07.09.2019, 09:15

«Ол компания – Болаттікі. Қайсыңның тісің батады?»: «Түркістан» сырасына қатысты сындар айтылуда

Айта кетсек, елімізде бұған дейін шыққан «Алматы», «Қарағанды», «Шымкент» деген сыралар бар. Тіпті, соңғысына әнші-композитор Ержан Серікбаев «Шымкент сырасы» атты ән де шығарған болатын.

Елімізде «Түркістан» деген атаумен сыра шыға бастады. Оған қатысты әлеуметтік желі қолданушы Олжас Мамыр өзінің фейсбук парақшасында наразылық білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпаратт порталы.

«Бүгін алғаш рет «Түркістан» сырасы бар екенін білдім. Бұл біздің рухани астанамыздың құрметіне қойылған ба? Түркістан – киелі мекен және аты аңызға айналған бабаларымыздың атын қоярда кіммен шешім қабылдайды екен?» – деп ашынған жазба авторы.

Айта кетсек, елімізде бұған дейін шыққан «Алматы», «Қарағанды», «Шымкент» деген сыралар бар. Тіпті, соңғысына әнші-композитор Ержан Серікбаев «Шымкент сырасы» атты ән де шығарған болатын. Енді атауы облыс орталығының сол Шымкент қаласынан Түркістанға ауысуының «құрметіне» қойылды ма, әйтеуір, ішімдікқұмарлар «Түркістан» сырасын да тұтынатын болды.

«Бұл жөнінде тексеру жүргізетін құзырлы органдар бар ма? Енді отырыстарда «Түркістан» сырасынан да алшы дегеніміз қалды. Кәсіпкер деп еркелете бермей, олардың аталауына жөнмен қарайық», – дейді Олжас Мамыр.

Пікір білдірушілер «Орынды көтердің мәселені. Қасиетті жердің киесінен қорықпапты. Кәсіпкерлердің көбісі қазір айни бастады», «Келешекті ойламайтын адам ғой, қалтасын толтырса болды-ау бұларға» десе, Kurmangazy Mussir есімді азамат: «Бұл CASPIAN компаниясының пивосы. Ол компания Болаттыкі. Ал қайсыңның тісің батады оған? Нұротандықтар, қайдасыңдар?» деп жазған. Сондай-ақ, «Алматыда шығады. Алматы әкімінің кеңесшісі Мейрамбек Беспаевты тегтеңіздер», – дейді Бекжігіт Сердалы.

Сол сәтте Олжас Мамырды қолдап пост жазған Әкім Тұрсұн есімді желі қолданушы да біраз ел азаматтарын белгілеп, мәселеге солардың назар аударуын сұраған.

«Мына сұрақты дұрыс көтеріп отыр. Рашид Аюпов (Rashid Ayupov) мырза, сізді сөздің ғана емес, істің де адамы ретінде сыйлаймыз. Қолға аларсыз. Әрине сіздің әкімшілік аймаққа қатысы бар жерде өндірілсе. Atameken TV мына сұрақты көтерсеңіздер, кәсіпке тиіспеуге болады деп, мұндай деңгейде қорлау болмас. Ерлан Карин (Erlan Karin) мырза, Берік Уәли мырза, Aida Balayeva ханым, сіздердің көмектеріңіз керек, есепсіз тегтедіңдер деп сөге көрмеңіздер.

Елдің сөзін сөйлеп, жастарға қолдау көрсетіп жүрген ағаларымыз Мурат Абенов, Arman Shorayev, Mukhtar Tinikeyev, Мұхтар Тайжан, Маргулан Сейсембай, Бақытжан Бұқарбай, қасиетті мекенімізді осылай қорлатпасақ дейміз. Ulttyq keńesте жалпы қасиетті атауларды тыйым салынған тауар таңбаларына рұқсат етпеуді де қарастырсаңыздар. Джохар Утебеков (Jokhar Utebekov) бұның занамалық кедергі немесе қарсылық көрсету формасы қалай болады?» деп жазған ол.

Сондай-ақ, осы тауарды өндіруші мекеме иесінен ренжімей, көтеріліп отырған мәселені дұрыс түсінуін өтінген.

Еске салсақ, бұның алдында біз сыртында ру аттары жазылған сыралардың сатылымға шығуы мүмкін екенін де жазған болатынбыз.