2019 жылдың басынан бері 766 апат болды. Оның 504-і жеңіл автокөлік жүргізушілерінің кінәсінен болған. Осының салдарынан 34 адам түрлі жарақат алды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, Астана LRT компаниясы қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Науат Азанбаеваның Facebook парақшасына сілтеме жасап.
«Автобус жүргізушісі жолаушыларды тасымалдайтынын есте сақтасаңыздар екен! Кенеттен күрт тежелудің кез келгені ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Кейде автоәуесқойлар автобус алдында маневр жасап, не автобус алдынан кесіп өтіп, не белгіленбеген жерде тоқтап, қозғалысқа кедергі келтіріп жатады», – дейді сала өкілі.
Осы орайда, ол жеңіл көлік иелерінен аялдамадан жолға шығып келе жатқан қоғамдық көлік жүргізушісіне жол берулерін, жол үстінде өзара кішіпейіл әрі тілектес болуларын сұрады.
«Есіңізде болсын, автобус жүргізушісіне жол бергеніңіз – жолаушыларға жол бергеніңіз!» – деп түйіндеді сөзін Науат Азанбаева.