Белгілі блогер Фима Иванов YouTube-арнасында қазақтың ұлттық асы – етті дайындауды үйреткен видеосын жариялады. Ол видеоны толығымен қазақ тілінде түсірген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы, Тengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Блогер өз видеосында ет асуды үйретіп, кейін балықтан жасалған кәуап дайындауды көрсетеді.
«Ас пісіріп жүргеніме көп болды. Бұрын видео форматында тамаққа қатысты түрлі әзілдер түсіретінбіз. Бұрын ұлттық тағамдар дайындайтынмын. Бірде Макс Мамырайынов деген жолдасым «Неге қазақша видео түсірмейсің? Қазақ тілінде сәл сөйлей аласың ғой. Өте жақсы шығатын сияқты», – деді. Сөйтіп, видео түсірдім. Әдетте мұсылман бауырларымды қазақша құттықтап тұрамын. Кейде қазақша видеолар да түсіремін. Осындай кеңес берген жолдасыма рақмет», - деді Фима Иванов.
Блогердің айтуынша, енді ол қазақ тілінде видеоларды жиі түсіріп тұрмақ. Видеоны қазіргі таңда 3,5 мыңға жуық адам қараған. Көрермендердің көбі блогердің қазақшасымен қатар, дайындаған астарын да мақтап жатыр.