$ 448.15  483.46  4.86

«Қымызға су араласқан»: елорда тұрғыны «Шапағат» базарының сатушысын сотқа беретінін айтты (ВИДЕО)

Қазір саудагерлердің көбісі күріштің суына «Таң», «Тандем» сынды дүкен өнімдерін қосып, оны кеңестік ескі кірмашинамен араластырып, саудаға «қымыз» деп шығара салатын көрінеді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шапағат» коммуналдық базарында саудагерлер қымызға су қосып сатуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Елордалық тұрғын WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы кеше аталған базардан алған 10 литр қымызының тең жартысы су болып шыққанын таратуда.

«Кеше, яғни 12.09.19 күні «Шапағат» базарынан алынған қымыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, су араласқан. Менің сотқа беруіме де болады. Өздеріңіз де көріп тұрсыздар, міне, мынаның жартысы – қымыз, қымыздың дәмі су татып тұр», – дейді сатушыға оңбай тұтылған тұрғын.

Осы орайда еске сала кетерлігі, қазір саудагерлердің көбісі күріштің суына «Таң», «Тандем» сынды дүкен өнімдерін қосып, оны кеңестік ескі кірмашинамен араластырып, саудаға «қымыз» деп шығара салатын көрінеді. «Мақал даңқымен сөз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді» дегендей, әсіресе, «Жаңарқаның қымызы» брендтік атауымен сол күріштің сулары өтімдірек болып тұр. Мысалы, Астана-Павлодар тасжолы бойында орналасқан Зарья елді мекенінде тұратын оралман жігіт ешқандай мал ұстамайды, бірақ, алыпсатарларға көтерме бағамен жүздеген литр «қымыз» тапсырады.

Бұл мәліметтерді өзге емес, базар саудагерлерінің өздері таратып жүр. Мысалы, су қосылған сүт өнімдерін сататын көршісін қасында басқа өнімді саудалап тұрған «әріптесі» әшкерелеуде.

Осылайша, өзара сырлары сыртқа тарап жатқан алыпсатарлардың тағы бір құпиясы – дүкеннің маргаринін сары су қосып былғап, «қолдың сары майы» деп сататындығы.

Білуімізше, «Шапағат» коммуналдық базары тікелей қала әкімдігіне қарайды. Жергілікті биліктің жауапты мамандары осындай алаяқтықтың алдын алмаса, олар саудадағы сапасыз өнімдермен бас қала тұрғындарының ағзасын құртып тынатын түрлері бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары