Бұл пікірді белсенді фейсбук қолданушысы, профессор Қуандық Шамахайұлы өз парақшасында қалдырған, деп хабарлайды skifnews.kz ақпараттық порталы.
Ғалымды жауыр болса да үздіксіз көтеріліп тұратын «тоқал» тақырыбы қатты қынжылтқан болуы керек, әлеуметтік желідегі парақшасында төмендегідей эмоцияға толы жазбасын қалдырыпты.
«Фэйсбүкте соңғы кезде басында орамалы бар қартаң қатындар мен кемпір-кешектер айналасындағы бəйбішелерге үндеу тастайтын болыпты. Ондағысы баяғы сол жауыр болған тоқал туралы оттаған әңгіме. Осындай өнбейтін дау-дамаймен қазақтың шаңырағын шайқау кімге керек?!», - деп қынжылысын білдірген профессор, көп қатын алған араб әлемінде адам саны өсіп қарық болмай жатқанын да тілге тиек етті.
«Бір қатынмен-ақ Үндістан халқы миллиардтан асып, өсіп-өніп жатыр. Сонда, халық санының өсуі тоқал-моқал секілді "шыжың байталға" қарап қалып па? Мұндай алжыған кемпірлер мен қағынған кəрі қатындар көп сандалмай, салт бас, сабау қамшы болып жүрген ұлдары мен немерелерін үйлендірсін, жасы жетіп келе жатқан қыздарын ұзатсын», – дейді ашуға булығып.
Мұнымен ары қарай «Тоқал болуға кім келісім берсе, сол - жезөкше немесе дүниеқоңыз опасыз біреу. Дені дұрыс қыздар əрдайым өз теңін тауып, тұрмысқа шығып кетеді. Ал біреудің отбасын ойрандап, шалға тиетіндер туралы айтудың өзі жиіркенішті» екендігін айтып, тоқал ұғымына өз бағасын береді.
Ғалымның пікірімен келіспеген Құрбанәлі Аманкелдіұлы деген желі қолданушысы «Бұрынғы тоқалдар да сіз айтқандай жезөкше немесе дүниеқоңыз біреулер ме?» деп сұрақ қояды. Автор «бұрынғы заманда өмір сүргендер айтсын. Мен бүгінді айтамын» деген уәж айтса, «бұрынғының қадірін білмесеңіз, бүгінгіні қалай айтасыз?» деген сұрақпен жауап алады. Нұрболат Қаймұрат деген де желі қолданушы «Бұл - сыңаржақты ой, ата бабаның жолына зер салып қараңдар», - деп пікір қалдырыпты.