«Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» дегендей, жан-жағыңа қарасаң, жағалай «жетім бұрыш». Қолында күректей дипломы барлардың өзі бала-шағасын асырауға жетерліктей жалақыға болса да жұмыс таба алмай жүнжіп жүргенде, астанаға түкпір-түкпірден келген қаншама дипломсыз жастардың, елуді еңсерген ерлердің «екі қолға – бір күрек» таба алмай, «жетім бұрышта» торығып тұрғанын көргенде, «ашиды жаның, тасиды қаның». Құдды 90-жылдардағы қоғам елестейді көзіңізге...
Солардың жайын білмек болып, Нұр-Сұлтандағы «Астаналық» (Артем) базары мен «Тұлпар» сауда үйінің маңында тұрған бір топ адамға арнайы бұрылдық. Басында көзімізге 20 шақты азамат көрінген. Біздің аялдағанымызды көргенде, қайдан шыға келгенін қайдам, әп-сәтте құмырсқадай қаптап 50-ге жуық адам жетіп келді жанымызға. «Қандай жұмыс, қандай жұмыс?» – деп дігерлеп, «талап-жеп» барады. Бәріне жауап беріп үлгермей, есің шығады екен тіпті.
Өзін Нұрболат деп таныстырған жігіттен сұрғанымызда, ол сағатына мың жарым теңге алатынын, келісіп мыңға да түсетінін айтты. Жұмыс – бір телешке отынды түсіріп, кесіп-жарып беру екенін білгенде, ол мұндай ауыр жұмысқа кемінде 20 мың алатынын бірден ескертті.
Одан кейін бет-жүзі тотығып кеткен, жасы қырықтар шамасындағы жігіт ағасына жанымыз ашып, сол кісіге таңдау жасадық. Ыстық күннің астында шыжып, клиент күтіп шарқ ұрып, сол болмашы мың жарым теңгеге бір-екі сағатқа жалданғанша, не де болса біз ұсынған жұмысқа тәуекел танытып тұр. Жанындағы інісі ме, әлде туысы ма, жанашырлық танытып, оған бұл жұмысқа денсаулығының жарамайтынын, ертеңіне тұра алмай ауырып, «жұмысқа» шыға алмай қалатынын шырылдап айтып жатыр.
Ал жастардың көзқарасынан байқағанымыз, қиын жұмысқа жегілгенше, неғұрлым оңайырағы керек сияқты... Жә, бұл өздерінің шаруасы делік. Дегенмен, күнде оңай жұмыс табыла бермейді ғой. Аузымызды толтырып айтайықшы, оларға күніне екі жұмыс табылды дегеннің өзінде, айына 80 мың теңге пайда түсірді делік. Ауылдан қалаға келіп, тұрақты жұмыс таппай отырып, олардың хан сарайын жалдамайтыны және белгілі ғой.
Ал ширек ғасырдан соң бір-ақ жекеменшігіңе айналатын, яғни 25 жылдық ипотекалық баспана алу – «армандапсың ақ тоқты, қысты күні көк шөпті» дегеннің кері. «Жетім бұрыш» жағалағандар табан ақы, маңдай терімен тапқан-таянғанының 50-60 мыңын «құрбандыққа шалып» жазғы сарай (времянка) жалдай ма, әлде, бала-шағасын асырай ма? Қайда жетеді ол ақша?!
Ұлан-ғайыр жерінде Қытайдың бір ауданының көлеміндей ғана халқы бар Қазақстанда осындай жұмыссыз жандар қаптап жатқанда, бір топ атақты ақын-жазушыларымыз сол Қытайдағы 30 миллион ұйғырды елімізге әкеліп, азаматтық берейік, сонда біз 50 миллион болып шыға келеміз деп кеңпейілділік танытып әлек.
«Өзің дуанасың, кімге пір боласың» демекші, бұл ұсынысты Үкімет қабылдап кеп жіберсе, 50 миллонның бас-басына баспана, жұмыс тауып бере қою – неғайбыл-ау... «Өкімет өлтірмес» деген үмітпен ілдебайлап өмір сүріп келеді қара халық. Ал арзанқол жұмысқа «жетім бұрышта» тұрып жегілуіне ол өкіметтің өлтірмеуінің қатысы қанша?!.
Бауыржан БЕРІКҰЛЫ