Бәйдібек аудандық Мәдениет сарайында «Біздің міндет - халыққа қызмет» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті, - деп хабарлады Бәйдібек ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметі. Жиынды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасы ұйымдастырды.
- Елбасының Ұлт жоспары «100 нақты қадам» тұжырымдамасының алғашқы қадамы кәсіби мемлекеттік ақпарат құрудан басталады. Демек, мемлекеттік аппараттың құрамдас бөлігі болып табылатын мемлекеттік қызметшілерге бұрынғыдан да мол сенім артылып, жауапты міндеттер жүктелді деген сөз. Қоғам мен мемлекеттің арасын байланыстыратын мемлекеттік қызметшілер, - деп бастады өз сөзін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Түркістан аймағы бойынша ауданаралық басқармасының консультанты А.Жұмағұлов.
Ол аталмыш басқосудың мақсаты жастарды мемлекеттік қызметке тарту, мемлекеттік қызметке бүгінгі жастардың көзқарасы, ынта-ықыласы қандай екенін білу және оларды толғандырған сауалдар бойынша ой-пікір бөлісу екенін тілге тиек етті.
Басқарма консультанты қазіргі таңда Бәйдібек ауданында осы сала бойынша 26 мемлекеттік қызметкердің бос орыны бар екенін, мемлекеттік қызметке орналасу конкурстық негізде жүргізілетіндігін түсіндірді.
Аудан әкімдіктерінен келген жастар өкілдерінің басқосуымен өткізілген «дөңгелек үстелде» сан алуан пікірлер мен ұсыныстар айтылды.
Мемлекеттік қызметке үміткер жастардың талабын қайтаратын тест жүйесін оңтайландыру, мемлекеттік қызметке қабылданатын жас маманды үш жыл мерзімге сынақпен алып, тесті содан кейін ғана тапсыру және оларға әлеуметтік жағдай жасау секілді ұсыныстар айтылды.
Аудан әкімім аппараты персоналды басқару бөлімінің басшысы Б.Жанғазиев бос орындарға байланысты «дөңгелек үстелге» қатысушылардан түскен сауалдарға жауап берді.