05.12.2015, 02:07

ОҚО-да дуальды оқыту жүйесіне басымдық берілуде

Фото: 24.kz

Өңірде дуальды оқыту жүйесі кеңінен жолға қойылған.

Облыстағы колледждердің 80 пайызы дәл осы жаңа технология негізінде білім береді.

Бұл жүйе аясында әр студент өз мамандығы бойынша білімнің 40 пайызын теория жүзінде алса, қалған 60 пайызын өндірісте қолданады.

Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің жоғары курс студенттері бұл жүйенің тиімділігін дәлелдеген. Бітіруші түлек өз мамандығы бойынша тәжірибеден өткен өндіріс орындарында жұмыс тауып, арнайы шақыртулар алуда.

Сарапшылардың пікірінше,  маман дайындаудың дуальды жүйесі дәстүрлі оқыту әдістеріндегі кемшіліктерді, теория мен тәжірибе арасындағы алшақтықты жояды, студент өзінің ертеңгі жұмыс орнымен танысады, оған ие болу мүмкіндігін сезінеді, сондай-ақ, ол бәсекеге қабілетті болса ғана кәсіби маман ретінде бағаланып лайықты табысқа қол жеткізе алатындығына мүмкіндік береді.

Дуальды жүйемен оқытудың жетістігі көп. 

Біріншіден, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады, себебі оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған оқушы жұмыс берушінің барлық талаптарын игеріп, меңгерген жұмысшы маман болады. 

Екіншіден, жақсы білімді, болашақ жұмысшы маман психологиялық жағынан жаңа ортаға бейімделген дайын маман болып шығады. Өндірісте өздігінен шешім қабылдай алады. Теория мен тәжірибені меңгеріп, бекітілген жұмысқа деген жауапкершілік сезімі жоғарылайды. Өндірісте болғандықтан ұжыммен жұмыс жүргізеді және өндірістегі жұмыстарға бейімделеді. 

Үшіншіден, «тәжірибеден теорияға» принципімен жұмыс жүреді, оқушы теориялық, яғни текстпен айтудан гөрі, өндірістегі жағдаяттарға сәйкес жұмыс жүргізеді. Теориядағы қиындық келетін терминдер мен есептерді тәжірибе жүзінде шешеді. 

Төртіншіден, жұмыс берушінің оқушыға берген бағасы дайындалған маманның біліктілігімен байқалады. Алғашқы күннен бастап ұзақ уақыт өндірісте жұмысшы болған оқушы, өзінің білім мен ынтасын көрсетеді.

Бесінші, оқытушы тек қана теорияны ғана меңгермей, өндірістегі соңғы жаңалықтарды біліп, заманауи талаптарды меңгереді.

 Алтыншы, бюджеттік шығын азаяды, себебі оқуға кеткен шығынның біраз бөлігі өндірісте болғандықтан оқушы оны күнделікті көріп, игереді.

 Жоғарыда аталған мәселелердің барлығы дуальды оқыту технологиясы енгізіліп, жүзеге асқан кезде қол жеткізетін нәтижелер.