Жақында алпысты алқымдап қалған ескі танысымды көше бойынан кездестіріп қалдым. Өзі талай жоғары оқу орындарында студенттерге дәріс берген кісі. Түріне қарасам, қуаныштың табы білінбейді. Әшейінде сөзге тоқтамайтын кісі еді. Бұл жолғы түрінен шошиын дедім. Көзіне қарасам, күйіктен ішқұса болып, ішіп кеткен секілді. Жақын маңдағы асхананың біріне шақырып, әңгімеге тарттым. Өзім тау тұлғасына қарап, осы кезге дейін сырттай сыйлап жүретінмін. Айналасы жарты сағаттың ішінде айтқан сырлары денемді тітіркендіріп, беймаза күйге түстім.
«Қазір алпауыт ақпараттық агенттіктерде филолог, «от ауызды, орақ тілді» атанып, жер-жаһанға аты мәшһүр болып жүрген журналистер мен театр сахнасына сатиралық бағыттағы қойылымдардың өзіне уытты әзіл жазып жүрген қаламгерлерге сабақ бердім ғой мен.
Әліпті таяқ деп білмейтін студенттерім бүгінде әрқайсысы бір-бір мектепте директор, жоғары оқу орнында аға оқытушы, филология ғылымдарының докторы. Күні кеше «Ой, қойшы, осы боқмұрын не біледі дейсің! Жүрген көп тілшісымақтың бірі. Көп болса, жергілікті мерзімді басылымда тиын-тебенге мақала жазып, әкім-қаралар мен бизнесмендерді мақтап, байшыкештердің астына көпшік төсеп-ақ күнелтер деп ойлаған «жас дарыным» білдей бір республикаға абыройлы публицист атанды. Тіпті, жас журналистерге шеберлік сағатынан дәріс беретін жеке студиясы бар.
Кезінде облыс білімпаздарының барлығы білім алатын мемлекеттік университетте сабақ бергенімде, әлгі студенттерімнен «жылы-жұмсақ» дәметіп едім. Жұмыссыз қалғанда оқушыларымның алдына мүйізі қарағайдай басымды иіп, «жарты күндік жұмыс, яки, декреттегі қыз-келіншектердің орнына уақытша болса да жұмысқа алшы» деп жалынып бардым. Сөйтіп, арада 15 жыл өткенде атқан оғым өзіме қайта айналып тиді.
Өмірдің заңы қатал деген рас екен. Біреуге қиянат жасасаң, өзіңе қайта айналып келеді. Өркөкірек кезімде «ауылдағының аузы сасық» деп, көп жігіттің «аузын күншығысқа қаратып кеткенмін».
Мен Алматыдағы «ЖенПИ»-де оқығанда, олардың барлығы ауылдың шаңды, жаңбыр жауса май батпақ болатын борпылдақ көшелерінде бір көзі ғана жанатын көк трактор айдап жүретін. Күс-күс қолдарына қарап жиіркенетін едім. Қызық, ол кездері ылғи да аяғыма биіктігі шай қасықтың ұзындығындай туфли киіп жүретінмін. Үйдің аялдамадан қашықтығына қарамастан, жол бойы тоқтаған тракторға әдемі аяқ киіммен мінуге арналатынмын.
Мендей бакалавр, магистратура, докторантура, аспирантура бітірген қызға «май сасыған жігіт тең емес» деп басымды қайқайтып, жандарынан өте шығатынмын. Енді міне, биік өкшелі кебіс киген аяғым баспалдақтан әзер көтеріледі. Кеш батса болды, қос балтырым шаншып, түрлі бағыттағы «әнге» басады, басымның да қояншығы ұстайтынды шығарған.
Біреуге жасаған жаманшылығыңды көрмей көрге кірмейсің деген. Бүгінде сол жігіттер ел ағасы ретінде бір әулеттің, отбасының тірегіне айналды. Шеттерінен кәсіпкер, астарында бір-бір джип. Балдай тәтті немерелеріне ақсақалды ата. Келіндері «ата» деп иіліп сәлем салады. Ал менің ешкімім жоқ. Туыстардың жиын-тойына, құдайы асына бара қалсам, келіндер мені алыстан көре бір-біріне сыбырласа «кәрі қыз апамыз келді» деп мысық көрген тышқандай қашады. Жасым алпыстан асқанда, сүрленген кәрі қызға айналдым», – деп тамағына өксік толып, үстел үстіне басын сүйкеді.
Мен әлі аң-таң күйдемін. Үнемі позитивті көзқарасына қарап, алдымдағы «көзі терлеп» отырған кісіден мұндай тебіреністі әңгіме естимін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген.
Көзіне жиналған «бұлақ суын жылғалардан ағызып» болған соң әжетханаға барып беті-қолын жуып келді де, жуықта басынан өткен жағдайын, күнәлі істерін қайта бастады. «Құлағымды кірлетпес үшін» бұдан әрі сөздерін тыңдағым келмеді. Әйтсе де, қазақы үлкен кісінің сөзін бөлмейтін мінезіммен еріксіз басымды шұлғи бердім. Ішкі шерін толықтай сыртқа шығарғанша тыңдадым.
– Бауырым, сен жігітсің ғой, қалай ойлайсың, кәрі қыздардың кейбірі жарқырап жүреді де, ал кейбірі неге әбіржіп, ұнжырғасы түсіп, депрессияда жүреді?
– Білмедім, апай! Бәлкім, өмір салтынан немесе тұрмыс жағдайының жайлы не жайсыздығынан болар. Мүмкін қаржылық жағдай қыспаққа алғандықтан шығар...
– Қателестің, інім! Кәрі қыздардың бәрі «етегіне намаз оқып отыр» деймісің?
– Сөзіңіздің астары мені мына орындықтан тұрып кетуге мәжбүрлеуде...
– Інішек, сен әлі жассың. Көргеніңнен көрмегенің аз. Ана сүті аузынан кетпеген балапансың. Басың аман болса, алда көпті көрерің анық.
Арада бес минуттық үнсіздік. Тыныштық тұманын оның жөткірінген даусы бұзды.
«Осы аптада ұстаздар мерекесін барша әріптестерім дүркіретіп тойлауда. Таныстарым қала, облыс, білім басқармаларынан алғыс хат алып, кеуделеріне жарқырата тағылған медальдарын суретке түсіріп, интернетте сүйіншілетуде. Бір жағынан олардың жетістіктеріне қуансам, екінші жағынан көңілім пәс. Бұрын мен де облыс әкімінен сондай марапат алғанмын. Сонда маршрутта келе жатып, сахнада әкемнің атын мақтау мінберінен шығардым, қалың көпшілікке таныттым деп көзіме жас алғанмын. Есіме түсіп, босап отырмын. Тоғайда өрістен адасып қалған ақсақ қой секілдімін...
Тағы да үнсіздік. Жөткірініп алып, қайта әніне басты.
«Мемлекеттік мейрам күндері еңсемді зіл басады. Алдыңғы күні кешкілік телефон арқылы сөйлесетін жігіт құрдасыммен кездестік. Дастарқанда ащы су мол болды. Атамнан қалған астай сіміре іштім. Ішімді қайнатқан алау отты сонымен өшіргім келген еді. Әрі қарай не болғанын айтпай-ақ қояйын», – дей келе аузынан шарап исі мүңкіп тоқтады.
Қалтасынан кішкене бөтелкесін алып қылқыта салды да, тұрып кете барды. Мен де масаң қалпымен бірдеңеге ұрынып қалмасын деген оймен оны таксиге отырғызып жібердім.
Қою қараңғылық. Өзім үйге жаяулатып келемін. Кеше ғана жауған алғашқы қардың ізі шалшық суға айналып үлгерген. Шаһар тұрғындарының көп келетін ірі сауда орталығының алды. Ой теңізіне сүңгіп біраз жолды артта қалдырғанымды да байқамаппын.
«Кешіріңіз, мына кішкентай ауру баланың еміне қандай көмек көрсете аласыз?» – деп алдыма кішкене садақа қорапшасын тосқан бозбаланың даусынан селк ете қалғанда, санамдағы беймаза ойлардан ұялдым. Сұлықсыз түрде артқа бұрылдым да тайғанақ баспалдақпен жоғары көтеріліп, әмбебап дүкеннен айран толы ақ пакетті көтере шықтым.
Енді міне, пәтерімнің подъезіне жақындап қалдым. Қарсы алдымнан сырт келбеті қораштау жігіт ағасы (бұлай әспеттеуіме сай келсе, әрине) кездесті.
«Інішек, 50 теңге берші! Нан алатын ақшам жоқ», – деді қиыла. Даланы жайлаған қараңғылық болса да көзқарасы әлі көз алдымда.
Санасам, бір күнде 4 адам садақа үшін ақша сұрапты. Бәрі де тепсе темір үзетін жігіттер.
Түн ортасынан ауған шақ. Ұйқы менен ат-тонын ала қашқан. Қатты жылдамдықпен ұмтылсам да жеткізер ыңғайы жоқ. Бар ойым әлгі кісіде. «Үйіне аман-есен жетті ме екен?».
Қайда жүрсеңіз де аман болыңыз! Ақкөңілсіз, шындыққа құмарсыз. Сол үшін ғана сыйлаймын. Дүниеде сіздей жандар барда ешқашан хаос орнамайды.
Шапағат СЕРДӘЛІ