$ 444.22  476.38  4.82

«Қазақ хандығы Ресей империясынан үстем болған»: тарихыңды білген жақсы-ау, бірақ...

«...мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде әлеуметтік желілерде кез келген көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың намысын жанып, рухын көтеретін жазба тарап жатыр. Өте сауатты, бас-аяғы жинақы жазылған бұл мәтіннің авторы кім екені белгісіз. Әртүрлі топтарда бөлісушілер оны сілтемесіз, өз аттарынан жүктеуде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алдымен сол көлемі шағын болғанмен, нақты дерекке толы жазбаның толық нұсқасына тоқталсақ:

«Түрік қағанаты (552-603) – 51 жыл.
Кеңес одағы (1922-1991) – 69 жыл.
Ресей империясы (1721-1917) – 196 жыл.
Алтын Орда (1242-1502) – 260 жыл.
Чиң империясы (1644-1911) – 267 жыл.
Қазақ хандығы (1465-1847) – 382 жыл.

Қазақ хандығының үстемдік еткен жыл саны тарихтағы не бір алпауыт, дүрілдеген империялардан да көп.

Ресей ипериясы мен Кеңес одағының жылдарын қосқанда да (265 жыл) Қазақ хандығының жыл санына жетпейді. Оның үстіне орыстардың өзі Алтын Орда империясына 260 жыл бағынған. Онда қазіргі біз не үшін орысқа жұтылып кетуіміз керек? Не үшін орысша сөйлеуіміз керек? Не үшін орыс тілі мықты, орыс халқы күшті деуіміз керек?

Біз Ресей империясына 1847 жылы бағынып, 1991 жылы тәуелсіздік алыппыз. Бар-жоғы – 144 жыл ғана. Онда орыстар азғантай уақыт ішінде бізді қалай бағындырып алды?

Ресей империясы 1721 жылы құрылған екен, ал Қазақ хандығы 1465 жылы құрылған, яғни орыстардан 256 жыл бұрын.

Қазақ өзіңнің кім екеніңді ұмытпа!!!».

Бұл ретте, Ресей ипериясы мен Кеңес одағының үстемдік құрған барлық жылдарын қосқанда 265-ақ жыл (Қазақ хандығының дәуірі – 382 жыл) болатыны; ал орыстар Алтын Орда империясына 260 жыл, біз оларға 144 жыл ғана бағынғанымыз айтылып тұр. Қазір неге орыс мықты да, қазақ әлсіз деген реніш, қысқасы. Өткенді қайтара алар құдірет болмауына қарамастан, көк көзді көршілерден қайтадан үстем түсуге деген үміт те басым.

«Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ» десек, бұл қайраудың да алға ұмтылуымызға бір себі тиетін шығар, кім білсін... Автордың өзі ІІ Екатеринаның «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады», – деген әйгілі бағалауын басшылыққа алғанға ұқсайды.

Алайда, бұл жердегі «Не үшін орыс тілі мықты, орыс халқы күшті деуіміз керек?» деген сұрақ тосырқатады. Жауаптың оңайын айтсақ, ағылшыншаның «сауда тілі», арабшаның «руханият тілі» дегендей әлемдік деңгейдегі үлкен орындары бар сияқты, сол орысшаңыз да «атом тілі» болып тұр ғой қазір. Ал олардың қасында біздің төл тіліміз мемлекеттік тұрмақ, кейбір қазақ отбасылардың да өзара қарым-қатынас құралына жарамай қалғаны – шындық. Сөйтіп отырып, батыр бабадан қалған жалғыз мирас (оны жасаудың өзі сиреген) – құрттан бір тістеп қойып, буынға түскен сыраның буымен кеуде соға береміз.

Бүгін алғашқы Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ел азаматтарының жұмыс істегісі келмейтін масылдық пиғылын еске салды.

«Соңғы 5 жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны Қазақстанда 70 мыңнан жарты миллион адамға дейін көбейді. Әлеуметтік қолдауға бағытталған бюджет қаражатының көлемі 2017 жылдан бері 17 есе өсті. Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдардың саны артып барады», – деп салды ол.

Демек, әлде де қазақтың намысын жанып, рухын көтеру үшін осындай толып жатқан кереғарлықтардан арылып алуымыз керек-ақ.

Ал тіл мәселесіне келсек, бүгін президент оған да тоқталып өтті, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деп.

Көрдіңіз бе, бәрібір бірдеңе істеуге тиістіміз! Тілмен емес, қолмен.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары