Бюджеттен бөлінген 2 миллиард теңгеден астам қаражатты игеруге кіріскен мердігерлер “Самал 3” шағынауданының көшелеріне қаз-қатар бағаналар орнатып жатыр. Айтуларынша, орнатылуы тиіс 4 мыңнан астам бағананың басым бөлігін қойып үлгерген. Енді желі тартылады, жылдың соңына дейін жоспарланған 26 трансформатор мен екі тоқ ажыратқыш бекет салынып, тұтынушылар сапалы жарық алатын болады.
“Самал 3” шағынауданына алғашқы қоныстану осыдан 17 жыл бұрын басталған. Амалдап күнелтуді көздеген жұртшылық жеке трансформаторға тәуелді болып, бағананы өздері орнатыпты. Есесіне мұндағы тариф үш есе қымбат, жалпылдап жиі сөнетін жарықтың әр киловатына 24 теңгеден төлеп келген.
Сала мамандарының айтуынша, биыл қала аумағындағы электр тапшылығын көріп отырған 9 елді мекенге жарық жүйесін жүргізу жұмысы басталмақ. Ауқымды бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен 8 миллиард теңге қаралған. “Шапырашты”, “Достық “секілді шалғай шағынаудандар осы бағдарлама арқылы сапалы жарықпен қамтамасыз етілетін болады» дейді қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөзов.
Бүгінгі таңда осы шағанаудандарға сапалы электр жарығын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама толық рәсімделген. Енді тек техникалық бақылаушы мекеме анықталса болды.
«SN.kz»-ақпарат.