$ 494.87  520.65  4.91

Теміртауда 740 млн теңгеге салынған үйді бұзып, қайта салуға тура келді

Осылайша, салғырттық салдарынан кезекте тұрған 100 отбасына баспананы тағы күте тұрудан басқа амал қалмайды.
фото: Арай Сатыбалдықызы
фото: Арай Сатыбалдықызы

Теміртау қаласында баспанаға кезекте тұрған халыққа салынып жатқан көп қабатты үй бір жағына қисайып кетті, деп жазады «Жас Алаш».

Құрылысы толық аяқталмаған үйді 31 шілдеде қолданысқа беруі керек болатын. Алайда мамыр айында пәтерлердің қабырғалары сөгіліп, жарыла бастаған. Осы кезде мердігер «Агропромстрой» ЖШС-нің басшылығы «қабырғаның жарылуында тұрған ештеңе жоқ. Құрылыс жұмыстарын жалғастыра беруге болады. Үйді қыста бастағандықтан, соның әсері болуы керек», – деген мәлімдемесімен сабырға шақырған. Алайда қадағалаушы мамандар бүгінде осы үйді және қасында көршілес салынып жатқан екінші бір тұрғын үйді қабылдаудан бас тартқан.

Салынбай жатып, бір жағына қисая бастаған бұл тұрғын үйге кезекте тұрған 50 отбасын қоныстандыру жоспарланған. Алайда пәтер күткендерге жуық маңда баспана кілті табыс етілмейді. «ҚазМИРР» институтының мамандары бұл үйді үш ай бойы тексеріп, ақыр соңында «үйдің бір бөлігі 3 милиметрден 30 милиметрге дейін қисайған» деген қорытынды жасады. Ең бір сорақысы, сол құрылысы аяқталып қалған үйді бұзып, қайтадан салуға тура келеді.

Мұнда ғимараттың жобасын жасаушы мамандар мен құрылысшылар қателікке жол беріп алған.

«Біз енді күтіп отырмаймыз. Үйді бұзып, қайтадан салу керек деген шешімге келдік. Қазірдің өзінде ғимаратты бұзу демонтаж жұмыстары қолға алынды», - деп мәлімдеді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов.

Ал мердігер болса, шенеуніктердің бұл қорытындысымен келіспейтіндігін айтып, әкімдікке хат жазған. Мердігерге енді құрылысқа бөлінген қаражатты кері қайтаруға тура келеді. Қисайып қалған үйдің жанына салынып жатқан екінші үйге де тағы 50 отбасы қоныстана алмай отыр. Бұл үйді де сол мердігер тұрғызған. Әрі оның құрылысы аяқталуға жақын қалыпты.

Шенеуніктердің мәліметінше, екі үйді бірдей мерзімінде пайдалануға беру қажет екен. Өйткені екі үйдің коммуникациялық желілері ортақ болып тұр.

Дауға ұласқан екі тұрғын үйді салу үшін қалалық және республикалық бюджеттен 740 млн теңге бөлініпті. Осылайша, салғырттық салдарынан кезекте тұрған 100 отбасына баспананы тағы күте тұрудан басқа амал қалмайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары