$ 494.87  520.65  4.91

Баланы зорлық-зомбылықтан қорғау - маңызды міндет

Баланың кіммен араласып, немен айналысатындыңын үнемі біліп отыру да қауіптің алдын ала алатындығын айтады мамандар.

Күнделікті тұрмыста жасөспірімдерге әлімжеттік жасап, зорлық көрсету фактілері көбеймесе, азаймай тұр. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер әйелдер мен балалар екенін статистика анық көрсетіп отыр. Мамандар тәніне, жанына қатыгездікпен азап келтірушілерден қорғану үшін оның алдын алып, баламен жиі байланыс жасау қажет екенін айтады. 

«Балаға бірнәрсе үйретіп, сөзіңізді өткізу үшін алдымен оған жақын болуыңыз керек. Оның ішкі уайым, үрейін ашық бөлісе алатындай достық қатынас құрған абзал», - дейді психолог-блогер Динара Болат. Маманның пікірінше, баланың дүниетанымын кеңейтіп, оның қоршаған ортадағы қауіптен өзін қорғай білуі үшін ата-ана тығыз байланыста болуы қажет.  

«Бала мейірімге тою керек. Дегенмен, мейірімнің де шегі бар. Қанша әке мен ұл достардай, ана мен қызы құрбылардай болғанмен, әркім өз орнында қалады. Бала бәрібір ата-анасын сыйлап, оған негізгі жүктелген міндеттің бірі - денсаулығын күтіп, білім алуы тиіс», - дейді Динара Болат.

Әлеуметтік желіде бала тәрбиесіне қатысты құнды мәліметтермен бөлісіп, оқырмандарына ұтымды пікір қалдыра білетін психолог өсіп келе жатқан жас ұрпақ тәрбиенің негізін алдымен отбасында алуы шарт дегенді алға тартады.

Баламен жиі, күнде сөйлесу арқылы болып жатқан жағдай, мысалдар ретінде оның құқығын, оның дәл осы жағдайда әрекет ету бағдарын түсіндіріп отырғанда ғана ұл-қыздың санасында негізгі түсініктер қалыптасатынын айтқан Динара Болат, «Зорлық-зомбылықтан қорғану үшін жыныстық сауаттылығын баланың  өз жасына сай ақпаратпен ашқан жөн. Қауіпті нәрсенің деңгейін жете түсінбеген бала әйтпесе қорғануға аса мән бере қоймайды», - деген пікірде.

Ал ардагер-ұстаз Гүлжахан Қыдырәлі «Балаға қысым жасап, мәжбүрлеу жағдайларының қоғамда көбейіп кетуі - алаңдатарлық жайт. Сорақысы, сол қазір психикалық қысым жасаудың, үстемдік етудің жаңа түрлері электронды құралдарда да қалыптасып жатыр. Дамыған заманда біз балаларды компьютер, ұялы телефоннан  алшақ ұстай алмайтындығымыз өкінішті», - дейді. Ұстаздың пікірінше, зорлық-зомбылықтың  алдын алу үшін арнайы бағдарлама әзірленуі қажет.

«Балалардың құқығын қорғау мекемелері мен мектептерде тұрмыстық зорлық-зомбылық байқалған отбасылар мен қоғамдық орындардарға ортақ балалармен тығыз байланыста жұмыс жасайтын бағдарламалардың болуы аса маңызды. Болашағымыз деп қарайтын балаларымыздың құқығын қорғау, оларды жақынырақ түсіну – тәуелсіз еліміздің басты құндылығы деп білемін», - дейді Гүлжахан Қыдырәлі. 

Мектеп жасындағы оқушылардың өнеге алып, үлгі тұтатыны отбасында ата-анасы, ал мектепте ұстаздары.  Сондықтан баланың осы аталған жандарға деген сенімі оларды сыртқы ортадағы қауіптен сақтай алады. Ол үшін баламен жиі шүйіркелесіп, сүйікті ісі, қызығушылығы туралы жиі сырласып, шүйіркелескен абзал.

Баланың кіммен араласып, немен айналысатындыңын үнемі біліп отыру да қауіптің алдын ала алатындығын айтады мамандар. 

«Ағаштың түзу өсіп, тереңге тамыр жаюы бағбанынан» дейтін қазақ халқы тәрбиенің төркінін баланың жас кезімен байланыстырады. Оның өз-өзіне деген сенімділігі, қайсарлығы мен парасаттылығы, қиын кезеңде шешім табуға бейімділігі, шыншылдығы мен турашылдығы ұшқан ұясында қалыптасуы шарт. Қоғамда болар кез-келген қиындыққа төтеп бере алуы үшін,сыртқы қысымнан сақтану үшін оның бойында ересектердің сіңірген білімі жеткілікті болу шарт. Бала ата-анасының оған үнемі  қорған бола алатын сенімді жан екенін біліп өскені абзал. Мамандардың пікірі осыған саяды.

Гүлназ БИСЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары