. Орталық алаңда ант қабылдау рәсімі болып өтті. Болашақ полицейлер қылмыспен күрес жүргізуге, қызметтік борышын адал атқаруға ант берді. Одан кейін мереке жергілікті Мәдениет үйінде жалғасты. Полицейлерді «үздік тергеуші», «үздік жедел өкілетті қызметші», «үздік учаскелік инспектор», және «үздік күзет қызметкері» аталымдарында марапаттап өтті. Ордабасы аудандық ІІБ-нің бастығы Құрманбек Саховтың қызметтік міндеттерді адал атқарғаны үшін «Бауыржан Момышұлының батыр шапағаты» және «Қазақстандық мәслихатқа 20 жыл» құрмет медальдарын алғанын атап өту керек.