Street art – көшелерде салынған суреттер, яғни заманауи сурет өнерінің түрі. Стрит-арттың отаны саналатын Лондон, Берлин, Лиссабон қалаларында тұрғын үйдің тұтас қасбетіне, қабырғаларына салынатын муралдар көше мәдениетінің бір түріне айналған.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен жыл сайын өткізілетін «Astana Street art» фестивалі аясында белгілі бір тақырыпқа құрылып, көркемдік ерекшелігі ескерілген суреттер пайда болып, қала көркін одан сайын аша түсті.
Мысалы, Кенесары көшесі, 63-үй қабырғасында «Tigrohaudcrew» командасы мен қазақстандық суретші Нұрлан Килибаевтың коллаборациясының нәтижесі «Ықылас» муралы көзге жылы ұшырайды. Астаналық «Canbrush» командасының Бараев көшесі, 6/1-үй қабырғасындағы «Үлкен қала балалары» туындысы мегаполис тұрғындарының қызу өмірінен сыр шертеді. Күйші Дина көшесі, 15-үйдегі «Бәйге» атты мурал да ерекше. Абай даңғылы, 67-үйдегі «Like» муралында текті жануар жылқы мен заманауи адамның қызығушылығын өзара ұштастырған. Республика даңғылы, 34/2-үй қабырғасындағы «Қызғалдақ» жаңаруды меңзейді.
Өткен жылы 20 жылдыққа орай елордада ұйымдастырылған «Urban art Astana» фестивалі аясында да ерекше муралдар дүниеге келді.
С409 көшесі, 47-үй қабырғасындағы «Табиғат тақырыбындағы коллаж» қала тұрғындарына табиғат пен адамның арасындағы үйлесімді бұзбауды ескертеді. Есенберлин көшесі, 30-үйдегі «Тарихқа аллегорияда» жас қыз өткен күннің парағын аударып, тарих пен бүгіннің байланысын береді. Сарыарқа көшесі, 19-үйдің қабырғасындағы Сәкен Сейфуллиннің бейнесі қала тұрғындарының мақтанышына айналды.
187-көше, 16/4-үйде «Қорғаушы» атты муралда тау барысы – қорғаушы образында.
Міне, елордадағы муралдарда табиғат бейнесі кең пайдаланылған. Сонымен бірге, астанамыздың жаңа заманғы келбетінен сыр шертеді. Қалай десек те, үй қабырғаларындағы суреттер көңілімізге жағады.
Жадыра ШАМҰРАТОВА,
«Астана ақшамы»