Құбылмалы әйел мінезін түсіну қиын. Алайда бір шаңырақтың астында өмір сүрген соң онымен тіл табыса білу керек. Әйтпесе отбасында ұрыс-жанжалдың орын алары сөзсіз, деп жазады massaget.kz.
Төмендегі кеңестердің отбасында тату-тәтті тұрудың жолын іздеген ер-азаматтарға тигізер пайдасы көп деген ойдамыз.
Күйеуіне еркелемейтін әйел жоқ. Сондықтан әйеліңізге үнемі жылы сөз айтып, еркелетіп, көтермелеп отырыңыз. Жылы сөз жан семіртетіні ойыңыздан шықпасын.
Кейбір еркектер бөгде адамның көзінше әйеліне жекіп сөйлейді. Ол дұрыс емес. Әйеліңіздің ұнамаған, өзіңізге жақпайтын мінезі мен тірлігін оңашада айтуға тырысыңыз. Кісінің көзінше оны балағаттауға, сөгуге болмайды.
Әйел құрсақ көтергенде, босанған кезде тым сезімтал, көңілшек болып кетеді. Сондайда оған қолдау көрсетіп отырғаныңыз жақсы. Әсіресе сәби өмірге келген кезде оның жүйкесі тым қатты жұқарады. Сондайда баланы да, оны да жақсы көретініңізді білдіріп, жанында көбірек болуға тырысыңыз.
Егер әйеліңіздің өзіңізден сыр жасыратынын байқаған болсаңыз, онымен ашық әңгімелесіңіз. Қандай жағдайда да қолдайтыныңызды білдіріңіз. «Келісіп пішкен тонның келте болмайтынын» түсіндіріп, ақылдасып отыруға шақырыңыз.
Әйеліңіздің қызғанышын байқасаңыз, оған ренжімеңіз. Керісінше, өзіңізді жақсы көргені деп түсініңіз. Бірақ өзіңіз де оның қызғануына жол бермеуіңіз керек. Оның көзінше бейтаныс әйелмен телефон арқылы хабарласпаңыз, той-жиында қыз-келіншектерге сұқтана қарамаңыз.
Арада түсініспеушілік орын алмас үшін демалыс, мереке күндерін үйде отбасымен бірге өткізуге тырысыңыз. Кезектен тыс шаруалар шыға қалған жағдайда оны жаймен түсіндіріп айтыңыз.
Әйелге шектен тыс көп талап қоймаңыз, тым еркелетіп те жібермеңіз. Өзіңізді қамқор тұтатын әрі аяқ тартып, именетіндей болуына көңіл бөліңіз. Ол үшін оның айтқандарын орындай отырып, өз дегеніңізге көндіре алатындай болуыңыз керек.