Қызылорда облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше облыста 648 мектепке дейінгі білім беретін мекеме жұмыс істейді. Оның 390 – балабақша, 258 – шағын орталықтар. Барлығы 43351 бүлдіршін мектепке дейінгі білім беретін мекемемен қамтылған. 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 94 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізіледі. Осылайша «Балапан» бағдарламасы белгіленген мерзімінен бұрын орындалмақ.
Аймақтағы балабақшалардың 60 пайызы (234 балабақша) жекеменшік. Онда 15 715 бала тәрбиеленуде. Өңір кәсіпкерлері балабақшаларды мемлекеттік-жеке әріптестік аясында ашып жатыр. Өйткені, олардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.
Алдағы уақытта балабақша кезегінде тұрғандардың санын анықтап, алдын ала мониторинг жасап отыру үшін ситуациялық орталықтың ақпараттары қолданылатын болады. 2015 жылы барлығы 460 орындық балабақша іске қосылды. Мұнан бөлек Сырдария ауданындағы жекешелендіріліп кеткен 140 орындық балабақша мемлекеттің меншігіне қайтарылып, 110 бөбекті балабақшамен қамтуға мүмкіндік туды.
Жыл соңына дейін тағы 2698 орындық мектепке дейінгі білім беретін мекемелер ашылатын болады. Алдағы уақытта білім басқармасы балабақшалардағы педагогтардың біліктілігін арттыруды қолға алмақшы. Жалпы Қызылорда облысында мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар салу жұмыстары жалғасын табады. Өйткені облыс бала туу көрсеткіші бойынша республикада үшінші орында тұр.