01.06.2019, 14:46

Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы балаларға мереке ұйымдастырды

1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы "Бірге күліп, шаттанайық!" атты мерекелік шара өткізді. Оған қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов қатысып, мерекенің маңызына тоқталып, балаларға ыстық лебізін білдірді.

«Балалар – біздің болашағымыз. Балақайлардың шат күлкісі жүректерді жылытып, қуаныш сыйлайды. Біз бүгін осы тәп-тәтті бүлдіршіндерімізді қуаныш пен түрлі сыйлықтарымызбен қуантқымыз келеді», - деді ол. Сондай-ақ бірқатар этномәдени бірлестіктердің төрағалары да балауса балаларды мерекелерімен құттықтады. 

Іс-шара барысында қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының атынан 150 балаға арнайы сыйлықтар мен балмұздақтар таратылды. Жиынға қатысушылар 300 адамға арналған мерекелік дастарқаннан дәм татып, этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Қалалық Оқушылар сарайының өнерпаздары бүлдіршіндердің назарына ертегілер желісімен дайындалған қызықты сахналық қойылымдар мен көңілді ойындар ұсынды.

Сондай-ақ бүгін қалалық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірге әзірбайжан, славян этномәдени бірлестіктері Шымкент қаласындағы №11 емханада тіркеуде тұрған мүгедек балаларға және қалалық №3 балалар үйіне арнайы барды. Онда жалпы 148 балаға сыйлықтар үлестіріп, концерттік бағдарлама ұсынды.

«SN.kz»-ақпарат.