Білім және ғылым министрлігі көпбалалы аналар үшін білім алуға квота бөлуді жоспарлап отыр. Көпбалалы, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған аналарға білім грантымен арнайы квота бөлінеді. Бұл туралы бүгін ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Көпбалалы аналар үшін арнайы квота болады деп жоспарлап отырмыз. Егер олар жоғары білім алу үшін оқуға түскісі келсе, оларға квота бөлуіміз керек. Қазір масылдыққа жол бермеу, жұмысқа тарту жайлы көп айтып жүрміз ғой. Осы тұрғыдан алғанда, бұл маңызды іс-шара деп ойлаймыз», - деді Аймағамбетов мәжілісте «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстыру кезінде.
Айтуынша, квота бөлу кезінде конкурстық іріктеу қағидаты сақталады. Бұдан бөлек, министр бала құқықтарын қорғау тетіктеріне де тоқталды. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтық форумда бала асырап алуға қатысты берген тапсырмасын еске салды.
«Біздің ұсынысымыз агенттіктер жайлы. Енді бала асырап алардың алдында, оны өз қамқорлығына алатын адамдар міндетті түрде тиісті дайындықтан өтуі керек. Өйткені, қазір байқап отырғанымыздай, бала асырап алғаннан кейін, олардың 10-11 пайызы қайтадан қайтып келіп жатады. Бұл өте қиын жағдай. Сондықтан осы институттарды қолдануымыз керек деп санаймыз», - деді ол.
Аймағамбетов бала асырап алу агенттіктерінің халыққа тегін қызмет көрсететінін атап өтті.