Бүгінде кез келген елдің жақсы өмір сүруі, табысты болуы оның басқа мемлекеттермен, әсіресе, көрші елдермен қарым-қатынасына, өзара ынтымақтастық дәрежесіне байланысты. Сондықтан да, әлемдегі интеграциялық үрдіс үнемі қарқынды дамудың ең пәрменді жолы ретінде қарастырылып келеді. Мұндайда: «Қоңсысы дұрыстың – қосы дұрыс» демекші, аймақтық интеграцияның алатын орны ерекше.
Қазіргі таңда әлемде көптеген интеграциялық ұйымдар бар. Олардың басым көпшілігі экономикалық бағытқа негізделген. Атап айтар болсақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ), Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ), Еуропалық одақ (ЕО), Мұнай өнімдерін экспорттаушы ұйым (ОПЕК), Үлкен Араб аймағының еркін саудасы (PAN-ARAB), Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясы (ASEAN), Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (APEK) және т.б. Аты аталған интеграциялық ұйымдардың біразымен біздің еліміз тығыз байланыс орнатуда. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстан Республикасы өзінің ХХI ғасырдағы табысқа жетуінің кілті төмендегі мәселелермен тікелей байланысты екенін айқындаған мемлекет. Олар – жаңғыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту, инновация мен ғылыми жаңалықтар, сондай-ақ, интеграция мен әлемге ашық әрі еркін қарым-қатынастар жасау.
1994 жылғы наурыз айында, терең аса тарихы бар М. В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі беделді мінберден аса білікті ғалымдар алдында тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Еуразиялық стратегиялық идеясын жария етті. Ол бүгінде табаны күректей жиырма жылдық эволюциялық жолдан өтіп, бірқатар тәжірибе жинақталды. Бұл жоба уақыт сынынан өтіп, жаңа үлгіде жүзеге асуда. «Еуразиялық жобаның» ең басты жетістігі интеграциялық тұшымды іс-қимылдар болып табылатындығы дәлелденді. Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы Президент Н.Ә.Назарбаевтың алысты болжай білетін көреген саясаткерлігі мен заман тынысын дөп басатын кемеңгерлік қасиетін айдай әлемге айқын танытты.
Еуразиялық экономикалық одақ – бұл бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сұранысымен өлшенетін мегажоба. Оның қалыптасуы жаңа әлемдік архитектураның бөлінбес бөлігі ретінде адамзат тарихындағы ғаламдық ең күшті экономикалық-қаржы дағдарысына қарсы күрес үрдісінен бастау алады. Бұл – ой мен тәжірибенің бірлігі, жүйелі түрде, сатылай және талмай тұрақты түрде алға ұмтылудың нәтижесі. Әрі бұл жоба посткеңестік кеңістікте «Нұрсұлтан Назарбаевтың жобасы» деп аталып, Қазақстан оның отаны ретінде танылды. Өйткені, Қазақстан Көшбасшысының барлық интеграциялық үрдістердің бастамашысы және көптеген жаңашыл жобалардың, тың идеялардың авторы екенін бүкіл әлем біледі. Атап айтсақ, ТМД, АӨСШҚ, ШЫҰ және тағы басқа қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық біздің Елбасымыздың ықпалымен өмірге келген құрылымдар. Олар ықпалдасудың тұрақты да тиянақты дамудағы маңызды құралы ретінде тек аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де ерекше орны бар ұйымдар екенін уақыт өзі мойындап отыр.
Алғашында мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің идеясының уақыт талабымен үндес екенін, интеграцияның қажеттілігін алдымен көршілес елдердің көшбасшыларына дәлелдеді. «Бүгінде, Достастықтың барлық елдері әлемдік дағдарысқа қарсы тұрудың жолдарын іздестіріп жатқанда, экономикалық проблемаларды жеке-дара жүріп еңсеруге болмайтынына көз жеткен кезде, тағдыр еуразиялық интеграция тұжырымдамасының көкейкестілігін тағы бір рет тиянақтап отыр», – деп жазған еді Елбасы «Еуразиялық экономикалық одақ: теория әлде нақтылық» атты мақаласында. Президент сол кезде: «Сіздің идеяңызды қолдамайды деп қорықпайсыз ба?» – деген сұраққа: «Қорықпаймын. Бүгін болмаса да ертең қолдайды. Біздер бұдан ешқайда кетпейміз…», – деп жауап берген болатын. Міне, сол бүгін ақиқатқа айналып отыр.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Біз ХХІ ғасырдағы жаһандық сын-қатерлерге еуразиялық интеграцияны тереңдетумен жауап берудеміз. Біз Ресеймен және Беларусьпен бірге Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырдық, Еуразиялық экономикалық одақ құруға келе жатырмыз. Бұл – жалпы өңірлік тұрақтылықтың, біздің экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы. Біз ТМД-ның басқа мемлекеттерінің еуразиялық интеграцияға қосылуға ұмтылысын қолдауға дайынбыз», – деп атап көрсетті.
2014 жылғы 29 мамырдағы Қазақстан, Беларусь, Ресей мемлекеттерінің басшылары салтанатты жағдайда Астана қаласында қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың өзекті мәселелері мен елдердің осы бірлестік аясындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттары жөнінде төмендегідей пайымдаулар жасауға болады.
Бұл тарихи құжат ХХI ғасырдың ерекше мегажобасы ретінде болашақта тиісті бағасын алатынына еш күмән жоқ. Құжат 4 бөлім, 28 тарау, 118 баптан және 28 қосымшадан, жалпы 700 беттен тұрады. Онда халықаралық ұйымдарға тән, тәуелсіз елдердің қатысу ұстанымдары, территориялық тұтастығы, әсіресе, Одаққа мүше мемлекеттердің саяси ерекшеліктеріне құрметпен қарау секілді мәселелердің базалық негіздері арқау етілген.
Қазіргі кезеңдегі Еуразиялық экономикалық одаққа деген қоғамдық көзқарастың әртүрлі болуы заңды да. Бұл жерде еліміздің кейбір белсенділерінің айтып жүргеніндей, Экономикалық одақ – КСРО-ға қайта оралу, билік Ресейдің ықпалына түсіп, яғни тәуелсіздіктен айырмайды. Өйткені, Кеден одағына қатысушы мемлекеттер одақтың экономикалық шекарасын нақты белгіледі. Ал Еуразиялық экономикалық одақ – бұл шын мәніндегі экономикалық құрылым, ал оның негізінде қандай да бір саяси ұстаным немесе саяси блок құрылуы еш мүмкін емес.
Бұл қадамның тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған нақты іс-шара екенін түсініп, Елбасының бастамасына барша қауым, тұтас қоғам болып қолдау көрсетіп отыр. Және осы Одақ аясында саяси құрылымдар – «ортақ парламент», «ортақ азаматтық» секілді мәселелер болмайтынын ескерген орынды. Оның үстіне, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау баурайында берген сұхбатында тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін кез келген одақтан шығып кете алатынымызды айтқанын көңілге медеу тұтқанымыз дұрыс.
Бұл жоба Елбасының туған халқының төрткүл дүние көшінен қалып қоймасын деген ізгі ниетпен күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүріп жасаған сан жылғы қажырлы еңбегінің бір парасы екенін түсінгеніміз жөн. Бұл жөнінде Ресей Президенті В.В. Путин: «Еуразиялық идеяның, Еуразиялық мемлекеттер одағының ғана емес, Еуразиялық экономикалық қауымдастық пен Еуразиялық экономикалық одақ идеясының авторы – Н.Ә.Назарбаев», – деп жиі айтып жүр.
Бұл жоба шын мәнінде қалыптасқан мемлекеттің бастамасымен қабылданған ХХI ғасырдың алғашқы ширегіндегі айрықша тарихи мәні бар шешім. Онда оған қатысушы елдердің әрқайсысының ұлттық мүдделері ескерілген. Интеграциялық жаңа ұйым бұл Одаққа мүше мемлекеттердің егемендігін сақтай отырып, Қазақстан, Беларусь және Ресейді, өзге үміткерлерді интеграцияның жаңа деңгейіне шығарады деген сенім бар. Онда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер халықтарының талап-тілектері жан-жақты талқылаудан өтіп, олар ескеріліп отыр. Бұл орайда, ең бастысы – саяси тәуелсіздік, егемендік, мемлекеттің тұрақтылығы. Одақтың құрамына әрбір ел ортақ іске тәуелсіз және егемен мемлекеттер ретінде қатысады.
Одаққа мүше мемлекеттердің тілдері мәселесіне тоқталар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі барлық халықаралық келісімдер, Комиссияның міндетті сипаттағы күші бар шешімдерінің барлығы бірден тараптардың әрқайсысының мемлекеттік тілдеріне аударылатын болады. Сондықтан тілдік қағидаттар жөнінде ешқандай кемсітушіліктерге жол берілмейді. Ал өзіміздің ана тіліміздің дамуы біздің өз қолымызда. Ол үшін біз тіліміздің мемлекеттік мәртебесін нығайту жолында аянбай әрекет етуіміз керек. Сондықтан, ұлттық келбетімізді сақтап қалуда қазақ тілінің қолданылу аясына ерекше көңіл аудару әрбір қазақстандықтың патриоттық міндеті деп түсінгеніміз абзал.
Әрине, бұл интеграциялық ұйымды құрудың жолы оңай болмағаны айтпаса да белгілі. Еуразиялық экономикалық одақты ұйымдастыру барысында осыдан екі жылдай бұрын Ресейде ұлтүстілік парламент құру жөнінде әңгіме қозғалған болатын. Бірақ, бұл идеяны Қазақстан мен Беларусь парламентшілері қолдай қоймады. Кейіннен ол басқаша түрде шешімін тапты. Шартқа қол қою барысында Еуразиялық экономикалық одақтың ұлтүстілік реттеуші органы ретінде Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс жүргізу тәртібі бекітілді. Ол Комиссия Мәскеуде орналасып, онда Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық орталығы (штаб-пәтері) болатын болды. Минскіде Еуразиялық сот орналасады. Яғни, Одақтың құқықтық құрылымдары сонда шоғырланады. Ал Алматыда 2025 жылдан бастап Одақтың қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлтүстілік органы орын теппек. Бұл да өркениетті консенсустың айқын көрінісі іспетті.
Одақтың атқарушы органдарындағы кадр саясаты тараптардың тең қамтылуы қағидаты негізінде ескеріліп, жұмысқа білікті мамандар тарту конкурстық негізде жүргізілетін болады. Комиссия қызметкерлері халықаралық мәртебені иеленеді. Лауазымды тұлғалар бойынша әрбір тарап тең дәрежеде болу нормалары бекітілген. Комиссия аппаратында жұмыс істеуге тілек білдірген үміткерлерге арнайы ақпараттық сайт ашылған, сол жұмыс жасайды. Бұған қазірден бастап-ақ Қазақстан, Беларусь, Ресей азаматтары іріктеуге қатысуға құқықтары бар.
Біз – «Көрші ақысы – құдай ақысы», «Жақсы көрші жаман туыстан артық» деп өскен, құдайы көршілермен достық, татулық, ынтымақтастық қарым-қатынасқа ерекше мән берген өрелі халықтың өкіліміз. Сондықтан бұл интеграциялық ынтымақтастықтың бізге берері мол болуы керек. Біріншіден, бұл, жоғарыда аталғанындай, тек экономикалық одақ болып табылады. Оған қатысушы елдердің әл-ауқаты мен тұрмыс-жағдайын, экономикасын өркендетеді. Сол арқылы кәсіпкерлік дамиды, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Қазақстан үшін 9 есе үлкен байтақ нарық базары, яғни 170 миллион адамды құрайтын алып кеңістікке жол ашылады.
Екіншіден, әрбір елдің экономикалық мүмкіндіктері, интеграциялық байланыстары, барыс-келісі көбейіп, алыс-берісі қарқынды дамиды. Бұл Одақтың геостратегиялық жағынан да айрықша маңызы зор. Қазақстанның Еуропа елдерінің тұтыну нарықтарына шығуға және Қытай мен Еуразиялық одақтың қуатты экономикалары арасындағы байланысты қамтамасыз ететін буын болуына кең мүмкіндік береді.
Үшіншіден, ұлттық экономикамызды көтермелеу үшін ірі, ұсақ деген мәселе болмауы керек, сондықтан да, онда барлық мәселелер жан-жақты таразыға салынып ескеріледі. Осы тұрғыда мұндай мүмкіндіктерді біз жаңа экономикалық одақтың бағыт-бағдарынан байқап-көріп отырмыз.
Төртіншіден, ХХІ ғасырдың алғашқы жартысында Одақтың алдындағы басты миссиясы – оның ашық экономикалық қоғамдастық ретінде әлемнің аса маңызды экономикалық макроаймағына айналу. Ол, сайып келгенде, Еуропа мен Азияның «экономикалық алтын көпірі» болатын сапаға қол жеткізу арқылы одаққа мүше мемлекеттердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру.
Бесіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ өзіне мүше елдер арасында әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық, әсіресе, оқу-білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыта түсуге де игі әсерін тигізетіні сөзсіз. Бүгіннің өзінде Қазақстан, Беларусь, Ресей арасында жоғары, орта және кәсіптік білім туралы дипломдарды ешқандай нострификациясыз өзара тану туралы келісім бекітіліп отыр. Сондай-ақ, үш елдің азаматтарына Одаққа мүше кез келген елдің жоғары оқу орындарында білім алуға теңдей құқық берілген.
Әлемдік тәжірибеде интеграцияланудың көптеген формалары бар. Ал жоғарыда аталған жайттар Еуразиялық экономикалық одақтың олардан нақтылы айырмашылықтары болатынын айғақтайды. Осы ретте әлемдік интеграцияланудың үздік тәжірибелерін өзімізге сәйкестендіріп қолдана білудің маңызы зор екенін мойындаған абзал. Өйткені, соның нәтижесінде осынау Еуразиялық одақтың өз ерекшеліктері мен артықшылықтарын көрсете білеміз. Әсіресе, мұнда Еуропалық одақтың жіберген кемшіліктерін қайталамау маңызды. Әлемдік экономиканың тұрақты дамуы осындай жаңа мүмкіндіктер ашудан көрінеді. Еуразиялық экономикалық одақ өзіне мүше елдердің қарапайым тұрғындарына ауыртпалық емес, игілік әкелуге қызмет ететін болады.
Еуразиялық экономикалық одақ өзге елдер үшін ашық құрылым болып табылады. Қазірдің өзінде Еуразиялық экономикалық одаққа Армения мен Қырғызстан қосылды. Бұл одақтың өміршеңдігін көрсетіп отыр.
Тағы бір ескере кетерлік жайт, мұндай маңызды шешім мен экономикалық одақтың құрылуының өзі осы идеяның отаны болып отырған Қазақстан жерінде, оның жаңа елордасы Астана қаласында жүзеге асуы да әділеттіліктің бір көрінісі іспетті. Астана – Еуразия құрлығының ортасында орналасқан, бүгінгі заманның ең жас елордасы. Онда тарихи мәні зор көптеген саяси шешімдер мен халықаралық құжаттар қабылданған. Атап айтқанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдардың саммиттері, дәстүрлі Еуразиялық медиафорумдар өтті. Астана болашақта ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің мерейлі мекеніне айналады.
Жер шарының ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі, энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестіктің қазіргі жағдайына үңілер болсақ, жаңа одақ құрып отырған алғашқы үштіктің ортасында жақсы үнқатысу, салиқалы түсіністік, мәмілелі келісім қалыптасқан. Сондай-ақ, мұндай үрдістер мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастар арқылы да жалғасын табуда. Осы жағдайлардың барлығы Одақ мүшелеріне технологиялық тұрғыдан кооперациялануымызға жаңа жол сілтеп отырғандай. Әрине, бұл кооперациялану тек шикізаттық бағытта ғана емес, күрделі технологиялар мен инновациялық инфрақұрылымдар жасау бағытында да алға басатындығы анық.
Болашақта әлемнің алға қарай қарыштап ілгерілеуі интеграцияның даму үрдісімен анықталары анық. Кімде-кім ықпалдасудан тыс болса, өркениет дамуынан шет қалары сөзсіз. Бүкіләлемдік қауымдастық бүгінде Қазақстанды беделді әрі ғаламдық үдерістерге ықпал ете алатын мемлекет ретінде таниды. Біздің еліміз – бәсекелестікке қабілетті, әлемдік қауымдастықтағы мерейі үстем мемлекет. Елбасымыздың идеясымен өмірге жолдама алған осынау Еуразиялық экономикалық одақ – шын мәніндегі ХХI ғасырдың әлемдік деңгейдегі мегажобасы ретінде өзінің тарихи қызметін толыққанды орындайтыны даусыз.
Еске сала кетейік, 2014 жылы Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды және соған сәйкес мәлімдеме жасады.
Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды және соған сәйкес мәлімдеме жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев үш елдің халқын шартқа қол қойылуымен құттықтап, мемлекеттеріміз экономикалық әлеуетін халықтың өсіп-өркендеуі үшін біріктіріп отырғанын атап өтті. Ол бұның экономикалық одақ екенін және мүше-мемлекеттердің тәуелсіздігі мен саяси егемендігіне қатысы болмайтынын атап өтті.
Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи актіге Астанада қол қойылуының символдық мәні бар екеніне назар аударды.
– Астана Еуразияның дәл жүрек тұсында орналасқан. Бұл – қазіргі заманның ең жас елордасы. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдардың саммиттері өтті. Біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындалудамыз. Қазақстан еуразиялық интеграция идеясының ілгерілеуіне тарихи үлес қосты. Нақ осында ғасыр басында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды, біздің интеграциялық үдерісіміздің барысы мен қарқынын айқындаған бірқатар маңызды шешімдер қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың бесігі Астана болуының заңдылық екенін атап өтті.
– Бұл Қазақстан, Беларусь және Ресей халықтарының достығының, тату көршілестігінің, өзара қолдауының ұлы жылнамасының жалғасы болатынына менің еш шүбәм жоқ. Бізді ХХI ғасырда еуразиялық интеграция әлеуетін бірлесіп жүзеге асыру міндеті күтіп тұр, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастаманы өзінің алғаш М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жиырма жыл бұрын жария еткенін еске салды.
– Тек уақыт қана түбегейлі көз жеткізу қасиетіне ие. Жаңа еуразияшылдықтың екі онжылдық тарихының тәжірибесі осыны дәлелдейді. Еуразиялық интеграция идеясы Ресей және Беларусь Президенттерінен қолдау тапты. Дәл сондықтан да біз бүгінгі күнге – Шартқа қол қоюға жеттік, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық интеграцияның іс жүзіне асуы қазірдің өзінде оң нәтижелер бергенін айтты.
– Тек соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88%-ға өсіп, 24 млрд долларлық мөлшерге жетті. Еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63%-ға ұлғайып, 6 млрд доллар болды. Бұл абстрактілі сандар ғана емес. Олардың артында жүздеген нақты кәсіпорындар мен компаниялар, қазақстандық, беларусьтік және ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдың жаңа желілері тұр. Бұл – мыңдаған жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық және өзіне жаңа өткізу нарықтарын ашқан Қазақстан бизнесінің табыстылығының өсуі, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Армения мен Қырғызстанның да шартқа қосылу жөнінде нақты қадамдар жасап жатқанына назар аударды. Ол еуразиялық интеграцияны тереңдету осы үдеріске қатысушылардың барлығының мүддесі үшін жүзеге асырылатынына тоқталып өтті.
– Басты мақсаттың бірі – экономикаларымызды бірлесе жаңғырту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін елдердің әрқайсысының мүмкіндіктерін біріктіру. Бізге өзге интеграциялық бірлестіктердің, ең алдымен Еуроодақтың тәжірибесін ескеру маңызды. Әңгіме қатысушы елдің бірде-бірінің деиндустриализация үдерісіне ұрынып қалмауы, ұлттық экономикада өнеркәсіптің дәстүрлі салаларының, ауыл шаруашылығының құлдырауын болдырмау туралы болып отыр. Еуропа экономикасындағы рецессияның беретін сабағы осында, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев интеграция, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономиканың дамуына қажетті ұзақмерзімді тұрақты жағдайды және азаматтардың бақуатты өмірі үшін жаңа мүмкіндіктерді білдіретінін атап өтті.
– Еуразиялық экономикалық одақты біз жаһандық байланыстармен етене жымдасқан, Еуропа мен дамып келе жатқан Азия ареалдары арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық ретінде көреміз. Еуразиялық интеграцияны дамыта отырып, біз заңды кезеңдер – еркін сауда аймағы, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік арқылы батыл ілгерілеп келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ЕАЭО туралы шартқа қол қою арқылы жер шарының ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі, энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестіктің құрылуы заңдық тұрғыдан ресімделгенін айтты. Мемлекеттердің тәуелсіздігіне кепілдік беретін негізгі ресурстар бұл бірлестіктің өзінде жеткілікті.
– Осылайша бүгін ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты дүниеге келді. Ол үлкен қиындықпен құрылды. Ашығын айтайын: біз Еуразиялық экономикалық одаққа көп қиындықпен жеттік. Алдымызда жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы қалыптасу мен дамудың күрделі кезеңі тұр. Интеграция бізге өздігінен керемет өмірге кепілдік бермейді. Жаңа сын-қатерлер мен жаңа міндеттер болады. Біз оларды бірігіп шешуге және баршамыздың күш-жігерімізбен дағдарысты еңсеруге дайын болуға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия кеңістігінде халықтардың тату көршілігінің түбегейлі жаңа үлгісі қалыптасып жатқанын, оған жоғары сенім, берік достық және мемлекеттеріміздің өзара қолдауы негіз болып отырғанын атап айтты.
– Еуразиялық экономикалық одақ – бұл ең алдымен біздің елдеріміздің миллиондаған азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер көзі. Қатысушы елдерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы шарттар жасалуда. Еңбек ресурстары нарығы бірігуде, бұл кәсіби деңгейді көтеру мен еңбек өнімділігін арттырудың маңызды факторы саналады. Азаматтар үшін Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мемлекетінде білім беру қызметі мен әлеуметтік инфрақұрылымдарына тең қолжетімділік жағдайлары жасалуда. Ішкі кедергілерді жою қазірдің өзінде мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды күшейтуге, туризмнің өсуіне жақсы ықпал етті. Осы пайданың барлығын азаматтарымыз айқын ұғынып отыр. Бұл еуразиялық ықпалдастық үдерісіне кең ауқымды халықтық қолдау болуда, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті үш елдің жастарына да сөз арнады.
– Еуразиялық экономикалық одақ сіздер үшін құрылуда. Ол сіздерге қатысушы елдің кез келгенінде сапалы білім және кәсіби машықты игеруде артықшылық береді. Бүгінгі оқиға біздің елдеріміздің болашағы үшін, бірінші кезекте жаңа ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер көзін ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қатысушы-мемлекеттердің орталық ведомстволары мен үкіметтері жетекшілерінің, Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерінің, сарапшылардың еуразиялық экономикалық ықпалдастық үдерістерін жүзеге асырудағы айрықша үлесін атап өтті. Ол ортақ жұмыстың нәтижесі тарихи құжатқа қол қою болғанын айтты.
– Еуразиялық экономикалық одақ – біздің елдеріміздің мәңгілік достығының, өзара іс-қимылы мен тату көршілігінің берік жаңа механизмі. 29 мамыр біздің елдеріміздің естелік күнтізбелеріне Еуразиялық ықпалдастық күні ретінде енуге лайықты деп санаймын. Біздің елдеріміздің халқын, осы рәсімнің барлық қатысушылары мен қонақтарын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен тағы да құттықтаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті В.Путин қол қойылған шарт экономиканы дамытып, үш ел азаматтарының әл-ауқатын көтеру үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап айтты.
– Ресей, Беларусь және Қазақстан өзара іс-қимылдың мүлде жаңа деңгейіне өтеді: тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін қозғалатын ортақ кеңістік құрады. «Үштік» мемлекеттері экономиканың энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік секілді негізгі салаларында келісілген саясат жүргізетін болады. Іс жүзінде біз 170 миллионнан астам халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, ірі әрі бірыңғай нарық құрамыз, – деді В.Путин.
Ресей Президенті әлемдік экономикада толыққанды халықаралық құқықтық субьектілікке ие және Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидалары негізінде әрекет ететін жаңа экономикалық ұйым пайда болып отырғанын айтты. Ол сауда құрылымын жетілдіру, жоғары технологиялық тауарлар үлесінің артуы, елдеріміздің әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігінің нығаюын қоса қамтитын ықпалдастық үдерістердің өзара тиімділігі қазірдің өзінде іс жүзінде дәлелденіп жатқанына назар аударды.
Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко Армения мен Қырғызстанның еуразиялық ықпалдастық үдерісіне қосылуын атап өтті.
– Өз кезегінде Беларусь елі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асыру жолында жүйелі әрі міндетті түрде ілгерілеуге дайын. Шартқа қол қою – осымен бітті деген сөз емес, ол біздің дұрыс қадам жасағанымызды бүкіл әлемге дәлелдеуге тиіс болатын салиқалы үдерістің бастауы. Сонымен бірге Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі іс-қимылдардың қатысушы-мемлекеттердің өзара саудасына айтарлықтай ықпал ететін мәселелерді шешумен байланысты болғаны жөн, – деді А.Лукашенко.
Соңында мемлекет басшылары үш елдің жұртшылық өкілдерімен бейресми әңгіме өткізді.
***
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта халықаралық ұйымдарға тән базалық аспектілер, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ Одақтың мүше-мемлекеттерінің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан.
Бұған қоса, шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізуді қарастырады.
Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 жылға қарай ІЖӨ-нің жиынтық өсімі 900 миллиард доллар көлемінде болатындығымен бағаланып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ теңдік, негізділік, жүйелілік, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттары негізінде құрылады.
Қазақстан тәуелсіз ел болғалы әлемдік білім-ғылым ықпалдасуына замана сұранымы мен мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарап келеді. Бұл бағытта бірнеше басым бағыт айқындалды: бірінші – әлемдік деңгейдегі университеттермен, ғылым орталықтарымен байланыс орнату, маман алмасу; екінші – күні кеше бір одақта болған елдердің орнықты тәжірибесін үйрену. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасынан бастап, қазіргі ұтқырлық аясында дүниежүзінің іргелі оқу орындарына барып, білім алып, білік көтеріп жатқан қадамымыз – бірінші бағыт болса, екінші бағыттың сүбелісі – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (ММУ) Қазақстан филиалы. Шанхай ынтымақтастығы ұйымы университеттері қауымдастығына кіруіміз де осы бағытты салаландыра түседі. Оның үстіне бүгінгі геосаяси әлемде Ресей-Қытай қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді: бұрынғы өзара сыйластық құндылықтарының трансформациясы жүріп жатыр.
Тарихи «МГУ» десе, Мәскеудің түр-тұрпаты керемет оқу ғимараты жадымызда жаңғырса, «МГУ-дің немесе ММУ-дің Қазақстан филиалы» десе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу-зертханалық ғимараты еске түседі. Мұның өзіндік мәні де бар.
1994 жылы Елбасымыз Мәскеу мемлекеттік университеті мінберінен Еуразиялық экономикалық одақ идеясын мәлім етті. Арада екі жыл шамасында болашақ елорда деп үкіленген жерде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің негізі қаланды. Аталған оқу орнының қанаты қатая бастаған шақта Мемлекет басшысы білім мен танымның жаңа серпінін нұсқады. Ол Еуразия университеті базасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалын ашу идеясы еді.
Сол тарихи сәттерді ММУ ректоры В.А.Садовничий былайша ықыласпен еске алады: «Мен Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кез келген мәселені алыстан болжап шешетініне қайран қаламын. Ол кісінің болашақ туралы ойы тек жасампаздықтан тұрады. Сол үшін де біздің ғылыми орта Нұрсұлтан Әбішұлын ерекше бағалайды. Мәскеу мемлекеттік университетінің бір мезгілде әрі құрметті докторы, әрі құрметті профессоры болған жалғыз ғана Президент бар. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Есте болар факт: Н.Ә.Назарбаев маған Қазақстан филиалын ашу туралы идеяны әлдеқайда бұрын айтты. Бірақ посткеңестік жағдайда көп заң өзгеріп, мүмкіндіктер шектелген еді. Тіпті, ММУ Жарғысында филиал ашу туралы бап та жоқ болатын. Ақыры Қазақстан басшысы өз бастамасы мен идеясын орындамай қоймады. Нәтижесі – көз алдарыңызда. Кейін басқа мемлекеттер сіздерден үлгі алды…».
Астанадан М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстан филиалын ашу туралы шешім 2000 жылы 30 тамызда сол университеттің жоғары органы – Ғылыми кеңесінде қабылданды.
Осы жылы 9 қазанда Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путиннің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары барысында ММУ ректоры, академик В.А.Садовничий мен Білім және ғылым министрі Қ.Көшербаев Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалын құру туралы хаттамаға қол қойды.
Бұл құжатқа мынандай іргелі мұраттар енді: бірінші, ғылым-білімдегі өзара түсіністік пен ықпалдастық; екінші, маман әзірлеудің жаңа тұжырымдамалық деңгейі; үшінші, дәстүр мен академиялық еркіндікті қатар ұстау.
Тағы да таяу тарихқа көз салайық: 2000 жылы тамыз бен қазандағы жоғарыда айтылған нақты шаралардан кейін, 1 желтоқсанда Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, академик В.А.Садовничий Қазақстан филиалын құру туралы РФ заңдылығына сай бұйрық шығарды. Осымен бір мезгілде Ресей Федерациясының Білім министрлігі мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Астана қаласында ММУ Қазақстан филиалын құру туралы» келіскен шешімге қол қойды.
Бұл тарихи шешім туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сол кездегі ректоры, қоғам қайраткері М.Жолдасбеков былай дейді: «90-жылдардың экономикалық қиындығынан енді құтылған кез. Құдайы көршілермен достаса отырып шекараны шегендеу, пікірлесе отырып аймақ тыныштығын сақтау – Нұрсұлтан Әбішұлының асыл мақсатына айналды. Бір кезде көздің ұшындағы, талайдың арман-қиялындағы ММУ-ды бір есігін Астанадан ашып, жастарымызды үлкен мектепке енгізу – ол да Нұрекеңнің ақылы еді. Тапсырманың аты – тапсырма, күндіз отырмадық, түнде ұйықтамадық, бір кезде көмекшім, сол шақта министрім болған Қырымбек Елеуұлы бар, Астана-Мәскеу арасын шарлап жүріп, елеулі олжаға кенелдік. Ол – білім, ғылым, татулық олжасы еді…».
Осы уақыттан нақты оқу үдерісін бастауға даярлық жұмыстары жүргізілді. ММУ Қазақстан филиалы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізінде ашылғандықтан, аталған оқу орнының әр кездегі басшылары Мырзатай Жолдасбеков, Сәрсенғали Әбдіманапов, Бақытжан Әбдірайым, басқа да аты мен заты, мектебі бар ғалымдар филиалдың қалыптасуына елеулі үлес қосты. «Көңіл сыйса, бәрі сыяды» дегендей, университет оқу дәрісханаларын, қажетті материалдық базаны, студенттер үшін жатақханадағы орынды сұранысқа сай тең бөлді. Мәскеу мемлекеттік университеті мен Еуразия ұлттық университеті арасындағы ғылыми, мәдени ынтымақтастық одан сайын артты.
Тіпті, бұл жағдай Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының жаңа деңгейге көтерілу кезеңімен тұспа-тұс келді. Бір кезде Еуразия ұлттық университетінде орнықты, табысты қызмет істеп жүрген ғалымдар филиалға толық тартылды немесе екеуінде де бірдей жұмыс істеді. Ғылыми деңгей де үнемі көтеріліп отырды. Мысалы, танымал фольклортанушылар, ғылым кандидаттары Т.В.Кривощапова, Г.И.Власова академик С.А.Қасқабасовтың кеңесшілігімен филология саласынан докторлық диссертация қорғап, филиал әлеуетін көтерді. Сондай-ақ, филиалда қызмет істейтін танымал ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы Е.Д.Нұрсұлтанов Еуразия ұлттық университеті ғалымдарымен бірлесіп, іргелі ғылыми жобаларды орындады. Бүгінде халықаралық рейтингте жоғары бағаланатын Еуразия ұлттық университетінің «Еуразия математик журналын» шығаруға ММУ математиктері де тұрақты атсалысатынын риза көңілмен айтамыз. Ал, екі оқу орны филологтары бірлесіп өткізетін дәстүрлі «Русистика күзгі мектебі» – тамаша шеберлік алаңы дей аламыз. Осындай байланыс экономистер мен экологтардың арасында да бар. Қарым-қатынастың салаланғаны сол, біз мемлекеттік жоспарға сай, ММУ-дің өзінен тікелей білікті профессорлар шақыра бастадық.
Десек те, кез келген оқу орнының немесе оның бөлімшесінің қалыптасу кезінде көп жағдай оны кім басқаратынына қатысты. Студенттердің сапалы деңгейде оқуын, шынайы оқу үдерісін ұйымдастыру негізінен филиал басшылығына жүктелді. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, академик В.А.Садовничий ММУ Қазақстан филиалының директоры міндетін сол оқу орнында проректор болған профессор Александр Сидоровичке жүктесе, Еуразия университеті құрылымның ұлттық-халықаралық маңызын ескеріп, директор орынбасары қызметіне әлемге танымал математик, академик Мұхтарбай Өтелбаевты ұсынды. Ендігі жерде жаңа Астана өміріне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қалай кіріксе, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалы да солай табиғи түрде үйлесе бастады.
Қаржы көзіне келсек, филиалға Қазақстан Республикасы мемлекеттік білім тапсырысын беретіндіктен, барлық шығын республика бюджетінен төленеді. Бізді үйлестіретін тағы да бір халықаралық қауымдастық бар. Ол – Университеттердің еуразиялық ассоциациясы. Бұл ұйымның жетекшісі – ММУ, біз – орынбасар университетпіз. Ғылым мен білім, ықпалдастық пен академиялық еркіндік мәселесін талқылайтын ділгер жиындарды бірлесе өткіземіз.
2003 жылы 9 сәуірде Еуразия ұлттық университетінің жаңа оқу-зертханалық ғимаратын ашу салтанатына келген Президент Н.Ә.Назарбаев: «Бұл оқу орнының жаны да, рухы да еуразиялық болатынына сенемін. Гарвард, Оксфорд бірден тұра қалған жоқ. Үлкен еңбекпен қалыптасып дамыды. Жоғары білікті маман даярлау үшін Еуразия университетінің Мәскеу мемлекеттік университетімен, ТМД мен шетелдердің басқа да университеттерімен тығыз байланыста болуы аса маңызды», деп зор міндеттер жүктеп кетті.
Осы жолы Елбасы ММУ-дың филиалын да аралап көрді. Бұған байланысты филиал басшылығы естелік кітабында: «Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осы бір тамаша күні айтқан кеңестері мен нұсқаулары біздің қарекетіміздің сипаты мен қағидаттарын шешуші дәрежеде белгілеп берді», деп жазды.
Содан бергі он бес жылдың ішінде ММУ филиалы Елбасы сенімін ақтап келеді. Бұл – тарихи оқу орнының ғана емес, біздің де қуанышымыз. «Уақыт – таразы» дегендей, филиалдың құрылып жұмыс істеп, нәтижеге жетуі Ресей мен Қазақстанның ғылыми және біліми байланыстарының дамуындағы маңызды кезең екені айдан анық.
2006 жылы Еуразия ұлттық университетінде бүкіл Қазақстан жастарына арнап оқыған дәрісінде Елбасы: «Біздің астанамызға келген көп елдің мемлекет басшылары Еуразия ұлттық университетінде дәріс оқығанды мақтаныш санайды. Ол халықаралық деңгейге көтерілді. Оның жанында Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы жұмыс істейді», дегені есімізде. Бұл тарихи сөз екі оқу орнының әрі табысын, әрі бағдарын көрсетті.
Филиалдың 15 жылдық асуы – Президент Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның білім-ғылым бағытын дамытудағы тұжырымдамасының нәтижесі. Бұл асу сондай-ақ, отандық білім ықпалдастығын өрістетудің, еуразиялық кеңістікті нығайтудың табысты жолын да көрсетіп отыр.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің математика, физика, экономика, экология, филология мектебі білімнің қос өзенінің әлем мұхитына құятынын жақсы сезінеді. Сондықтан ғалымдарымыздың бір ғылыми форум, конференция, семинар сынды форматтарда, шәкірттеріміздің ортақ танымал ғалымдардың алдында бас қосқанын сәттілік деп есептейді.
Нақтырақ айтсақ, соңғы жылдарда студенттер аудиториясында дәріс оқыған ММУ ректоры, академик В.А.Садовничийден бастап, осы оқу орнының В.Н.Чубариков, Г.А.Чечкин, С.Д.Икрамов, В.Е.Бенинг, М.М.Голубков, А.В.Леденов, А.Н.Варламов, Б.И.Бояринцев, В.А.Ионцев, Ю.В.Тарануха, И.В.Кобзева, В.Р.Битюкова, Ю.Л.Мазуров, т.б. профессорларының жаңашыл дәрістері білімгерлерімізді тәнті етті.
Халық «Қазақстандағы ММУ» атаған үлкен білім-ғылым мектебіне жыл сайын бас оқу орнынан 160 ғалым келіп дәріс оқиды екен. Ал, енді осында оқитын қазақстандық жастар жоғары курстарда білімді Мәскеудің өзінен барып алатыны және сонда дипломдық жұмыстарын қорғайтыны – елеулі факт.
Оқырман есінде болатын және бір мәлімет: ММУ-дің Қазақстан филиалы өз мемлекетіміздің білім және ғылым заңдылықтары аясында жұмыс істейді. Білім үдерісіне Қазақстан тарихы, қазақ тілі секілді маңызды міндетті пәндер енгізілгенін де айта кету керек.
Филиалда жыл сайын «Ломоносов оқулары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді. Оның жұмысына Еуразия университетінің жас ғалымдары белсене қатысады. Студент-жастардың «Тәңірі», «Пегас», «Достық» шығармашылық бірлестіктері де – қос оқу орнының өсу және тәжірибе алаңы. Таяуда ғана пайдалануға берілген және біз бітіруге көп күш-жігер жұмсаған 500 орындық «ММУ Қазақстан филиалы Студенттер үйі» бұл рухани бауырластықты одан әрі арттырады деп сенеміз.
ММУ филиалы бакалавриатын бітірушілердің 35 пайызы Мәскеу университетінің өзіне, СПбУ, Жоғары экономика мектебіне, шетелдердің таңдаулы оқу орындарына магистратураға түседі.
Мәскеу мемлекеттік университетінің құрылымдық бөлімшесі ретінде ойдағыдай дамып келе жатқан филиалдың жұмыс барысын бірінші күннен оның ректоры академик В.А.Садовничий жіті бақылап отырды. Қалыптасқан дәстүрге сай жылына бірнеше мәрте бас оқу орнынан факультет декандарын, маман даярлайтын кафедра меңгерушілерін ертіп әкеледі. Осы сапарларында Еуразия ұлттық университеті кафедраларымен байланыс арта түседі. Таяуда ғана В.А.Садовничий арнайы келіп, «Студенттер үйінің» ашылу салтанатына қатысты, студенттерге дәріс оқыды, ғылыми-зиялы қауыммен жүздесті. Осы сапарында ол: «Жастарымыз Н.Ә.Назарбаевтың сенімін ақтайтынына сенемін. Олардың білімге ұмтылысы мен жауапкершілігі ұнайды» деді.
Рас, ММУ Қазақстан филиалының жетістіктерін Елбасымыз да, ел Үкіметі де лайықты бағалап отыр. Құрылым аз жылдың ішінде Қазақстан еңбек нарығының сұранысын сапалы деңгейде қанағаттандырып келеді. Филиал түлектері Президент Әкімшілігінде, министрліктерде, ұлттық компанияларда, ғылым және білім ұйымдарында жауапты қызмет істейді. Олар Қазақстанның ғана емес, Еуразия кеңістігінің дамуына үлес қосып жүр. Осыны ескеріп, Астана қаласы әкімдігі елорданың көрнекті жерінен оқу ғимаратын салуға жер телімін бөлді. Бұйырса, қос университет те кеңейетін күн алыс емес. Ниет – түзу, ізденіс – мол, әлеует – зор, жауапкершілік – биік.
Елбасымыз бір сөзінде: «Қолымыздан – қайрат, санамыздан ақыл кетпесе, жақсылыққа жетеріміз хақ» деп еді. Отанымыздың жақсылығы үшін ашылып, білім кеңістігінде өз жолын тапқан әрі көрші, әрі тамырлас оқу орны жауапты кезеңде биік деңгейден көріне берсін деп әріптестік тілегімізді жеткіземіз.
32 103
Әйелдер белсенділігі артып келеді
Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болды.
Ұлттық комиссияның өкілдері алдымен «Саясатқа және жергілікті өзін өзі басқару мәселелеріне кешенді көзқарас принциптері» семинарына қатысты. Ақтау қаласы семинар өткізу орнына кездейсоқ таңдалған жоқ. Мұнда гендерлік теңдік принциптері бірінші орында тұрады. Бұл республика бойынша жеті әйел әкім орынбасарларының екеуі Маңғыстау өңірі басшысының орынбасарлары болып жұмыс істейтінін дәлелдейді. Мұны қонақтар да атап өтті.
Шығып сөйлеушілер атап өткендей, 2014 жылдың 4 желтоқсанында Қазақстан Президентінің Жарлығымен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамына өзгерістер енгізілді, соған орай оның құрамы сапалық жағынан өзгерді.
«Маңғыстау облысының мүддесін қарастыратын Сенат және Мәжіліс депутаттарымен жұмыс істейміз. Олардың өңірдің дамуына да, еліміздің заң шығару базасының қалыптасуына да үлкен үлес қосатынын білеміз. Мемлекет басшысы Ұлттық комиссияның басты міндетінің елдегі отбасылық-демографиялық саясатты қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды жолға қою, отбасы институтын және шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдер қозғалысын нығайту екендігін анықтап берді. Шешімдер қабылдау деңгейінде даярланған әйелдер қаншалықты көп еңбек етсе, ол шешімдердің соншалық сапалы болатынына сенімдімін», – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко.
Гендерлік теңдік стратегиясы гендерлік даму бойынша ең маңызды міндеттерді анықтап берді және гендерлік саясаттың өзінің мәні – ер адамдарға да, әйелдерге де саяси-экономикалық салаға қатысуға тең мүмкіндіктер беру. Ол отбасындағы теңдік, отбасы институтын, отбасылық қарым-қатынастарды дамыту мен қолдау көрсету сияқты позицияларды қарастырады. «Оған, сондай-ақ, Қазақстан талпыныс жасайтын негізгі параметрлер қойылған. Парламенттегі әйелдердің өкілдігі бойынша, мәселен, Мәжілісте 27 әйел бар, көрсеткіштер жаман емес. Дегенмен, біз өңірлердегі көрсеткіштер үшін жұмыс істеуіміз қажет. Біздің міндетіміз – кеңестер беру, жұмысты ауылдар мен аудандарда жүргізу қажет екендігіне назарларыңызды аудару», – деп атап өтті Ләззат Сүлеймен.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева Гендерлік теңдік стратегиясының шешімдер қабылдауының барлық деңгейлерінде әйелдердің 30 пайыздық өкілдерінің қол жеткізу қажеттілігіне тоқталды. «Егер облыс әкімі деңгейінде бізде екі әйел әкім орынбасары болса, онда ауылдық округтер деңгейінде мақтана алмаймыз. Біздің ауылдық округте әкім бар, бір ғана әйел. Мұндай қызметтерде табысты, белсенді әйелдер отыратын болса, онда көп нәрсенің өзгеретініне мен сенімдімін», – деді ол.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссия отырысына қатысар алдында қонақтар көрме-жәрмеңкеде болды. Солардың бірі – Марина Жиркова.
– «Далакөш» шоколад шеберханасы жуырда ғана ашылды. Біз ең дәмді колумбиялық шоколадтан түрлі мүсіндер жасаймыз. Одан не керектің барлығын жасауға болады, – деді ол. Шындығында, сөреде шоколадтан әйелдер туфлиі, сандықша, мультфильмдердің, ертегілердің үзінділері түріндегі қолдан жасалған мүсіндер бар. Мұндай мүсіндерді жасауға шамамен – бір жарым, ал кішкентайларына жарты сағаттай уақыт кетеді екен. Шеберханалары шағын. Жақында Ақтауда дүңгіршек ашуды жоспарлап отыр.
Татьяна Пугачева – «Ақтаусүт» сүт зауытының коммерциялық директоры. Осындай қызметіне қарамастан, ол сүйікті ісі – киіз басумен айналысуға уақыт табады екен. «Маған Мәскеуден тапсырыс келді. Олардың өздерінде шеберлігімді жетілдіру үшін мен үйренетін, шеберлік-сабақтар сатып алатын қаншама шеберлер бар ғой, бірақ тапсырыс берушілердің мені қалағанына таңмын», – дейді ол.
Өңірде әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың болашағы жайлы облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының жетекшісі Венера Мұстапаева айтып берді. «Облыста әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсететін органдар мен ұйымдардың толық жүйесі қалыптасты, жеке кәсіпорын ашуға талпынатын әйелдерге көмек көрсететін ҮЕҰ-лар саны өсіп келеді. Олар ақпараттар ұсынады, сабақтар жүргізеді, несиелендіру барысында көмектеседі. Өңірде Маңғыстау іскер әйелдер клубы, Әйелдер көшбасшылық мектебі белсенді жұмыс істейді, «Атамекен» өңірлік палатасы жанынан іскер кәсіпкер әйелдер кеңесі құрылды», – деді В.Мұстапаева.
Статистика бойынша, бүгінде Маңғыстау облысы – бала туу бойынша көшбасшы. Халық санының өсу қарқыны жағынан Алматыдан кейінгі екінші орында тұр. Өңір тұрғындарының 50 пайыздан астамын әйелдер құрайды.
Бұдан кейін семинарға қатысушылар Түпқараған ауданында болып, әйелдермен кездесті. Кәсіпкер әйелдердің бірі – Ақшұқыр ауылының дәрігері Тәжіхан Изтұрова: «Бір кездері Ақшұқыр кеңшары болған, ол тараған кезде жер телімін дәрігерлер де, мұғалімдер де алды. Мен онымен шындап айналысуды шештім, сөйттім де мал бағуға кірістім», – деді.
Сондай-ақ, олар Тарас Шевченко мұражайында болып, ақынның шығармаларымен танысты.
Біздің халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған. «Халық айтса қалт айтпайды» дегендей, ерлі-зайыпты адамдарға арнап айтылған осы бір тамаша теңеу ғасырдың тереңінен толғанып, өмірдің бай тәжірибесінен шыққан болса керек. Бұрын «әйел теңдігі» ұғымы-мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып, мемлекет басшысының қолдауымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Бұған қоса Қазақстан Республикасы Президенті жанындығы Отбасы істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді. Жоғарыда айтылғандай, біздің елімізде әйелдер теңдігін қамтамасыз етуге ықпал ететін 2009 жылы екі заң қабылданды. Оның бірі-«Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 8 желтоқсанындағы №223-ІҮ Заңы болса, екіншісі-«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсанындағы №214-ІҮ Заңы. Жалпы, гендер-ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық салаларында көрініс табатын әлеуметтік қыры деген ұғымды білдіреді. Мемлекет басшысы бекіткен гендерлік теңдік стратегиясы негізінен ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталып шығарылған заң. Қазіргі кезеңде азаматтық қоғам ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға және өмірдің барлық саласында гендерлік теңдікке қол жеткізу тетігін жасауға белсенді түрде, кең көлемде жұмыстар жүріп жатыр. Біздің елемізде бұл мақсаттағы жұмыс көңілге қуаныш ұялатады. Бұл саясатқа Елбасының өзі тереңірек мән беруде. Президент Н. Назарбаевтың өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді...» деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр. «Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы, қысымды болдырмауға ықпал етеді. Айта кету керек, әйелдер қай салада қызымет етпесін, өз беделдерімен қатар, сол сала жауапкершілігін де арттырып, жұртшылық құрметіне бөленуде. Әрбір жұмыстың қиыншылығ мен қызықшылығы, жетістігі мен жемісі болады. Жақсы іс әріден бастау алады. Атап айтқанда, тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1998 жылғы қараша айындағы Жарлығымен осы отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия дүниеге келді. Әйелдерді саясатқа, үкіметтік билік органдарына, экономикаға, бизнеске қатыстыру, ана мен бала денсаулығын қорғау, сонымен қатар отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру. Әйелдер қолы тимеген сала жоқ десек артық айтқандық емес. Мемлекет қайраткері, батыр, ел басқарушысы болған көрнекті әйел тұлғалардың есімдері белгілі. Қазір қоғам болып ұстаз қауымының мәртебесін көтеруге күш салуда. Білім заңына да «ұстаз мәртебесі» деген арнайы бап енгізілді. Ұстаз адамның адам болып қалыптасуына ықпал жасайтын бірден бір маман. Осы орайда ұстаз еңбегінің бағалануы өте дұрыс. Бұл мен үшін зор құрмет. Қазір көп ата-ана «баланы киіндіріп, ішіндіріп, ата-аналық міндетімді орындадым» деп ойлайды. Ал өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін ең басты, керек нәрсе ата-аналық жылылық екенін түсінбейді. Ата-ананың бала алдындағы басты парызы, киіндіріп, ішіндіруден де бұрын-дұрыс тәрбие беруі. Ұрпақ тәрбиесінің жақсы болуы-елдің жарқын болашағының кепілі. Егер отбасында бәрі жетіп тұрса әйел адам сырттан гөрі үйдің ішінің сәнін кіргізгені дұрыс қой. Әйел адам өмірге сәби әкеліп, соны жақсылап тәрбиелесе басты міндетін орындағаны дер едім. Рас Іскерлік, ақылдылық, білімділік жағынан алда тұрған әйелдеріміз баршылық. Бірақ көп емес. Сондықтан ер адамдардың оқбойы озып тұрғаны жарасымды да. Өзім гендерлік саясатты қолдамаймын. Ұстаз бақыты шәкіртіңмен бірге қуана білу. Біз үшін басты марапат-ата-ана мен оқушының алғысы. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демей ме? Бүгінгі күні әйелдер қоғамымыздың барлық салаларында да, белсенділік танытуда. Олар қандай қызымет атқарса да, аналық құқығын гүлдендіре отырып, үлкен жауапкершілік пен сенімділіктің, жоғарғы кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, уақыт көшінен қалмай, болашаққа деген сенімнің зор ұйытқысы болуда. Халықаралық аренада әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктері мен саяси ықпалдастықтарына деген сенім жоғары деңгейде көрініс табуда.
Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан астам уақыт болса да еліміздің жаһандық саясатта шеберлік танытып, халық пен ел абыройын еселеуде көптеген жерлерде жеңіске жетіп, үлгі-өнеге көрсетіп жүргенін дөңгеленген дүниенің барлық сырынан хабардар мемлекеттер жақсы біледі. Сондықтан да әлем елдерінің алдындағы оң саяси имиджімізді бұдан да мықтырақ ету үшін демократиялық қағидаттарға негізделген гендерлік саясаттың арнасын кеңейтуіміз керек.
Қазақстанда гендерлік саясат жүргізу жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі міндеті отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.
Мемлекеттік гендерлік саясат базалық гендерлік заңдарға және Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясына (бұдан әрі – Стратегия) сәйкес жүзеге асырылады. Онда Мыңжылдық даму мақсаттары мен Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы Конвенцияның қағидаларына сай Қазақстан үшін гендерлік индикаторлар анықталған. Олар мемлекеттік органдар әзірлейтін бес жылдық мерзімге арналған аумақтарды дамыту бағдарламалары мен стратегиялық жоспарларына енгізіледі.
Еліміздің 20 жылдық дамуының қорытындылары Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың салиқалы стратегиялық курсының арқасында саяси жүйесі орнықты, экономикасы күшті, азаматтық қоғамы тұрақты сәтті және заманауи мемлекет құрдық.
Бұл табысымыз еліміздің жауапты мемлекеттік саясатының маңызды да ажырамас құраушысы болып табылатын гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты іске асырудың да арқасында мүмкін болып отыр. Ол гендерлік теңдікке қол жеткізу саласындағы отандық және халықаралық тәжірибені жан-жақты және егжей-тегжейлі ескере отырып гүлденген болашаққа ұмтылған тұтастай халықтың келісімі мен бірлігін нығайтуға бағытталған.
Денсаулық сақтау, білім беру, еңбек қатынастары саласында қойылған міндеттер серпінді шешілуде. Біздің ел гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында айтарлықтай қадамдар жасады, себебі гендерлік саясат – бұл ең алдымен мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Егер саяси және қоғамдық өмірде, соның ішінде шешім қабылдау деңгейінде әйелдерді қатыстыруды арттыру туралы айтсақ, бұл сұрақ гендерлік теңдік стратегиясында өз жауабын тапты. Қазақстанның гендерлік саясатының ерекше өзгешелігі – гендерлік жобалардың бастамашысы бірінші кезекте гендерлік даму саласында алдын алу және озық шараларын қабылдайтын мемлекет болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстан адам құқықтары бойынша, соның ішінде жыныстар арасында тең құқылықты қамтамасыз етуге және әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған 20-дан астам әртүрлі шарттар мен конвенциялардың қатысушысы. Қазақстанда Үкімет қаулысымен республикадағы әйелдердің жағдайын жақсарту бойынша іс-шаралардың ұлттық жоспарын жасап, бекітті. ҚР Конституциясының 33-бабына сәйкес, азаматтар мемлекет істерін басқаруға тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие.
Қазақстан тәуелсіздік жылдардың ішінде сонымен бірге ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында нақты жетістіктерге жетті.
Қазақстан адам құқықтары бойынша 60 аса халықаралық шарттарға қосылды.
2000 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы Конвенцияға сілтеме жасай отырып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюмен күрес Халықаралық күнін жариялады.
Басымды міндеттердің бірі әйелдерге қатысты күш көрсету жағдайларын төмендету бойынша жұмыс болып табылады.
Аталған мәселені шешудегі алғашқы қадамдардың бірі әртүрлі мемлекеттік құрылымдармен (ІІД, отбасы және әйелдер ісі бойынша комиссия, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет департаменттері) тығыз жұмысты қамтитын әйелдерге арналған дағдарыстық орталықтардың ашылуы.
Қазақстанда отбасы, әйел және бала сұрақтары бойынша жеткілікті құқықтық негіз және қоғамның отбасы маңыздылығын, оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін түсіну қалыптасқан.
Гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілетуде үкіметтік емес ұйымдар үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда Қазақстанда 25 мыңдай үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді, оның ішінде шамамен 300-і әйелдер, отбасы және балалар мәселелерімен айналысады. Олардың қызметін ынталандыру үшін 2006-2011 жылдарға арналған Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы мен 2005 жылғы 12 сәуірдегі «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
ҚР Президентінің 29.11.2005 жылғы Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді.
Еліміздің басты құқықтық құжаты Конституцияның 27-бабына сәйкес «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады».
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі отбасы-неке қатынастарын орнатады және реттейді. Олардың басты қағидасы – ерлі-зайыптылардың отбасындағы теңдігі, балалардың отбасылық тәрбиесінің басымдығы, отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау.
2009 жылы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» Заңы қабылданды. Бұл заң отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы адам және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ескертуге және алдын алуға, сонымен қатар оларды жасауға итермелейтін себептер мен шарттарды анықтап, жоюға бағытталған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу субъектілерімен жүзеге асырылатын құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық шаралардың кешенін анықтайды.
Биылғы жылдың басты жаңалығы болған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да Президент отбасы, ана мен баланы қорғауды басты назарға қойды. Осы жолдауда Елбасы ана мен баланы қорғауды жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде жариялады.
Әйелдерге қатысты күш көрсету деңгейін төмендету бірден бір жолы оларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі бойынша олардың құқықтық сауаттылығы мен хабардар болу деңгейін арттыру, әйел құқықтары бойынша және зорлық-зомбылықтың алдын алу тренингтерін өткізу деп ойлаймын.
Гендерлік саясаттың Стратегиясын жүзеге асырудың маңызды сатысы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады. Осыған орай, Батыс Қазақстан облысы Әділет департаментімен азаматтардың құқықтық сана-сезімін арттыру мақсатында «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күндері» акцияларын өткізу, ақпараттық-насихат топтарының аудандардың және қаланың мекемелері мен кәсіпорындарына шығу, бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу, қолданыстағы заңнаманы түсіндіру бойынша брифингтер, дәрістер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жастармен кездесулер өткізу жолымен жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекеттік және құқыққорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен отбасы-неке заңнамасындағы өзгерістерді, бизнес ашу сұрақтарын, азаматтармен тегін заң көмегін алу құқықтарын, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу тәртібін түсіндіру бойынша семинарлар өткізіледі.
Сонымен қатар, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтылғандай, уақыт талабына сай әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене араластырып, олардың бизнес ашып, кәсіпкерлікпен шұғылдануына мүмкіндік туғызу арқылы жаңа кезеңдегі қазақстандық әйел бейнесін қалыптастыруға болады.
Қазақтың көшпелі дәуірінде қыздарды, әйелдерді жоғары бағалаған. «Олар-өмір-өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі» деп қараған. Әйел туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын. Әйел ибалы қыз, инабатты келін, қарындас, ана, апа, әже. Тоғыз ай, он күн толғатып, «тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп» әйел бүкіл адамзатқа өмір сыйлайды. Ата— бабаларымыз да әйелді құрмет тұтқан. Содан да болса керек, ұрпақ тәрбиесін әйел- анаға жүктеген. Ерте кездегі аналарымыздай ерін пір тұтып, ибалы қыз, иманды ұл тәрбиелеп отырған әйелдер күн өткен сайын азайып түскені ащы да болса шындық. Бұған кінәні тек әйелдерден ғана іздемей, еркектердің де жауапкершілік міндетін жоғалта бастағаны деп қарасақ қателеспейтін шығармыз? Cоңғы жылдары еліміз батыстық үлгідегі гендерлік саясатты пайдаланып, қыз-келіншектердің құ- қығын қорғап, олардың қоғамдағы рөлін көтеру ісімен мемлекеттік деңгейде айналыса бастады. Осының нәтижесінде елімізде гендерлік саясат сәтті орындалып, билік тізгінін ұстаған қыз-келіншектердің саны арта түскені жасырын емес. Ал біз өмір сүріп отырған заманда әйелдердің қоғамдағы орны қандай?
Бүгінгі әйел билік басында еркекпен иық тірестіріп жұмыс істеп жүр. Олар — ана, олар – жар, олар — қыз, олар — келін. Қызметтен де басқа қоғамдағы орындары бар. Ең бастысы — әйел қоғамның тең құқылы мүшесі. «Гендер» деген бір ауыз сөз айтылса, еркектеріміз үркіп қарайды. Әйел отбасы, ошақ басы, қазанның жанында отыратын уақыт көшпелі дәуірде қалды. Біз әлі күнде көшпелі тіршілік кешіп жүрміз бе, жапандағы жалғыз аралда тұрамыз ба? Қазақ киіз үйін тастап, топырақ пен «қымбат қызыл кірпіш» тастан салынған үйге көшкелі бері дәстүр сан мәрте өзгергені белгілі. Рас, қазақ әйелі ежелден ұрпақ тәр- биесіне ерекше көңіл бөліп қараған. Қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің жұмыстарына баулып отырған. Ол түсінікті де. Алайда, егер қолынан келсе, нәзік жандылардың билікке араласуына әбден болады. Қазір тарихи сахнада ғылым, білім, техника, ақпарат, сауаттылық заманы. Ерлердің ісі болып есептелетін салада әйелдердің саны артып келе жатқандығын кім де болса мойындайды. Әйел көлікті де жүргізе алады, ұшақты да басқарады. Әрине, қауіп қатері мол, қол қауқарын қажет ететін мамандықтар әлі күнге дейін техника дамып, адам жұмысы жеңілдеп жатса да кездеседі Мысалы, зергер, жүк тасушы, жол жөндеуші. т.б. Мұндай мамандықтар қатарынан әйел баласын кезіктіру екіталай. Саясат пен басқару саласында әйелдердің өз орнын табуына мүмкіншілігі жеткілікті, өйткені саясатта қара күш емес, біліктілік пен қабілеттілік қажет. Үлкен саясатта әйелді көргісі келмейтін еркектер көп. Олардың түсінігі бойынша, әйел тым сезімтал, нәзік, ашық жарқын мінезді. Ал басшы болу үшін белсенді, сөзіне аса сенімді, қайратты болу керек деп біледі. Сондықтан болар, саясат пен басқару әзірге нәзік жандылардың емес, шекпен шалбарлылардың еншісінде болып тұр. Әлемдегі озық 50 елдің қатарына кіреміз десек, интеллектуалды ұлт боламыз десек, бізге байыпты гендерлік саясат қажет. Мемлекет пен халық тек қана еркектерден тұрады немесе кәсіби маман болу, интеллект еркектің маңдайына жазылыпты деп кім айтады? Гендер мәселесіне жан-жақты қарау керек. Көпшілік қауым, гендерлік саясатты әйелден еркек жасау деп түсінеді. Гендерлік саясат дегеніміз, әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық зомбылықтың алдын алу сияқты мә- селелерді шешу болып табылады.
Марат МЕКЕБАЕВ, дәрігер травматолог:
— Қазақ халқы әрдайым әйел баласын, ананы қадір тұтып, құрметтей білген. Бүгінде қыз келіншектер жұмысбасты болып, үй тірлігінен қол үзе бастады. Еріне әйелі тәуелді болғысы келмейді. Ондай отбасылар көбіне ажырасып тынады. Кешке жұмыстан шаршап келгенде алдынан күлімдеп әйелі, еркелеп балалары шықпаған отбасында қандай береке болсын?
Жалпы адам қоғамдық жұмыста өзін еркін сезіну үшін оның арқасүйер отбасы болуы керек деп ойлаймын. Әйел жалғыз болса, еркін жұмыс істей алмайды. Себебі оның артында қолдайтын ешкімі жоқ. Отбасылы әйел өзін еркін сезініп, жақсы басшы бола алады. Жақсы әйел билік басында жұмыс істеп отырған кезде бала тууды, отбасын құруды ұмытпайды.
Мен әйелдің дәрігер, мұғалім, бюджеттік салада жұмыс істеуіне қарсы емеспін, алайда биік мансапқа ұмтылуын қолдамаймын. Жалпы, «әйел теңдігі» мәселесі деп қанша пікір айтылғанмен, шындығында келгенде жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес. Әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Әйел денедегі жүрек болса, еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз өмір сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары, ал ақылды жүректен артық деп айту мүмкін емес. Сондықтан, әйел еркектен жоғары немесе төмен деп айту, дұрыс айтылған пікір емес.
Дана Байгожина, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты
— Тарихы сан ғасырлардың қойнауына кететін еліміздің арлы-бергі тарихына қарайтын болсақ, халқымыздың басып өткен жолдарын айқындауға септігі бар үлкенді-кішілі деректердің саны қаншама? Кемеліне келген елдер өз тарихының әрбір бетін қастерлейді. Сол сияқты, біздің тарихымызда да үлкен бір «заңдылық» бар. Тоқсан тарау тағдыр, танымы терең тарих. Танымды тарихымыздың өткеніне зер салып қарасақ, қазақ қоғамында небір батыр аналар мен қыздар болған. Қазақ келешек ұрпақтың тегін ойлап, жеті атаға дейін қыз алыспаған. Демократиялық мемлекетте гендерлік саясат болуы заңдылық. Қазақтың саналы азаматтары қашанда қызды жоғары бағалап, мәпелеп өсірген. «Алып анадан туады» демекші, біздің қайсар аналарымыз талай-талай таланттарды дүниеге әкелді. Қазақ әйелін ешқашан төмендетіп көрмеген, сонда біз қалай теңсіздік деп айта аламыз? Гендерлік саясатты қолдаймын немесе қолдамаймын деген пікірдің өзі дұрыс емес. Талантты, білімді әйел ешқандай тосқауылға қарамай, отбасын құрып, билік басында отырып, керек десеңіз министр қызметін де атқара алады. Сондықтан әйелдердің теңдіктен бос қалады деген бос сөз, жарысудың қажеті жоқ. Әрине, Еуропаға еліктеп, қыз-келіншектердің барлығы саясатқа араласса, отбасының бере- кесін кім сақтайды, балаларды кім тәрбие- лейді? Дегенмен, ел болатын халық түбін ойлайтыны белгілі. Бастысы — елдің ертеңін жасайтын бүгінгі жас ұрпағымыздың тәрбиесі мен білімінің деңгейі. Негізгі тәрбиешісі- отбасы. Батыс Еуропа елдерінен жақсы, қажетті нәрселерін ғана алуымыз қажет. Керісінше олар біздің мәдениетімізді, салт- дәстүрімізді, тәрбиемізді үйренсін. Лауазымы жоғары әйелдер елдің мақтанышы, қоғамның айнасы болуы керек. Қандай әйел басшы болса да өзінің міндетін ұмытпасын. Біз бұрынғы ата-бабалардан ақылды емеспіз. Ата-бабаларымыздың қанымен қол жеткізген кең-байтақ еліміздің жеріне иелік ететін ұрпақ санын көбейту керек.
Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, саяси ғылым-дарының докторы, доцент:
— Алдыңғы қатарлы елге ұмтылған қоғамда гендерлік теңсіздік және теңдік мәселесі де «ұлттық идеяны» айқындаушы факторлар қатарында. Қазақ қоғамы үшін қолдау тауып та, сыналып та жатқан кереғар пікірлердің алмағайып түсуіне ықпал етіп отырған мәселе – осы. Әйелдер мәселесі тарихи жағынан алғанда да, бүгінгі шынайы уақыт шеңберінен алғанда да бұқаралық санаға әсер ететін, қоғам дамуына да ықпалды көпшілік құбылыстар қатарында. Қазақ қоғамы үшін гендерлік саясат мәселесі ұлттың менталитетіне, елдік сананың ерекшеліктеріне қарай күштеп, таңып енгізу артық. Әрине, шығыс елі, сондай-ақ халқының басым бөлігі мұсылмандар саналатын Қа- зақстанда гендерлік саясат батыста дамыған, оларды мынадай үлгісі бар деп толықтай соны көшіруге, не еліктеуге мүлдем болмайды. Қазақ тарихында, ұлт мәдениетінде, салтында, дәстүрінде әйел адамның, қыз баланың қоғамдағы орны ең алдымен отбасындағы орнымен қадірлі саналған. Сол үшін де әйелдерді жаппай гендерлік саясатқа таңып үлкен саясатқа, мемлекеттік қызметке не қаржы, өндіріс, коммерция т.б. салаларында да алатын орны мен абырой ерекше. Дегенмен дамыған демократиялық елдердің құндылықтары, атап айтқанда әйелдерге қатысты саясатына еліктеуден гөрі, өзімізге жақын ұлттық саяси ұстаным, өте білікті де аса нәзік саясат дұрыс деп санаймын. Яғни әйел адам қоғамымыз үшін болашақ ұрпақты жалғастырушы ана, мемлекет өміріндегі жауапты қызметкер, отбасындағы аяулы жар екендігін біз ешқашан науқандық саясатқа айналдырмауымыз қажет.
СӨЗ СОҢЫ: Біз гендерлік саясатқа қарсы емеспіз. Өйткені, ол қоғамның талабы. Өркениетті елімізді дамыту үшін, әйел,ер деп екі топқа бөліну жөнсіз сияқты. Қай топ болмасын өз белсенділігі мен іскерлігін ортаға салып, елге деген сүйіспеншілікпен беріле жұмыс атқарса, нұр үстіне нұр болары анық. Ақылды әйел қашанда отбасы мен қызметін бірге ала жүріп, әлемнің бесігін тербеуге құдіреті жетеді.