Мемлекет басшысы Еліміздің дамуы үшін және әлемде алдыңғы қатарлы елдермен тең терезелі болу мақсатында көптеген оң шешім, батыл қадамдар жасаумен келеді. Соның бірі - Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, негізгі бағыттан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары.
Бұл реформа Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Осы реформаны халыққа түсіндіру мақсатында жуырда Мақтаарал ауданындағы Асықата және Мырзакент елдімекенінің халқымен «100 нақты қадам: Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты кездесу өтті. Оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіні ұйымдастырды. Бұл туралы департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – Елбасының ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құруға» негізделген бірінші институционалдық реформаны кеңінен насихаттау, мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру мен мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіруге бағытталған реформаны қалың бұқара халыққа тереңінен түсіндіру болып табылады.
Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары, кәсіпорын өкілдері, кәсіпкерлер және жергілікті елдімекендердің тұрғындары қатысты.
Жергілікті халықпен кездесу барысында, департаменттің Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Қ.Құлажанов Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бойынша баяндама жасады. Мәселен, мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерін орталықтандыра отырып, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу көзделуде.
Бұл тұста, «Б» корпусындағылар бір мекемеден екінші мекемеге ауысуды былай қойғанда, сол мекеменің ішінде сатылық өсуде міндетті түрде ашық конкурстан өтетін болады. Бұл қағида тек бірінші басшының көмекшісі, кеңесшісі және баспасөз хатшыларына жүрмейтіндігін атап өтті.
Сондай-ақ, департаменттің бөлім басшысы Г.Мұсабекова Елбасы жариялаған реформаның жаһандық дағдарыс, әлемдік саяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында уақтылы қабылданған шешім екенін жеткізді.
Іс-шара соңында, аталған реформаның нәтижелі іске асырылуы үшін бүкілхалықтық қолдау табу және бұқара халықтың барлығының белсенді қатысуына шақырды.