Тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмекті дер кезінде үлестіру үшін қазір мамандар күні-түні жұмыс істеп жүр. Халыққа ыңғайлы қызмет көрсету үшін аудан әкімдіктерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, қала бойынша бас-аяғы 8 жерде жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері ашылған. Қабылдау орындарына 150 адамға дейін жұмылдырылған. Олар сәуір айы басталғалы 14000-нан астам тұрғыннан жаңа өтініш қабылдаған.
Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова: «Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген отбасыларға сәуір айында қабылданған өтініштердің барлығы қамтылады. Сонымен қатар қала тұрғындарының «әлеуметтік көмек ала алмай қаламын» деген күдіктерін болдырмау мақсатында сәуір айында өтініш білдірген отбасылардың заң аясында өтініштері қаралып, толық қамтылады» дейді.
Салаға жауаптылар атаулы әлеуметтік көмекке қаралған қаражаттың жеткілікті екенін айтады. Сондықтан көмекке зәру тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ.
Айта кетейік, былтыр Шымкентте 10 мыңнан отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Биыл бұл жәрдемді алатындар саны едәуір артпақ.
«SN.kz»-ақпарат.