19.06.2019, 13:18

Шымкентте Қала күніне орай муниципальды автобус паркі ашылды

Бұл – елдегі теңдесі жоқ жоба. Қазақстанда құрастырылған қоғамдық көліктер бір мезетте 56 жолаушы тасымалдауға қауқарлы. «Ұзындығы 8,5 метр келетін автобустар Шымкент жолдарына ыңғайлы» дейді мамандар.

Мұнда ЖМС, сервистік орталық, автожуу қызметі бар. Жатақхана, медпункт және жүргізушілерге арналған асхана да қарастырылған. Тағы бір қуанышты жаңалық – Шымкентке Қазақстанда құрастырылған 300 жаңа автобус жеткізілді. Олар салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған.

Жаңа ашылған «Shymkent Bus» муниципальды автобус паркінде жұмыс істейтіндер қатаң іріктеуден өтеді, жалақылары да жоғары, жүргізуші 176 мың, кондуктор 100 мың тенге көлемінде айлық алады. Басты талап – шылым тартпауы тиіс.

Бұл көлікте жолаушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Шаһар басшыларының айтуынша, жоспар бойынша Шымкентке жыл соңына дейін осындай автобустың бас-аяғы 1000 данасы жеткізіледі. Алғашқы жартыжылдықта 300-і алынып, бүгін қала көшесіне №138, 153 бағыт бойынша жолаушы тасымалдауға шықты.

«Қазіргі таңда Шымкент қаласында 27 көлік компаниясы жұмыс істейді. Олардағы техниканың басым бөлігі ескірген. Жолаушылар үшін қауіпті. Сол себепті алдағы уақытта жолаушы тасымалдау саласында тек бәсекеге төтеп берген компаниялар жұмыс атқаратын болады. Сол кезде барлық мәселені шешеміз. Жалпы, қалада қоғамдық көлік саласын реформалау басталды» деді муниципальды парктің ашылуына арнайы қатысқан шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов.

Алдағы жоспар – электронды билет жүйесін енгізу болып тұр. Жоспар іске асқан жағдайда жол жүру ақысы көлеңкелі айналымнан шығады. Ал кондукторлар тек жолаушылардың қауіпсіздігін ғана ойлайтын болады.

«SN.kz»-ақпарат.