Нұр-Сұлтан қаласында интернет-алаяқтық фактілері жиілеп отыр. Солардың ішіндегі кеңінен таралғандардың бірі – жылжымайтын мүлік пен автокөліктерге байланысты жасалатын қылмыстар, деп хабарлайды ҚазАқпарат, қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алаяқтар пәтер және автокөліктер сату бойынша жарнамалар сайтына кіріп, байланыс телефондарға қоңырау шалып, мүлік сатып алуға ниет білдіретінін және кепілдікке алдын ала ақша беретіні туралы хабарласып, келіскендей болады. Әбден сенімге кіріп алған соң сатушыдан төлем карточкасын «интернет-банкинг» қызметіне қосуын өтінеді. Бұл жүйемен жұмыс істеп көрмеген азаматтарды алдап, ақшалай қаражат бар шоттар бойынша түгелдей мәліметтерді сұрап алады.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне интернет-алаяқтық фактісі жөнінде қала тұрғынынан арыз келіп түсті. Белгісіз біреу оның жарты миллион ақшасын алдап иеленген. Өз үйін сатуға қойған әйел мәліметтерді алаяқтарға өзі жіберіп, ақшасынан айырылған. Қазіргі таңда осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы ПД интернет пайдаланушыларына қырағылық танытып, интернет-алаяқтарының құрығына түсіп қалмауды ұсынады.
Алаяқтардың айла-шарғысына түсіп қалмау үшін: Белгісіз адамдарға күмән туғызатын ақша аударымдар жүргізбеу; несие алу үшін қаржы ұйымдарына ғана жүгіну; кез келген тауарды сатып алу кезінде әртүрлі ракурстың фотосуретін алу немесе тауардың бар-жоғын растау үшін бейне-қоңырауды жүзеге асыру; өз анкеталық мәліметтерін, карта нөмірі мен паролін бермеу қажет.