- Бүгінгі фестивальдің мақсаты - ата-аналар мен балаларға қажетті қызмет түрлерін бір ортаға тоғыстырып, бүлдіршіндердің жүзіне күлкі мен жылулық сыйлау, отбасы жарасымын қалыптастыру. Бұл отбасылар үшін керемет мереке айналып, дәстүрлі жалғасын тапса, - дейді Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев.
Фестиваль барысында Шымкент қаласындағы «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі Зәуре Оралбаева сөз алып, Елбасы айқындап берген бағдарламаға сәйкес қаламызда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Шымкент қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 581 іс-шара өткізіліп, оған 74 мыңға жуық адам қамтылған екен. «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде демеушілер мен меценаттар есебінен құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын 32 жоба ұйымдастырылған. Оқушылар мен жастар арасында «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным – тағдырым» базалық бағыттары бойынша түрлі форматтарда 138 іс-шара өткізіліпті. Өлкенің тарихын кеңінен тану мен зерттеу мақсатында қаладағы 5, 6, 7-ші сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығы дайындалып, 2018-2019 оқу жылына арналған мектеп бағдарламасына енгізілді.
Мереке аясында балалар арасында – түрлі спорттық ойындар, ата-аналар арасында байқаулар ұйымдастырылды. Қаладағы барлық мекемелерден өкілдер қатысып, тұрғын үй, әлеуметтік жәрдемақылар, жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес алуға мүмкіндік туды.
Мұнан өзге Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасына қарасты №1, №2 қалалық емханалардың дәрігерлері халыққа тегін кеңес беріп, қызмет көрсетті. Визаж, шаштараз, тырнақ әрлеушілері, қолөнер шеберлері және аспаздар шеберлік сабақтарын өткізді.
Іс-шара екі күнге жалғасады. Белсенді қатысушылар марапатталып, балғындарды ойыншық, балмұздақ секілді түрлі сыйлықтар күтіп тұр.
«SN.kz»-ақпарат.