Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жанындағы Қоғамдық кеңес консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Аталмыш кеңес мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдау, қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру, мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен өзара іс-қимылын жандандыруды мақсат етеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Талдау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бөлімінің консультанты Мадина Досжанова хабарлады.
Оның мәлімдеуінше, Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың, қоғам қайраткерлерінің және ел тұрғындарының күштерін азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, халықтың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын оңайлатуға және қоғам өмірінің барлық салаларында халықты қолжетімді жоғары сапалы қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған, мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігін және сапасын бақылауды қамтамасыз етуге біріктірумен айналысады.
Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізілетін жұмыстар шегінде, сондай-ақ халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде мемлекетпен және азаматтық қоғаммен кері байланысты қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалармен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жасасу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-кимыл шараларын жетілдіруге және мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсынуын дамытуға бағытталған азаматтық қоғамның ұсыныстарын талдау Қоғамдық кеңестің міндеттеріне кіреді.
– Қоғамдық кеңес туралы Ережеге сәйкес оның отырысы жылына кемінде екі рет өткізіледі. Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы Қоғамдық кеңес Төрағасының шешімі, Департамент басшысының немесе Қоғамдық кеңес мүшелерінің үштен бірінен астамының бастамасы бойынша өткізілуі мүмкін, - деп түсіндірді ол.
М.Досжанованың айтуынша, Қоғамдық кеңестің төрағасы Қоғамдық кеңестің жұмыс тәртібін белгілейді және оны өткізу күнін тағайындайды. Қоғамдық кеңестің отырысын, әдетте, Қоғамдық кеңес Төрағасы ашады және жүргізеді. Егер Қоғамдық кеңестің жұмысына Қоғамдық кеңес мүшелерінің жалпы санынан кемінде жартысы қатысатын болса, ол заңды болып табылады. Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары бойынша отырыстың күн тәртібі толықтырылуы немесе өзгертілуі мүмкін. Қоғамдық кеңестің шешімдері, оның ішінде рәсімдік мәселелер бойынша шешімдері отырысқа қатысқан Қоғамдық кеңес мүшелерінің көпшілік дауысы арқылы қабылданады. Қоғамдық кеңестің шешімдері, әдетте, оның отырыстарында ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Қоғамдық кеңеспен қабылданатын шешімдер хаттамамен рәсімделеді және ұсынымдық сипатта болады.