Жауырды жаба тоқымай айтсақ, бүгінде Елбасының өзі Астана, Алматының қасына қосып, үшінші қала атандырған Шымкент шаһары бұрынырақта қаладан гөрі етек-жеңі кең жайылған ауылдарға көбірек ұқсайтын. Ал бүгінде Шымкент Қазақстандағы айтулы қалалардың бірегейіне айналған. Сырттан келген қонақтар сәулетіне қызғанып емес, қызығып, тарихи, демалыс орындарының көптігіне, көрікті қалалардың бірі болғанына разы болып аттанады.
Кеше Шымкентте «Қазына» этнотарихи кешенінің ашылу салтанаты өтті. Тұсауы кесіліп отырған «Қазына» этнотарихи кешені Шымкент қаласының жалпы аумағы 76,4 гектар жерінде орналасқан. Этносаябақтағы жаяу жүргіншілер аллеясының бойына өңірдегі 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштердің макеттері қойылған. Кешеннің құрамында Бәйдібек ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Салт-дәстүр және әдеп-ғұрып» орталығы, «Жайлаукөл» демалыс орны біріктіріліп, бірыңғай сәулеттік ансамбльді құрайды. Саябақтың ортасына диаметрі 21 метрлік түрлі-түсті субұрқақ салынып, оны айнала ротондалар орналасқан. «Жайлаукөлдің» айналасындағы демалыс аймағының көлемі 15 гектарды алып жатыр. Көл жағалауына 4 ротонда, қайық стансасы, автокөлік тұрағы салынып, киіз үйлерден тұратын қазақы ауыл орналасқан. Осылайша бұл жер қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір заманауи демалыс орнына айналды.
Этнотарихи кешен аумағында, сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ескерткіш бой түзеді. Биіктігі 15 метрлік монумент қазақ ою-өрнектерімен безендірілген айқасқан қос арканы бедерлейді. Монумент ортасына биіктігі 10 метрлік, ені 8 метрлік пирамида түріндегі композиция қойылған. Пирамиданың қырларына Қазақ хандығының барельефті композициясы және Тұңғыш Президенттің сөздері бедерленген.
Бұл жерде, сонымен бірге, ұзындығы – 50 метр, биіктігі 8 метрді құрайтын тарихи ескерткіштердің бірі – «Ұлы Жібек жолы» сәулеттік-композициясы тұр. Ұлы Жібек жолының VI ғасырда Қытайдан басталып, Шығыс Түркістан, Қашғар арқылы Жетісуға, содан Сырдарияны жағалап, Арал маңынан әрі қарай Батыс елдеріне өткені белгілі. Сәулеттік-композиция оңтүстік өңірдегі Сауран, Ясы, Отырар, Исфиджаб және т.б. көне қалалар арқылы өткен сауда-керуендік жол бағытын сипаттайды.
Сонымен бірге, Тоныкөк, Ясауи, Фараби ғасырларынан кейінгі ХІХ-ХХ ғасырлардағы ғұламаларымыздың өсиет сөздері тасқа қашалып жазылған «Даналар өсиеті» де бар бұл жерде. Бабаларымыздың көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие беретін өсиеттері, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың даналық болжамы, ғибрат аларлық сөздері мен пайымдаулары бүгінде халықпен қайта қауышып, саябақ төрінен орын алып отыр.
Көлемді аумағы бар «Наурыз» алаңы қазақша өрнекпен төселген кілем іспеттес, оның аумағында «Ауылым − алтын бесігім», «Туған жерім тұғырым» атты барельефті сахна, «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» секілді сәулеттік-декоративтік композицялар орнатылған. Ұлттық спорт ойындарынан жарыс өткізуге арналған Ипподром аумағы да осы жерде орналасқан.
Астаналық қонақтар Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументалды ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Алғашқы болып сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осынау игілікті істің басында Елбасы тұрғандығын айта келіп, қазақтың бай тарихын бедерлейтін этнокешенді пайдалануға бергені үшін облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов пен бүгінгі әкімі Бейбіт Атамқұловқа ел атынан рахмет айтты. Премьер-Министр К.Мәсімовтің құттықтау хатын оқып берді.
Этнотарихи кешенді орайластырып, аяғына дейін жеткізген Асқар Мырзахметов бүгінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. Асқар Исабекұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның заманауи урбанистік орталықтары ретінде Астана және Алматы қалаларымен қатар, Шымкент қаласын да атап өткенін жеткізді.
«Біз бүгін Елбасы жүктеген осынау міндетті жүзеге асыруға бағытталған маңызды шараға куә болып тұрмыз. Құрылысы 2012 жылы басталып, бүгінде толық аяқталған «Қазына» этнотарихи кешені шаһар келбетін айшықтайтын бірегей нысанға айналды. Бұл – бабалардан мирас болған ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету бағытындағы іргелі жобаның бірі. Жалпы алаңы 76 гектарды алып жатқан кешенде халқымыздың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін, мәдени құндылықтарымызды, бірегей дәстүр-салтымызды паш ететін талай бағалы ескерткіш, жәдігерлер бар. Солардың бірі – «Қазақ хандығына – 550 жыл» монументі. Елбасы айтқандай: «Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен Алаш жұртының қаһармандық дәуірі». Ұлы Далада құрған егемен елімізді Мәңгілік Елге айналдырамыз десек, біз тамырымыздың тереңде екенін танытатын осынау тарихи деректі ұрпақ жадына сіңіре беруге тиіспіз. Ақыл-парасатымен, ерлігімен халқына ұйытқы болған Бәйдібек баба ескерткіші де тарихи кешеннің салтанатын асырып тұр. Сонау көне замандардан бастау алып, адамзат қоғамының дамуына өшпес үлес қосқан Ұлы Жібек жолы еліміздің ғана емес, әлемнің тарихынан елеулі орын алатыны белгілі. Жібек жолы арқылы тек сауда жүйесі дамып қана қоймай, Шығыс пен Батыс өркениеті тоғысып, мәдени және дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Осы керуен жолының біраз бөлігі оңтүстік өңірдегі Сауран, Ясы, Отырар, Исфиджаб сияқты көне қалалар арқылы өткенін тарихтан жақсы білесіздер. Бұл ескерткіштерді дұрыс пайдалана алсақ, отандық туризмді дамытуға үлкен үлес қосатынымыз сөзсіз. Біріншіден, бұл деректер шетелдіктердің елімізге, оның тарихына деген құрметін қалыптастырады. Екіншіден, бұл азаматтарымызды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге де септігін тигізетіні анық. Этнотарихи кешендегі Ұлы Жібек жолы сәулеттік композицияның маңыздылығы да осында. Кешегі өткен шешен-билерден, ақын-жыраулардан, сонау Ясауиден, Абайдан бастап бүгінге дейінгі ойшылдарымыздың өсиетінің, Елбасының қанатты сөздерінің тасқа қашалып, осы жерден орын алуы да ұлттық рухты асқақтатудың тиімді шарасы деп білемін. Бабалар жырлап өткен елдік идеясы біз үшін Тәуелсіздікті нығайту жолында теңдесіз рухани азық болмақ. Осының бәрі туған елінің мәдениеті мен тарихын, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарын құрмет тұтатын рухты ұрпақ тәрбиелеудің қамы, Мәңгілік Ел болуымыздың жолы», – деді Асқар Мырзахметов.
Парламент депутаты Шалатай Мырзахметов ел игілігіне ұсынылып отырған кешеннің маңызына тоқтала келіп, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қ.Жақыповтың құттықтау хатын оқып берді.
Чешен-ингуш бірлестігінің төрағасы, облыстық «Қоғамдық келісім» қызметкері Хасан Бациев өз сөзінде біздің облысымыздағы этномәдени бірлестіктер ел бірлігін нығайтуға үлес қосып келе жатқанын атап көрсетті. «Соның жарқын бір мысалы ретінде еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақ хандығының 550 жылдығын кеңінен насихаттау мақсатында жүргізілген «Ұлы Дала елі» тарихи-мәдени экспедициясы құрамында біздің әріптестеріміздің де атсалысқандығы көңіл қуантады. Өңіріміздің Түркістан, Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Шымкент секілді қала, аудандарын аралаған экспедиция мүшелері көптеген тың деректермен танысып, бірнеше мыңдаған шақырым жол жүріп, қорытындысын киелі Тараз өңіріне жеткізді. «Тұсау атты сақтайды, ат ерді сақтайды, ер елді сақтайды» демекші, Қазақ хандығының басшылығымен талай батырлар қиын кезеңде Қазақ елінің Ұлы Даласын бүгінгі ұрпаққа сақтап, жеткізді. Шын мәнінде, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауы бүкіл қазақстандықтардың рухани байлығын бір сілкіндіріп, өз тарихымызға үңіле қарап, Ұлы Дала тарихын өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру үшін зор мүмкіндік берді», – деді Х.Бациев.
Қазақстанның Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы да ел тарихында үлкен орын алатын жаңа этнокешен жөніндегі пайымдауларын жеткізді.
Салтанатты жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов осынау жақсылықтардың бастауында Елбасы тұрғанын атап өтті. Кеңес империясы қан құстырып тұрған кезеңнің өзінде Асанбай Асқаровтай тұлғалар Шымкентті түлетуге ерекше еңбек сіңіргенін айтты. Бүгінде Асанбай Асқаров алғашқы көшетін отырғызған Дендросаябақпен жалғасып жатқан «Қазына» этнотарихи кешенінің Шымкенттің шырайын одан әрі ашатындығын жеткізді. Осы шаруаның басы-қасында болып, үлкен идеяны толығымен аяғына дейін жеткізгені үшін Асқар Мырзахметовке облыс халқы атынан алғыс айтты. «Оңтүстік – Қазақ хандығының кіндігі. Елімізді ел қылған, қазақ жерінің бүтіндігі үшін аттан түспеген, Отаны үшін қасық қанын қиған хан, батыр, билерінің әз сүйегі Түркістанда жатыр, Үш жүздің басы Ордабасыда бірігіп, жоңғарды ойсырата жеңді, осының бәрін қамтыған «Қазынаның» жас ұрпаққа тәрбие құралы болатындығы сөзсіз», – деді әкім.
Расында, «Қазына» этнотарихи кешені Шымкент шаһарының шырайын ашатын дүние ғана емес, қазақ тарихының өткені мен бүгінін айшықтайтын орталыққа айналмақ.