$ 494.87  520.65  4.91

«Екі сиырға күнің қараса, біттім дей бер!»: халықтық уәждің тоқетері осы болды

«Екі сиыр қазақстандықтар аңсаған дәулет пе еді? Кімге барып, екі сиырым бар деп мақтанасың?! Шындыққа қарасақ, одан басқа малың болмаса, сіңірі шыққан кедейсің ғой, қалқам!».

Таяуда ғана тұңғыш президент, «Нұр-Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кеңейтілген отырысында биліктен көмек сұрап жүрген көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды сынға алған еді. Елбасының сонда айтқан «Микрокредит ал да, екі сиыр сатып ал! Өзіңді асыра!» – деген кеңесі бұқара арасында әлі талқылануда, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Одан кейін сол екі сиыр туралы сұрақты журналистер Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевқа қойып көрген еді. Сол сәтте ол екі сиыр түгілі біреуімен де күн көруге болатынын айтты

«Ешкім ешкімге жем-шөпті әкеп бермейді. Құдайға шүкір, біздің жеріміз де, шөбіміз де, суымыз да жеткілікті. Тек әрекет жасау керек. Ол сиырға жем-суын дер кезінде берсең, ең кем дегенде 7-8 литр сүт береді. Сол сүттің 2-3 литрі өзіңнің қажетіңе кетсе, қалғанынан май да, құрт та, қатық та, қаймақ та шығады», – деді Сапарбаев.

Бұл сөзге халық бәрібір наразы. Мал бағып көргені де, көрмегені де өре түрегелді. Баға алмаймыз дейді. Екі сиырдан ауыз толтырып айтар пайда түспейтінін білетіні де, білмейтіні де билікті сынап жатыр, әйтеуір. Сынағаны – бергі жағы, осы тақырыпқа қатысты нешетүрлі фотоколлаждар жасап, сықақ жазып, мінеп те тастағандар баршылық. Солардың ішінен тек қостанайлық журналист Кенже Қонысбайдың уәжі көңілге қонымды болды.

«Екі сиыр ұстап, сүтін сатып, күнкөріс қылуға болады, әрине. Бірақ, қазір көшпенділер дәуірі емес қой, тұрмыс талабы артқанын бәріміз білеміз. Бүгін екі сиырға күнің қараса, біттім дей бер! Өйткені, қорадағы қос қашарың бала-шағаңа сүт-қаймағын берер, бірақ, ол сенің отбасыңды жыл сайын киіндіруге, отын-суыңа, той-томалаққа баруға, жұртпен араласуға, ақыр соңы балаңды оқытуға жете ме?» деп жазған әріптесіміз.

Осы орайда, ол сол сүт-қаймақтан түскен табыс тіпті сиырдың жем-шөбіне де жетпейтінін, оның үстіне мал ұстаудың азабы көп екенін алға тартқан.

«Бұл өмірге келген соң бәрі жақсы, бай-қуатты өмір сүруді армандайды. Ал екі сиыр қазақстандықтар аңсаған дәулет пе еді? Кімге барып, екі сиырым бар деп мақтанасың?! Шындыққа қарасақ, одан басқа малың болмаса, сіңірі шыққан кедейсің ғой, қалқам! Бәлен рет халықаралық форум, замануи басқосулар өткізген елдің халқы екі сиырға күні қарап отыр деген – ұят дүние», – деп сөздің тоқетеріне бір-ақ тоқтайды одан әрі.

Журналист жазба соңында билік басындағы лауазымды кісілерге қарата ескерту жасап қоюды да ұмытпаған.

«Одан да ел-жұртқа алғашқы жарнасыз пәтер бер, пайызсыз несие бер, оқу мен медицинаны тегін қыл, салық пен коммуналдық шығынды, азық-түліктің бағасын арзандатыңдар. Халық биліктен мұнай мен газдың ақшасын сұрап отырған жоқ, өзінің салығын ғана сұрап отыр. Керемет білгіш әрі еңбекқор болсаңдар, сол екі сиырмен өздерің өмір сүріп, қалай күн көруге болатынын бізге көрсетіңдерші! Мені уайымдататыны: жарайды-ау, екі сиыр сатып алар бұл қазақ, ол атаңа нәлеттер бір жыл қысыр қалса қайтесің?.. Құдайдан қашарым қашса екен деп тіле!» – деп түйіндеген айтар ойын.

Кенже Қонысбайды құптай жөнелген көпшіліктің ішінде желі қолданушы Арыстанбек Байқабыловтың «Қазір сиырыңды бұқаға қашырту үшін де ақша төлейсің. Бір қашыртқаның – екі, үш мың теңге. Онда да көтере қойса жақсы...» – деген пікірі де екі сиыр алғысы келіп ентелеп отырған кей жұртты ойлантпай қоймасы анық.

Ауылдан шыққан және әлі де ауылда жүрген, мал-жан, қора-қопсы төңірегінен бірдеңе білетіндердің сөздерінен шығатын ортақ қорытынды: екі сиырдың пайдасынан шығыны көп-ақ. Оны жем-шөп дайындау, бұқаға қосу деген сияқты «қалтақағарларына» екеуінің мойынға ілінген несиесін де қосып есептеп көрсеңіз, түсінесіз.

«Қашпаған сиырдың уызына қарау» – біздің елдің бүгінгі көрінісі!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары