$ 494.87  520.65  4.91

Балконда күбі ыстаған әже: ол кісі жайған дастарқанда дүкеннің тамағы сирек кездеседі (ВИДЕО)

Күбі ыстауға қажет тобылғыны Биғанша әже балаларына қаланың сыртынан алдыртады екен.

Әдетте, көшпелі өмірмен қабысып жатқан тұрмыс-тіршіліктің тінін үзбей ұстау үшін тек ауылда тұру керек деген түсінік қалыптасқан. Мысалы, қаладағы көпқабатты үйде тобылғы тұтатып, күбі ыстау мүмкін еместей. Алайда ынта болса, оны да істеуге болады екен, деп жазады «Егемен Қазақстан».

Қостанай қаласының тұрғыны Биғанша Қарина бүгінде 78 жаста. Зейнеткер қалаға 2006 жылы Торғайдың Көкалат ауылынан қоныс аударған екен.

«Көшерде күбім мен қол диірменімді қалдырмай ала кеттім. «Көпқабатты үйде оны қайтесің?!» – деп күлгендер болды. Бірақ олардың сөзін құлағыма қыстырған да жоқпын, – дейді зейнеткер. – Алпыс жыл бойы ортаймаған бұл күбі – әулетіміздің ырысы іспетті. Өзім 1959 жылы тұрмысқа шықтым. Жұбайым Фазылхан ауылда байланысшы болып қызмет істейтін. Үйде үш бірдей енем болды. Біздің жас шаңырағымызға сыйлық ретінде Сапа Сейілханов есімді шебер ағаш күбі жасап берді».

Өткен шағын осылайша еске алған ана, ыдыстың тарихы жайлы да баяндап берді.

«Енем Қарлығаш қазақы салтты берік ұстайтын көшелі кісі еді. Босағамыздан жылқы арылған жоқ. Ол кезде жер қарайысымен киіз үйге шығып, өзен жағасына көшетінбіз. Отаудың қасынан шағын қос тігіледі. Кемі екі-үш бие сауамыз. Ағаш күбі – бапты көп қажет ететін ыдыс. Ыстап, майлап отырмасаң, өңезіп, қаңсып кетеді. 1995 жылы енем дүниеден озды. Көз жұмарында «қара күбіңді қаңсытпа. Фазылханымды шөлдетпе» деп ымдады. Ол кісінің өсиетін адал орындап келемін. Бірақ қалада бие ұстай алмайсың. Сол үшін көже ашытамын. Көжеге су, ұн, тұз, сүт қана қосамын. Бәлен жыл ыс сіңген күбінің қасиеті шығар, ашығанда қымызға бергісіз болады. Көжеме, әсіресе, аяғы ауыр келіншектер ынтық. Оларға тегін беремін.
Елдің игі-жақсылары, көрші-көлем осы күбіден дәм татып, батасын берді. Қайсыбір жылы, ақын Айбек балам Меккеге бара жатыр дегенді естіп, қолдағы барымды құйып, сәлемдеме ретінде жібердім. Кейде астанадан арнайы алдыратындар бар. Бәрінің айтары – алғыс. Адамға одан артық не керек?!

Көп тілегі қабыл болған шығар, Құдайға шүкір, ел қатарлы тұрмыс кештік. Босағамыздан кісі арылған жоқ. Өмірге 11 бала әкеліп, Кеңес өкіметінің «күміс алқасын», Қазақстанның «алтын алқасын» кеудеме тақтым. Жұбайым Фазылхан Мауданов орденді байланысшы. Өзім кулинарияның меңгерушісі болып істеп, зейнетке шықтым. Бүгінде немере, шөбере сүйіп отырмыз», – дейді әжей.

Биғанша әженің істеген тағамы ғана тіл үйіріп қоймайды, ісмерлігі де бір төбе.

«Бала күнімнен іс тігуге үйір болдым. Біздің жас кезімізде киім-кешек қат еді. Көйлектен бастап, шабадан, көрпе-жастықты қолдан тіктім. Елу жыл ұстаған қол машинамды бір келініме бердім. Қазір жаңасын сатып алдым. Құр қарап отыра алмаймын. Ауылдағы замандастарым қыз жасауын қазірге дейін маған тіктіреді», – дейді зейнеткер.

Биғанша әженің тағы бір қыры, ол кісі жайған дастарқанда дүкеннің тамағы сирек кездеседі.

«Жейтініміз – ет, сусынымыз – көже. Құрт, ірімшік, женттің бәрін өз қолымнан жасаймын. Әкем ұстаған диірменді әлі пайдаланамын. Шалыма бидай тартқызып, жыл-он екі ай тек ұлттық тағам тұтынамыз. Соның қуаты шығар, 80 жасқа таясақ та, денсаулығымыз шүкіршілік. Әйтпесе, біз көрген бейнеттің шегі жоқ. Бесіктен беліміз шықпай масақ тердік, өмір бойы ауылды жерде тезек жинап, от жақтық, иінағашпен су тасыдық. Үй шаруасы, бала күтімі, қонақ қарсы алу, бәрі-бәріне үлгердік. Тегінде, таза, құнарлы тағам мен тынымсыз еңбек адамға қуат береді. Сексенге таяған шағымда балконда күбі ыстап, көже ашыту оңай емес. Бірақ енемнің өсиетін жерде қалдыра алмаймын әрі бұл – мен үшін таптырмас ермек», – дейді 78 жастағы әжей.

Алпыс жыл үздіксіз ұсталған күбінің сыйымдылығы – 15-20 литрдей. Үштен бірін қорға алып қалып, екі күн сайын жаңадан құйып отырады. Күбі ыстауға қажет тобылғыны Биғанша әже балаларына қаланың сыртынан алдыртады екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары