Әлем әдебиеті тарихындағы интимдік поэзияға қазақ ақындары да жиі қалам тартқан. Тіпті, кезінде «Бейпіл сөздер» фольклорлық жинағын құрастырған ғалым Ақселеу Сейдімбек кейінгі кезде қазақ әдебиетіндегі жабық тақырыпқа айналған эротикалық өлеңдердің бастауы сонау Шал (Тілеуке) ақыннан алынғанын меңзейді, деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы.
Ол пікірді «Махаббат ләззәтiнiң ғажайып мезеттерiнен туатын, қыл сезiмнiң құштарлы шағын паш ететiн жерлерiне келгенде Шал ақынның құдiрет күшiн тағы да бiр жаңа қырынан байқайсың. Ол – эротикалық өлеңдер. Бұл саладағы ақын бабамыздың алар орны ерекше, әзiлдiң атасы десем, эротикалық өлеңнiң нағыз бабасы да – осы Шал ақын» деп, ақын Кәкiмбек Салықов қуаттай түскен.
Мысал келтірсек, сол Шалекең жырларында мынадай шумақтар бар:
«Сұлу қыз көрсем қатты қуанамын,
Ән арнап, күй төгiлтiп дуаладым.
Айқарып, ақ тамақтан сүйiп, құшып,
Армансыз аршын төсiн уаладым».
«Шалыңның екi көзi жайнап жатыр,
Кеудемде нәпсi, шiркiн, қайнап жатыр».
Бұл тақырыптан қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев та қалыс қалмаған. Оның «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» атты өлеңінде:
«Қандай қызда ләззат бар жан татпаған.
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,
Алмасы өкпе болар қол батпаған», – деген жолдар бар.
Ал одан кейінгі ақындарға келсек, алдымен еске оралары Мағжан Жұмабаев екені анық. Әйгілі «Сүй, жан сәулем» өлеңінен мысал келтірсек:
«Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззәттің бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен!
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен», – дейді ақын.
Енді қазақ поэзиясының қазіргі эротигі ретінде Исраил Сапарбай көш бастап тұр. Ол – интимдік жанрды кәдімгідей жаңғыртып, «Түнгі әуендер» (Алматы, «Атамұра», 2006 жыл) деген арнайы кітап шығарған ақын. Мағжан Жұмабаевтың әлгі «Сүй, жан сәулемінің» желісімен
«Сүй тағы да, сүй тағы да, сүй тағы,
Еркем, гүлім, ернің қандай шипалы!
Ессіз күйде елжіретіп, ерітіп
Бара жатыр жанды, тәнді, құйқаны», – деген өлең жазған.
«Шешінші,
Тал бойыңды қызықтайын,
Жатқандай жапырағын үзіп қайың», – дейді тағы бір шабытты шағында.
Айта берсе, интимді иландыра иіру Исраил ақынға таңсық емес. Алайда, кейінгі кітап оқи қоймайтын жас буын Мұқағали Мақатаевты эротика жанрының шебері деп таниды. Өз замандастарының «бір қайнауы ішінде» қалған анайы тақырыптағы «жырларын» да Мұқағалидың атына оңды-солды тели салу кең етек алған.
«Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүй жаным!
Сүйкімді бір күйге енемін.
Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,
Ағытшы бешпентіңнің түймелерін!».
«Сүйген жүрек қалады есеңгіреп,
Есеңгіреп, білмеппіз таң атқанын», – дегендей әдемі лирикалардың авторын жеңіл-желпі секс тақырыптарына қалай қиятындарын түсінбейсің. Мысалы,
«Қараңғы. Тыныштық өңгерген.
Екеуміз үйіңде егеш.
Сен шықтың арғылау бөлмеден,
Бұл жолы киіммен емес...» – деп басталатын әлеуметтік желілердегі «әумесер» өлеңді Мұқағали Мақатаевтың «Пәк қыз» деген жыры екен деп шуласқандардың қарасы көп. Шын мәнінде, ол өлеңнің авторы – жас ақын Аслан Қаженов. Ал тақырыбы «Пәк қыз емес», «Алғаш барғанда» деп аталады.
Бұл ретте тағы да Кәкiмбек Салықовқа жүгінсек, «Эротика – айқаласқан тайталас сәттегi сезiм селiнiң сыпайы толғағы, ол – порнография, яғни былапыт, дөрекi тiлмен көсiлтетiн күнәһар емес, нағыз пiрадар тiлмен ашық айтылатын сыпайыгер, ләззәтшiл, рахатшыл мезеттердiң суретi», – дейді ол. Осы тұрғыдан алғанда, астарсыз ашық тақырыпқа жігіттер емес, қыздар жағы еркін баратынға ұқсайды. Әрине, қазақ жырының падишасы Фариза Оңғарсынова бұл тақырыптағы сезім иірімдерін жақсы жеткізе білген.
«Сенің от құшағыңда
ардан аттап, қалдырдым пәктігімді,
ләззатқа батырған ақ түнімді.
Айырдым мен аяусыз енді кимес
ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі», –
деп келетін жолдар ақынның «Дауа» (Алматы, «Атамұра», 2002 жыл) кітабынан кездеседі.
Қазір ше? Мысалды бүгінде эротикалық жырлар жазудан алдына жан салмай келе жатқан Асылзат Арыстанбектен бастайық...
«Қылығыммен еліктіріп жатырмын,
Құшағыңа еніп, кіріп жатырмын,
Балғасына көрік болып жатырмын,
Бермесімді беріп тынып жатырмын», – деп шымыр шумақтарды шашып-төкпей құйылтатын Асылзат бір шарықтаған сәтінде «Күрең атың шөлдесе...» деп тұрып екпіндеткен. Толық нұсқасы мынау:
«Күміс көлден ойылған,
Күрең атты суарған,
Сен де шықтың ойымнан,
Мен де шықтым құмардан.
Жағасында көлімнің,
Жай жатпайсың, жырғайсың.
Күрең атың шөлдесе,
Күнде келіп тұрғайсың.
Тұңғиығы тап-таза,
Табиғаттың ғажабы:
Қысы-жазы көлімнің,
Тарқамайды базары.
Күліп-ойнап кеткейсің,
Күміс теріп тереңнен.
Күрең келсе кісінеп,
Көл де шығар кемерден.
Тыныштықпен таласып,
Тілегіңе жеткейсің,
Күреңіңмен таң асып,
Қазық қағып кеткейсің.
Көл жағасы құрақ-ты,
Келіп тұрғай құс аулап,
Арғымағым, біржола,
Алайын ба тұсаулап.
Келсең-дағы таң асып,
Тыншымайсың, тынбайсың.
Күрең атың шөлдесе,
Күнде келіп тұрғайсың.
Таңға жеткен тілегің,
Тоят түннің пірі едің.
Шорт үзетін шідерін,
Шөлі қанбас күреңім».
Бұл жердегі «күрең аттың» шабысы «қамаудан босағаннан» кейінгі еркіндік қой. Ал оны ақын қиялы қалай босатты десеңіз, жауабы міне:
«Бірде майып,
Бірде жеңіп,
Ұтамыз.
Бар бұлақтың балын бірге жұтамыз.
Алқын-жұлқын,
Бөрі тартқан тулақтай,
Айдалада қалған шығар лыпамыз».
Лыпа айдалада қалған да, «күрең аттың» шөлі қанған. Және ол қалай қанған десеңіз,
«Найзағайың тік түсіп,
Кеттім күйіп.
Нөсердейін сонан соң төктің құйып.
Қаймағы алынбаған сүттей едім,
Бір қасық қатығыңнан кеттім ұйып», – деген жауап та дайын. Асылзаттың айтары онымен тоқтамайды, әрине.
«Көтеріліп-басылып көрпе көңіл,
Қимылымыз епсекті, ерке-жеңіл.
Мен керілдім,
Берілдім бас айналып,
Бәрін мүлде ұмытып сен де беріл!
Бірте-бірте бәсеңсіп бүлкіліміз,
Балбыраймыз баладай,
Күлкіліміз.
Құшағымыз қарысқан жазыла сап,
Құшақтаса кетеді кірпігіміз», – дейді одан әрі.
Өзі бір сұхбатында журналисттің: «Эротикалық жанрдағы өлеңдеріңіз үшін оқырман тарапынан айтылатын сын аз емес. Өйткені, қазақтың әдебиеті түгілі, қоғамына жат секілді көрінеді бұл тақырып. Шыныңызды айтыңызшы, оқырмандарыңыз: аға-әпке, замандастарыңыз өлеңіңізді қалай бағалайды?» – деген сұрағына былай жауап берген: «Жоқ, ешкім де сынамайды. Замандастарым да, аға-әпкем де. Былайғы әдебиетшілер де, ақындар да сынамайды. Сынауға олардың өресі жетпейді. Ал «қазақ әйеліне тән емес» деп пыш-пыштаушылардың сөздерін сөз екен деп құлағыма қыстырғым келмейді. Құдды солардың өздері қазаққа тән әрекет жасап жүргендей сөйлейтіндерге жыным келеді. Сіздің өзіңіз менің өлеңдерімді қоғамға, әдебиетке жат деп түсініп отырсыз. Бұл – поэзия! Поэзия қалайша әдебиетке жат болуы керек?! Бұл дегеніңіз «әдебиет адамға жат» дегенмен бірдей. Адамға эротика жат деп айта аласыз ба? Айта алмайсыз, демек, ол туралы поэзия да, көркем сурет те, музыка да керек». Әне, осылайша біздің әріптестер ақынның шамына тиіп, шабытты шағына бөгет жасағандай болып қалады енді.
Осындай сұрақ интимдік жанрдың иін қандыра түскен келесі ақын қызымыз Индира Керееваға да қойылған. «Сіздің өлеңдегі «ашықтығыңыз» үлкендер тарапынан бірнеше рет сынға ұшырағанын оқыдық. Сонда әдебиеттегі жанрлар қазақи болмысқа келмейді деп, мүлде қалам тартпау керек пе? Осы жайында не айтасыз?» – депті журналист. Сонда ол да: «Сынаса қайтем енді?! Сынай берсін. Құдай қаламдарына қуат берсін! Өздері жаза алмаған нәрсені мен жазсам, оған бола талақтары тарс айрылса, енді мен қайтейін?! Енді мен көрінген көк иттен «мынаны жазайын деп едім, бола ма?» деп рұқсат сұрап жүрмейтін шығармын. Сынай берсін, мені тіпті сыртымнан ұрып, сабаса да болады», – деп ренжіңкіреген. Ал өлеңіне келсек,
«Әлсіреп жетерміз ақ таңға,
Жек көрiп күн берер жарықты.
Ләззатқа өртеніп жатқанда,
Бюстгальтер адыра қалыпты...
Айтпашы дәнеме, жөнiңдi.
Соңына жеткенше болшы әлдi!
Қызулы, қайратты қолыңды,
Қос анар қасқайып қарсы алды...
Оңаша өзіңмен қалғанмен,
толқыды әйтеуір бұл жүрек.
Сендегі қайратты қанжармен
тастадың армансыз тілгілеп...
Қайтейiк тән деген тентекті?
Біздерге ол сірә қорғаныс.
Тереңге шын батып, әкетті
толқындай тербелген қозғалыс», – дейді Индира.
Ескерте кетсек, біздің эротик ақындарды сынауға «өреміз жетпейді». Сондықтан «өзіміз жаза алмаған нәрсені олар жазса, оған бола талағымыз тарс айрылмайды». Жай ғана баяндадық. Осы бір ұлттық ұғымымызға томпақтау, танымымызға таңсықтау жанрдың тамырына қан жүгіртіп отыр дедік. Әйтпесе, демократиялық қоғамда «Айдалада қалған шығар лыпамыз» десе де, «Бюстгальтер адыра қалыпты» десе де, өздері біледі ғой...
Еркеғали БЕЙСЕНОВ