$ 449.58  486.94  4.86

Қызылордада көпбалалы аналар билікке талап қойды

9 ақпанда Қызылорда қаласында Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары, Қызылорда қаласы әкімі, облыстық мәслихат хатшысы, "Нұр отан" партиясы өкілдері ашық есік күнін өткізді. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаладағы мәдениет үйінде өткен шараға 200-ден астам тұрғын келген. Олардың басым бөлігі - көп балалы аналар мен жалғыз басты аналар.

"Жиын басында түсініспеушілік болып, шиеленіспен басталған еді. Бірақ біз ортақ шешімге келіп, айқай-шумен мәселе шешілмейтінін айтып, сөйлесіп мән-жайды бірлесіп шешуге келістік. Жиналған тұрғындар Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары мен Қызылорда қаласы әкімінінің қабылдауында өз талап-тілектерін жеткізді" деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов.

Келушілер көп балалы аналар мен жалғыз басты аналарға тегін баспана беруді, коммуналдық қызметтер мен салықты азайтуды, жәрдемақы арттыруды сұраған.

Билік өкілдері мәселелер қаралатынын, жауап берілетін айтқан.

6 ақпанда Астанада аналар жиналып, өздерінің билікке жәрдемақы өсіру, баспана мәселесін шешу сынды талаптарын қойған. Олармен кездесуге билік тарапынан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев шыққан. 8 ақпанда Алматы, Қызылорда, Ақтөбеде бір топ ана әкімдікке барып, билікке балаға төленетін жәрдемақыны көбейту, көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету және өзге әлеуметтік проблемаларды шешуді талап еткен.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.

6 ақпанда Қазақстан үкіметі ел азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек үйі жоқ көп балалы отбасыларға пәтер салуға қаржы іздестіріліп жатқанын айтты.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары