$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте «Оңай» төлем жүйесі жыл соңына дейін енгізіледі

Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерде электрондық билеттерді енгізу мәселесі сөз болғанына бірнеше жыл болды. Алайда көлеңкелі табысы көп салаға жаңашылдық енгізу әзірге жүзеге асатын емес.

Одан қалды, миллионнан аса тұрғыны бар мегаполисте қоғамдық көліктер қанша жолаушы тасымалдайтынының нақты есебін әлі ешкім шығара алмай келеді. Өйткені автобустардың дені жолаушыдан жолкіре алғанымен, билет бермейді. Осы олқылықтың салдарынан қазына қанша қаржыдан қағылып жатыр?

Шымкентте 1100-ден астам қоғамдық көлік бар. Олардың жолаушы тасымалдаудан түскен табысын жасыруға тырысатынының бір дәлелі — жолақы төлегеніңді растайтын билет бермейді. Ал кондукторлар «билет таратамыз» деп ақталады. Тек билет оны таратуға тиіс тұлғаның қолында емес, жүргізушінің алдында жатыр.

Тасымалдаушы компаниялар болса, «жолақысын төлегеннің бәріне билет береміз» деп міз бақпайды. Бірақ берілген билетінің өзі былтырғы. Тасымалдаушы компания өкілінің оған айтар уәжі де дайын. Мәселен, «Green bus company» ЖШС директорының орынбасары Әбдібек Үкібаев: “Өте үлкен ауқымда алдыртамыз. Компания билетті өз есебінен алдыртады. Көп алынған соң, таратылуы да ұзақ мерзімге созылады» дейді.

Ал, қоғамдық көліктегі тәртіпті қадағалайтын мамандардың кімнің сойылын соғары түсініксіз. Олардың айтары — билеттің шыққан жылы маңызды емес. Сериясы мен реттік номері болса болды екен. Ал билет таратпайтын компаниялар ескертумен ғана құтылады. Бұл жайлы Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев: “Заңға сәйкес айтып жатырмын, билет таратпаған компанияларға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл салынады. 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады» деп жауап қатты.

Биыл жылдың соңына дейін қоғамдық көліктерге «Оңай» төлем жүйесі енгізіледі деп межеленіп отыр. Сол кезден бастап қана жолақының барлығы ашық түрде есептеліп, мемлекет қазынасына түссе керек.

«SN.kz»-ақпарат.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары