$ 494.87  520.65  4.91

Бала тәрбиесі ананың құрсағынан басталады

Әркім өз отбасындағы тәрбиеге барынша жауапты қарап, баланың іште жатқан сәтінен бастап, кәмелетке толғанға дейінгі аралықта мұқияттылық таныта алса, ол ата-ана ешқашан өкінбейді.
фото: elana.kz
фото: elana.kz

Соңғы он жыл демей-ақ қояйық, айналдырған 4-5 жыл ішінде Қазақстанда бала тәрбиесі мәселесі өте күрделеніп кетті. Оған жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс статистикасы дәлел бола алады. Бірақ, сандарды айтпастан бұрын сол қылмыстардың аса жауыздықпен жасалып жатқанына назар аударуымыз керек. Жастар бесіктен белі шықпай жатып аса ауыр қылмыстарды еш шімірікпестен жасайтын болған. Неге? Себебін және алдын алу жолдарын талдап көрсек...

Жалпы, балалар арасындағы қылмыс бүгін немесе кеше ғана пайда болған жоқ. Қазақстан сонау КСРО құрамында болған кезде де біздің елде жастар арасында ішінара тәртіпсіздіктер, кейде қылмыстар да болатын. Бірақ, дәл бүгінгідей жауыздықты әкелеріміз бен аталарымыз көрген жоқ. Тіпті, 90-жылдары «бандитизм» дәуірлеп тұрған кезде де қылмыс негізінен ересектер арасында жасалды. Ал жастар мен балалар төбелестен әрі аспайтын. Қазір ше?..

Есте болса, осыдан 3-4 жыл бұрын Жамбыл облысында жиырмадан енді асқан жас қыз некесіз жүкті боп, жаңа туған сәбиін жол бойындағы дәретхана шұңқырына тастап кеткен болатын. Нәрестенің көретін күні бар екен, нәжістің арасында жатқан жерінен жолаушылардың бірі даусын естіп қалып, дереу құтқарушылар шақырған. Дәрігерлер қыз баланың өмірін аман алып қалды. Ал бұл оқиға бүкіл қазақстандықтардың жағасын ұстатқан еді.

Тасжүрек ананың әрекеті бірнеше күн бойы әлеуметтік желілер мен әрбір үйде қызу талқыланып жатты.

Бұрын қыз бала босағада отырып бала тапса, ол әулеттің сүйегіне басылған қара таңба болатын. Әке-шешесі қарабет болып, тіпті, ауылдан да көшіп кеткен. Ал қазір босағада босану қалыпты жағдайға айналғаны өз алдына, жоспарсыз туған баланы еш аяусыз өлтіру жиілеп барады. Алғашында бәріміз шошып, жаға ұстағанымызбен, қазір құлағымыз үйреніп барады. Әйтпесе, дәл сол Жамбыл облысындағы оқиғадан кейін қаншама сәби дәретхана нәжісіне тұншығып, даладағы қоқыста үсіп өлді.

Жастар арасындағы қылмыс десе, көз алдымызға ұл балалардың төбелесі елестейтіні сөзсіз. Бірақ, қазіргі қылмыс не жыныс таңдамайды, не жас таңдамайды. Оған жоғарыдағы бір ғана мысал дәлел.

Жастар арасындағы қылмыстың өршігеніне, халықтың оған немқұрайлы қарай бастағанына биліктің өзі алаңдап, 2017 жылы көктемде ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың санасын жаңғырту мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жазып шықты. Оның мақсаты – ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту арқылы халықтың санасын ояту, өзгерту, жаңарту болатын.

Бағдарламаның қаншалықты нәтижелі боларын айту әлі ерте. Өйткені, «Рухани жаңғыру» – ұзақ мерзімді жоба. Екі жылдың қорытындысымен халықтың санасы жаңғырмады деп айта алмаймыз. Бірақ, бала тәрбиесі күте алмайды, қазір бөбектерге қандай дән ексек, ертең 10-15 жылдан кейін соның жемісін көреміз. Біз қазір жоғарыда айтып өткен «бандитизм» дәуірінің жемісін көріп келе жатырмыз. Сол кезде тәрбиенің осалдығынан қазіргі жастар жауыздықпен адам өлтіріп, жаңа туған шаранасын көшеге тастап кетіп жатыр.

Жә, баршаға топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Бірақ, «ауруын жасырған өледінің» кейпін қазір кимеуіміз керек.

Болашақта Қазақстанды саналы ұрпақ басқарсын десек, тәрбиені балаға құрсақтан бастап беруіміз керек екен. Француз ғалымы Андрэ Бертиннің айтуынша, бала тәрбиесі немесе баланың қалыптасу кезеңі үш кезеңнен тұрады: ақпарат қабылдау, еліктеу және өзі жинаған тәжірибемен әрі қарай даму.

Бала құрсақта жатқан кезде біреуге еліктей алмайтыны белгілі, оның ешқандай тәжірибесі де болмайтыны анық. Бірақ, ақпарат қабылдауды сәби ананың шаранасынан бастайды екен.

Ғалымның айтуынша, адамның махаббат пен жеккөрушілік, сабыр мен ашушаңдық секілді сезімдері ананың құрсағында майда клетка боп пайда болған кезден қалыптасады.

Ана құрсағы – баланың ең алғашқы әлемі. Сондықтан жүкті әйел қандай жағдайды, сезімдерді бастан өткізеді, құрсақтағы сәбиі де соны тура қабылдайды. Болашақ ана көп ренжісе, күйзеліске түссе, сәби туған кезде жүйке жүйесінде ақаулар пайда болуы мүмкін. Ал әйелдің жүрегі үнемі сабырда, махаббатта болса, онда туған бала да дені сау, жүрегі кең болады дейді француз ғалымы.

Сондай-ақ, ананың көңіл-күйі өз алдына, оның қандай ән тыңдайтыны да құрсақтағы балаға тікелей әсер етеді екен. Мәселен, әйел жүкті кезінде рок, хард-рок жанрындағы әндерден аулақ болғаны жөн дейді америкалық ғалымдар. Бұл әндер шарана былай тұрсын, ересек адамның өзін «жынды» қылып жіберуі ғажап емес. Ал құрсақта жатқан балаға ол анық зиянын тигізеді.

Қазақстандық дәрігерлер сондықтан жүкті әйелдерге күй немесе классикалық әндерді тыңдауға кеңес береді. Әуезді сарындағы ұлттық әндеріміз бен күйлеріміз құрсақта жатқан сәбидің ең алдымен сабырлы, мейірлі болуына тікелей септігін тигізетін көрінеді.

Ал еуропалық мамандар болса, ерлі-зайыптыларға құрсақта жатқан баламен жиі сөйлесу керектігін айтады. Өйткені, шарананың естуі өз алдына, ол әкесі мен шешесінің жанында екенін, онымен бірге екенін сезеді дейді. Бұл әдіс баланың тілі ерте шығуына да көмектесетін көрінеді.

Жалпы, баланың құрсақта жатқан кезден бастап тәрбиеленуі – бүгінгі ғалымдардың ашқан жаңалығы емес. Біздің заманымыздың алғашқы жылдарында-ақ ежелгі африкалықтар, кельттер, мысырлықтар мен үндістер және өзге де көне халықтар жүкті әйелдерді қоғамнан барынша жырақта ұстауға тырысқан, яғни оның ешқандай проблемамен бетпе-бет келуіне жол бермеген. Тіпті, арнайы заңдар да шығарған.

Ал ежелгі Қытайда осыдан мың жыл бұрын жүкті әйелдерге арналған арнайы нысандар болыпты. Ол жерде болашақ аналар үшін өте әсем, әдемі жағдай жасалып, көңілдерін көтеру үшін түрлі қойылымдар да қойылған.

Алысқа бармай-ақ, өзіміздің қазақ халқын алатын болсақ, әжелеріміз жүкті келіндері үшін үнемі жас малдың етінен тамақ әзірлеп, бар дәмдісін келінге беретін болған. Жүкті әйел ешқашан ауыр көтермеген, ауыр жұмыстарға араласпаған. Содан да болар, Ұлы даламызда елін сүйген батырлар көптеп дүниеге келіп, қазақтың осы кең-байтақ жерін «ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап», бізге аманатпен қалдырып кетті.

Бала тәрбиесінің мықты болғанынан да шығар, кешегі Кеңес өкіметіне дейін қазақ даласында бірде-бір түрме, бірде-бір жетімдер үйі деген болған жоқ. Қазақ жетімі мен жесірін жылатпай, бауырға басқан халық еді. Тіпті, тентегін де түрмеге жаппады, ақсақалдар өздері тәрбиелеп алатын.

Өкінішке қарай, КСРО құрамына енгеннен бері ұлттық тәрбиемізде осындай ақтаңдақ пайда болып, қазір әлі күнге дейін соның салдарымен күресіп келеміз.

Сондықтан әлі де кеш емес деп айтқымыз келеді. Қазіргі жастар баланы тілі шыққаннан бастап емес, құрсақта жатқаннан бастап тәрбиелеуі тиіс. Шаранада жатқан кезінен бастап ата-ананың махаббатын сезінуі керек. Ал дүниеге келген сәттен бастап оның құлағына бесік жырын құя берсе, болашақта ол бала міндетті түрде ата-анасының үмітін, елінің үмітін ақтайтын абыройлы азамат болады.

Айтқымыз келгені, халық бүкіл проблеманың бастауын мемлекеттің, яғни биліктің мойнына асып қоймай, шешімді әрбірі өзінен іздеуі керек. Мәселен, жас отбасылардың жаппай ажырасуы (статистика бойынша, оңтүстікте отау құрған әрбір екі отбасының біреуі ажырасып кетеді), мектеп оқушыларының суициді (Қазақстан әлемде төртінші орында), ерте жүктілік секілді келеңсіздіктердің бәріне билікті айыптау дұрыс емес. Ажырасудың бәрі жоқшылықтан боп жатқан жоқ, алкогольді ішімдік салдарынан көп шаңырақ шайқалады екен. Оған жастардың тіл табыса алмауын да қосып қойыңыз. Ал суицидтің нақты диагнозы болмағанымен, оқушылар әдетте үлкендерден көрген қысымына шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсап жатады. Ерте жүктілік те отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауының салдары.

Яғни, әркім өз отбасындағы тәрбиеге барынша жауапты қарап, баланың іште жатқан сәтінен бастап, кәмелетке толғанға дейінгі аралықта мұқияттылық таныта алса, ол ата-ана ешқашан өкінбейді. Ал бұл жауапкершілікті тиісті деңгейде орындай алмасаңыз, ешкімге ренжімеңіз, бала тәрбиені көшеден (қазіргі жағдайда интернеттен) алады.

Сондықтан Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады, енді халқымыздың санасы өзгереді деп Ақорда жаққа қарап жата беруге болмайды. Билік тек біздің өзгеруімізге мүмкіндіктер мен жағдай жасайды. Ал сіз бен біздің баланы өзіміз тәрбиелеуіміз керек.

Жұлдыз БОЛАТ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары