$ 494.87  520.65  4.91

«Орыстілділігіміз – біздің кінәміз емес, қайғымыз»: жазушының ұлы өзінің орыстілділігін бетіне басқан пікірге жауап берді

«2005 год. Сыновья писателей, друзей моего отца, и мои друзья: Бахыт Гафу Каирбеков, Ерлан Абен Сатыбалдиев, Ерлан Калижан Бекхожин. Эстафета поколений». Жүктелген суретке кеше Жанай Омаров осындай анықтама берген.

Белгілі жазушы Сейітжан Омаровтың ұлы Жанай Омаров өзінің достары – ақын-жазушылардың ұлдарымен бірге түскен суретін желіге жүктеді. Сол сәтте ол суреттің астына пікір қалдырған желі қолданушысының бір ауыз сөзіне тіксініп қалды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«2005 год. Сыновья писателей, друзей моего отца, и мои друзья: Бахыт Гафу Каирбеков, Ерлан Абен Сатыбалдиев, Ерлан Калижан Бекхожин. Эстафета поколений». Жүктелген суретке кеше Жанай Омаров осындай анықтама берген. Оған пікір қалдырғандар «Қазақ зиялыларының лайықты ұрпақтары! Аман болыңыздар! Сіздер халықтың көз алдындасыздар!», «Ұрпақтар жалғаса берсін!», «Тұлпарлардың тұяқтары!» дегендей ақжарма тілектерін ақтара түссе, тек Сапар Қайырымұлы ғана «орістілділер» деп төтеннен қойып қалған.

Дереу оған орыс, қазақ тілін араластыра жауап жазған автор, бүгін сол пікірін оқырман назарына жеке пост етіп ұсынды. Онда былай деген:

«Вчера под моим фото с друзьями, сыновьями писателей, обнаружил короткий и по своей сути злой комментарий. Там один друг написал «орыстілділер». Я ему так ответил: Шыдай алмадыңыз ба, Саке? Сіздей дос болса, жаулардың керегі жоқ (орыс мақалы). Ия, біз, өкінішке орай, орыстілдіміз».

Әрі қарай орысша жазылған уәжін аударып ұсынсақ, ол былайша өрбиді: «Иә, өкінішке қарай, біз – қазақ қаламгерлері балаларының көбісі орыстілдіміз. Алайда, бұл – біздің кінәміз емес, қайғымыз. Кезінде заман сондай еді, қазақ мектебі жоқтың қасы болғандықтан, бізді туыстарымыз орыс мектебіне берді. Сондай-ақ, Алматыда барлық орта орыстілді болатын. Cоған қарамастан, арамыздағы кейбіреулер бәрібір туған тілін жеткілікті дәрежеде меңгеріп алды. Менің фейсбуктағы Сәтімжан Сәнбаев туралы эссемді оқып көрсеңіздер, онда Нұртөре Жүсіптің «Қайтқан қазақтар» мақаласынан үзінді келтіргенмін. Сол сияқты басқа да көптеген мысалдар бар. Қазақшаны керемет меңгерген ұлы Мұхтар Әуезовтың баласы Мұрат – соның ең жарқын айғағы. Біз оны мақтан тұтамыз... Бауырлар, жалпы, фейсбукта болса да достығымызды сақтайықшы!».

Айта кетсек, Жанай Сейітжанұлы Омаров 1955 жылы 27 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. Философия ғылымдарының кандидаты, доцент. 1977 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, 1980 жылы ММУ-дің аспирантурасын бітірген. Содан бері білім-ғылым, ақпарат саласында және мемлекеттік билікте көптеген лауазымды қызметтер атқарған. Қазақстан журналистика академиясының академигі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары