Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Сенек ауылының әкімі ұлын көлік жүргізуші етіп жұмысқа алғаны үшін сөгіс түрінде жаза алды.
Facebook әлеуметтік желісінде Сенек ауылының әкімі жеке шаруаларына қызметтік көлікпен баратыны, жүргізушісі өзінің баласы екені және баласы қалада жұмыс істейтіні жөнінде жазба жарияланған.
Әдеп кеңесіне келген әкім ауылда басқа көлік жүргізушісі табылмағандықтан ұлын село әкімінің қызметтік көлігіне жүргізуші етіп жұмысқа алғанын, әрі басқа серіктестікке ауысымдық жұмысқа орналасқаннан кейін табельге тек жұмысқа келген күндерін ғана көрсетіп отырғанын жеткізді.
Алайда, қосымша тексеру кезінде Сенек ауылы әкімдігінің аппаратынан «Көлік жүргізуші» мамандығы бойынша сұраныс болмағаны анықталды.
Кеңес мүшелері әкім Б.Еркеғұловтың өз кінәсін мойындағанын ескеріп, Әдеп кодексінің талабын бұзғаны үшін оған «сөгіс» жариялады.
Дереккөз: Inform.kz