Биыл Түркиядағы мал басы 68 миллионға жеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, islam.kz-ке сілтеме жасап.
Түркияның статистикалық қызметі келтірген дерекке қарағанда, соның ішінде ірі қара мен енекенің қарасы 18 миллион 200 мыңға жеткен. Ал қой-ешкінің саны шамамен 50 миллионды құраған. Қойдың саны – 38 миллион 400 мың, ешкі – 11 миллион 300 мың. Бұдан бөлек, Түркия аумағында 270 мыңға тарта есек, жылқы, түйе, т.б. бар. Бұл жағдайда, мал бағу үшін шағын несие алу бастамасын Түркия президенті көтерсе де болғандай екен. Бірақ ол ел тұрмысын өйтіп артық сөйлемей-ақ жақсартып отыр.
Бұған дейін біз ТМД елдерінің биылғы 1 шілдедегі статистикасына сүйеніп, Қазақстанда 8,6 миллион мүйізді ірі қара тіркелгенін жазған болатынбыз. Енді осы екеуін салыстырып көрейік:
Сиыр саны
Түркияда – 18,2 миллион.
Қазақстанда – 8,6 миллион.
Қой-ешкі саны
Түркияда – 49,7 миллион.
Қазақстанда – 24 миллион.
Еске сала кетсек, Қазақстан үкіметі етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы арқылы 2027 жылға дейін мүйізді ірі қара басын 15 миллион басқа жеткізуді межелеген. Ол бәрібір де түбі бір түрік елінің қазіргі есебінен 3 миллион 200 мыңға кем болады. Ал жер көлемін санатқа алсақ, жайылымдық және шабындық жерлер түрікте емес, амандықтың өзін мал-жаннан бастап сұрайтын қазақта баршылық. Парадокс!