$ 449.58  486.94  4.86

«Құлдықтан құтылу ойында болмапты»: Қазақстанға жұмыс іздеп келген ресейлік еліне жете алмай жүр (ВИДЕО)

Дмитрий құлдықтан құтылса да әлі күнге бәзбіреулерден қорқатынын айтады. 11жыл бойына біреудің малын бағып, отын жаққан.

Қазақстанда 30 жылға жуық  еңбекке жегілген ол енді еліне қайта алмай отыр. Жарты ғұмырын жат жерде өткізген азамат Қостанайдағы қоғамдық қордан қолдау іздеп келген көрінеді. Алпыс жастағы азаматтың арыз-шағымын astanatv жеткізді.

 Әлімжеттік көріп, әбден жасқанып қалған Дмитрий құлдықтан құтылса да әлі күнге бәзбіреулерден қорқатынын айтады. Сондықтан келбетін көрсетіп, тегін атауға келісім бермеді. Осыдан 29 жыл бұрын Көкшетау жаққа жұмыс іздеп келген ресейлік құлдық құрығына ілігіпті. Кейін оны қожайыны Алматы жаққа апарған. Онда 11 жыл бойына біреудің малын бағып, отын жаққан. Айтуынша ешкім ұрып соқпаған. Тек еліңе қайтарамыз деген құр уәдемен тегін жұмыс істеткен. 

«Соңғы уақытта шешендерде жұмыс істедім. Сол жерде Руслан деген бір қазақпен таныстым. Ол Ресейдің азаматы екен. Еліңе қайтуға көмектесем деді. Сол мені осында алып келді», - депті Дмитрий.

 Оның айтуынша, құлдықтан құтылу ойында болмапты. Құжаты да жарамсыз. Сондықтан полицияға арызданып, осы уақытқа дейін ешкімнен көмек сұрамаған. Еркіндікке шыққан Дмитрий енді тезірек Отанына қайтқысы келеді.Ол жақта ұлы мен қызы, туған туыстары күтіп отыр. Қостанайдағы қоғамдық қор жолақысын төлеуге дайын. Алайда Ресей тарапы тоқсаныншы жылдары ел аумағынан кеткен адамның азаматтығын анықтап, құжаттарын рәсімдеуге асығар емес. 
 «Біз оны еліне қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін істедік. Ресей елшілігімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Елшілік оның азаматтығын бекітіп, сертификат беруі керек», - дейді «Дамыту» ҚҚ төрайымы Нина Косюк. 

Отыз жылға жуық зардап шеккен адамды тезірек отанына қайтаруды сұрап отырмыз. Құлдықтан құтылған азаматтың қазір қаланың қай жерін паналап жүргені белгісіз. Қоғамдық ұйым өкілдері ол жағын құпияда ұстап отыр. Алайда Ресей федерациясы азаматтық бермей қойса, оның жағдайы тым мүшкіл болайын деп тұр. 

Өйткені, өмірінің жартысын құлдықта өткізген азаматқа медициналық және психологиялық көмек керек екен. Азаматтығы болмағандықтан оны бейімдеу орталығына немесе мемлекеттік мекемелерге орналастыру мүмкін емес. Діңкесі құрыған Дмитрий енді Ресей елшілігінен үміт күтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары