$ 494.87  520.65  4.91

Баланы кейде өз ата-анасынан қорғау керек секілді

Өкінішке қарай, көптеген адамдар балалар құқығы, балаларды қорғау дегенді тек 1 маусым күні оларды көшеге алып шығып балмұздақ әперіп, бір рет қуантумен ғана өлшейді.
Фото: elana.kz
Фото: elana.kz

Ата заңымыздың алғашқы бабында-ақ «еліміздің басты құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген жазу айқын жазылып тұрса да, адам құқығының аяққа тапталып, тіпті оның өміріне қастандық жасап жататын жайттар аз кездеспейді. Әрине, әр оқиғаға кінәлі адам әшкереленіп, заң алдында жауапқа тартылады, әркім өз сыбағасын алады. Алайда, одан қылмыс азайып, қоғам ізгіленіп кеткенін көргеніміз жоқ. Неге? Осыған таң қаласың. Саралай келе, осының бір ұшы түптеп келгенде өзімізде емес пе деген ой келді. Себебі адам құқығы ең алдымен жаңа туған сәбидің құқығынан басталады.

Өкінішке қарай, көптеген адамдар балалар құқығы, балаларды қорғау дегенді тек 1 маусым күні оларды көшеге алып шығып балмұздақ әперіп, бір рет қуантумен ғана өлшейді. Бірақ баланы қорғау деген ол емес шын мәнінде? Әйтсе де, тағы бір нәрсе түсініксіз. Біз баланы кімнен, неден және не үшін қорғауымыз керек? Ол үшін не істеуге тиіспіз? Осы жағы да түсініксіз.

Ажырасу, алимент, қашқын әке...

Жыл сайын қаншама жұптар «әңгімеміз жараспады» деген сылтаумен ажырасып кетіп жатады. Нақты дерекке сүйенсек, Статистика комитеті 2018 жылы Қазақстанда 137 мыңнан астам жас шаңырақ көтеріп, оның тең жартысындайы 54 797-і көп ұзамай, ажырасқанын келтіреді. Ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы ондықта екенбіз. Тіпті, көрші Өзбекстанның өзінде ажырасу деңгейі 10 пайызға жетпейді. Тәжікстанда тіпті төмен. Танымал америкалық әлеуметтанушы Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Жә, есепті былай қоя тұрайықшы, біз мұнымен мақтанғалы тұрғанымыз жоқ қой. Айтайын дегеніміз, ажырасқан ерлі-зайыптының екеуі екі жолға түсуін түсе алар-ау, бәлкім бірі жақсы күйеу, екіншісі жақсы әйел тауып та кетер. Бірақ... ортадағы бала ше? Оның жайын кім ойлайды? Біздің елімізде ажырасқан жағдайда бала көбіне анасында қалады. Сол себептен де шығар, бүгінде елімізде баласын жалғыз өзі асырап отырған әйелдер өте көп. Сондай-ақ баланың әкесінен алимент өндіре алмай жатқан әйелдер де жетерлік. Соның салдарынан қаншама баланың балалық шағы тозығы жеткен ескі үйлерде және азаннан кешке дейін төрт қабырғада қамалып өтіп жатыр. Себебі жалғыз өзі асырап жатқан анасының бар жеткен шамасы сол ғана. Балаларын жақсы баспанада тұрғызып, жақсы мектепте оқытып, сапалы киім кигізуге, тамақтың дәмдісін жегізуге ақшаны қай ана қимасын, тек соған қолы құрғыр қысқалық етеді. Бәлкім, әкесі үйге келер жолды ұмытпай, анда-санда болса да, балаларын қыдыртып тұрса, жағдай бұлай болмас па еді...

Жыл сайын сот орын­дарында балаларын бағып-күтуге алимент өндіріп алу жөніндегі 35 мыңнан астам азаматтық іс қаралады екен. Бас проку­ратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мамандарының айтуынша: «сот орындаушылардың өндірісіне жылма-жыл 200 мыңнан астам алимент өндіру туралы атқару құжаттары келіп түседі. Бұл – толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан осынша бала алимент алуға мұқтаж болып отыр деген сөз. Әдетте, борышкерлердің басым бөлігінің алимент төлеуге мүм­кіндіктері жеткілікті болады, алайда әртүрлі себептермен орындалмай жатады. Жекелеген жағдайларда олар өз жұмыс орны мен табысы туралы мәліметті қа­сақана жасырып, уәкілетті органдардан өздері де жасырынады».

Немесе кейде ерлі-зайыптылар ортадағы балаларды бөлісе алмай жатады. Ондайда тіпті қиын. Бала үшін әке де қымбат, шеше де қымбат. Соны біле тұра, үлкендер кейде кіп-кішкентай баланың алдына үйдей мәселе қояды, ол – «екеуміздің бірімізді таңда» деген шарт. Үлкендер де қызық, балаға мұндай шарт қою, не қолыңды таңда, не аяғыңды таңда, біреуін кесеміз деумен бірдей екенін олар неге түсінбейді? Адам өз қолын өзі кесе ала ма? Әрине жоқ! Олай болса, біз неге баланың жүрегіне қаяу салып, оның ата-анасының ортасында емін-еркін өсу құқығына қол сұғуымыз керек?

Өрімдей баланың өмірін өксіткен өгей әке, өгей шеше...

Және тағы да бір өте күрделі мәселе – өгей әке мен өгей шеше! Күні кеше ғана Түркістан облысында орын алған өгей шешенің үш бірдей қызын жылдар бойы қорлап келген оқиғасы ешкімнің есінен шыға қоймаған шығар. Біресе ыстық пешке отырғызып, біресе тоңазытқышқа қамап, қала берді шай орнына ыдыс жуатын қоспа ішкізу сияқты адам төзгісіз азаптың түр-түрін көрсеткен қатігез әйелдің қылмысы әшкере болмас па еді, егер қыздардың мұғалімдері олардың денесіндегі көкала қойдай болған дақтарды байқамағанда?!. Және, өгей шеше өз ісінен асқан ләззат алатын маньяктар секілді қыздарына көрсеткен әр қорлығын дәптерге тізіп жазып жүрген. Онысы сотта өзіне қарсы айғақ болды. Бұл да – ең әуелі олардың ата-анасының ажырасуынан басталған ауыр салдар.

Әрине, елімізде заң бар, ол баланың құқығын қорғайды. Сол себепті те ол әйелдің кішкентай баласы барына, тіпті аяғының ауырлығына да қарамастан, үстінен қылмыстық іс қозғалып, үш жарым жылға сотталды. Заң алдында жазасын алуын алды-ау, бірақ қыздардың жанына түскен жара мен ұрланған ұйқы, күлкісін және балалық шағын ешкім де, еш нәрсе қайтара алмайды ғой?

Бұл бір деңіз

Келесі бір оқиға, естеріңізде болса осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы облысы, Наурызбай ауданында сұмдық оқиға болып еді ғой. 11 жасар Өркенді өгей шешесі қастандықпен ұйымдастырып өлтіргені жөніндегі хабар барлық телеарналардан көрсетілді. Абай саябағындағы қараусыз қалған үйлердің бірінің жертөлесінен шұңқыр қазып, қаршадай ғана қорғансыз баланы көміп кеткендердің ісін немен түсіндіруге болады?

Немесе

Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы жағдайда: ері мен әйелі ұрсып қалып, салдарынан тасжүрек әке 1,5 метрлік шпагат жіпті өгей баласының мойнына салып, екінші ұшын аттың еріне байлайды. Содан соң әйеліне «саған керегі осы ма?» деп аттың шабынан түртіп үркітеді. Жалт беріп үріккен ат жұлқына ыршып шаба жөнелген. Аттың екпінінен тартылған жіп баланың

мойнын оқыс қысқанда баланың шырқыраған ащы дауысы жан түршіктіреді. Ал, өгей әке селт етпейді. Қайрат пен Ләззат ұлдары Қуандықты асырап алған екен. Іс сотқа жеткенде қатыгез Қайрат шімірікпестен «оны ат сүйреп кетті», – деген.

Неміс халқынан неміз кем?

Бұдан да басқа мыңдаған мысал келтіруге болатын шығар, бірақ мәселе мұнымен шектелмейді. Сондықтан әзірге осы жерден аялдап, әрі қарай бұл мәселені шешу жолдарына кезек берсек. Озық елдердің тәжірибесіне сүйеніп көрейікші, мәселен АҚШ-та ажырасқан ерлі-зайыптылардың балаларына әкесі не анасымен кездесуге тыйым салуға құқы жоқ екен. Тағы да бір қызығы, ол елде бала өз ата-анасын сотқа бере алады екен, егер ол өзінің жағдайына көңілі толмаса. Тіпті ата-анасынан бас тартуға да құқы бар.

Сондай-ақ француз баласының құқы сонау әріден қорғалады. Яғни, онда салдармен емес, себеппен күреседі. Яғни, бала тәрибесімен айналысып жатқан ата-аналармен арнайы жұмыстар жүргізіліп, егер баланы тәрбиелеу қолдарынан келмейтін ата-аналар анықталса, арнайы мамандарға жүктеледі екен.

Десек те, бала тәрбиесі жағынан ең озық ел Германия десек те болады. Онда ең алдымен оларда баласы бар ата-аналарға жақсы жалақы төлейді. Сондай-ақ ол елде тіпті баланы өзі дүниеге әкелсе де ата-анасының оларды ұрып-соғу былай тұрсын оның арына тиетін сөз айтуға қақысы жоқ. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған баланы жалғыз өзін қалдыруға қатаң тыйым салынған, тіпті дүкенге барып келуге кеткені үшін де олар айыппұл төлейді екен. Сондықтан да бұл елде әйел мансап қуа ма, жоқ бала тәрбиесімен үйде отыра ма тұрмысқа шықпай тұрып шешеді екен. Сондай-ақ неміс халқы ер адамның бала күтімімен үйде отыруына рұқсат беріп, сол үшін оған ақы төлейді.

Қазақ та «баланы – бастан» деп, ұяда оған ұят пен арды жоғары қоюды үйреткен ел. Қала берді бізде де баланы қорғайтын заңдар да жеткілікті. Бірақ өкінішке қарай, кейінгі жылдары дәстүрден жаңылдық па, әлде сананы тұрмыс биледі ме, әйтеуір әлдилеген балаларымыздың әлімжеттік ұшырауы жиілеп кетті...

Мәриям ӘБСАТТАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары