$ 494.87  520.65  4.91

«Қорқып отырмын»: Қарағанды әкімдігі көпбалалы отбасыларды сотқа берген

Әлеуметтік сала мамандары оның біреуіне жеке меншік көлігің бар десе, екінші отбасына 30 мың теңге несие алғанын жасырды деп сотқа шағым түсірген.

Қарағанды облысына қарасты Шахан елдімекенінде көпбалалы отбасылар істі болып жатыр. Оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі сотқа берген.

Әзірше, үкіметтен атаулы көмек алып бастары дауға қалған екі отбасының ісі сотқа тартылып жатыр.

Бұл екі отбасының отағасылары мектепте от жағушы боп еңбек етеді. Әлеуметтік сала мамандары оның біреуіне жеке меншік көлігің бар десе, екінші отбасына 30 мың теңге несие алғанын жасырды деп сотқа шағым түсірген. Күлесіз бе, жылайсыз ба?

Ғафу Алхайдаров – төрт баланың әкесі. Шахандағы мектепте қыста от жағып, ал жаз айларында мектепте шаруашылық жұмыскері боп бала-шағасын асырап жүр. Бұл отбасы көктемде атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсырған. Құжаттарын қараған мамандар әлеуметтік көмекті өздері тағайындапты. Ғафу Алхайдаровтың отбасы 4 ай бойы ай сайын 93 мың теңгеден атаулы әлеуметтік көмекті алыпты. Енді Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары бұл отбасын сотқа беріп отыр. Ғафу Алхайдаровтың жұбайы Нұрсұлудың  айтуынша, шенеуніктер бұрынғы алған несиені жасырып қалдыңдар деп кінә таққан.

«Несие туралы менен ешкім сұраған жоқ қой. Егер сұраса айтатын едім. Ол бұрын алынған несие, оны төлеп тастаған едік. Көмір түсірген кезде отыз мың теңге жетпей қалғандықтан тездетіп, несие ала салғанбыз. Сол базадан кейін шығып қалған екен. Сосын мектепте от жағушы жұбайымның жалақысы базадан 150 мың теңге болып көрінген. Мектеп есепшісі зейнетақы қорына шатасып, бірнеше рет ақша аударып жіберген екен. Біз мұны кейін білдік. Өзім кенже балам енді ғана бір жасқа толғандықтан үйде отырмын. Қазір жұбайымның 49 мың теңге жалақысына қарап отырмыз. Үш рет сот өтті. Бүгін тағы сот. Қорқып отырмын», - дейді Нұрсұлу Алхайдарова.

Енді әлеуметтік сала мамандары Ғафу Алхайдаровтан сот арқылы атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілген 374 мың теңгені қайтарып алмақшы.  Нұрсұлу Алхайдарова іске жарап кеткен ол қаражатты қайдан тауып береміз деп қынжылады.

Ал көлігі бар болып басы пәлеге қалған екінші отбасы Шаханда тұратын Әлібек Сәрсенбаевтың жанұясы. Оның 7 баласы бар. Жеке меншік фирмада күзетші, ал екінші жұмысына қыста мектепке от жағушы болып шығады екен. Бұл отбасына 517 мың теңгені бір ай ішінде тауып, бюджетке қайтарыңдар деп шенеуніктер ескертіпті. Отағасы бүгінде сотқа барып сабылып жүр.

«7 балам болғандықтан ескі көлік сатып алған едім. Арасында таксилетсем бе деп. Ол былтыр қараша айынан бері бұзылып жатыр. Бірақ менің атымда тұрған көлік. Оны ешкім сұраған жоқ. Тексерсе базадан шығар еді ғой.  Ал екінші жұмысты жасырдың  дейді,  оған қыста ғана шығамын. Бірақ сол жерден зейнетақыға қаржы аударылады.Мұның барлығын қалай жасырам? Ол да ақпарат базасында көрсетіліп тұрады дейді ғой. Басында әлеуметтік көмекке құжат қабылдағанда «е, үкіметтен бір қайыр болды-ау» деп қатты қуанып едік. Енді берген ақшаларын даулап, басымызды пәлеге қалдырды. Оны білгенде басында бас тартуым қажет еді», - деп өкінеді Шахан қаласының тұрғыны Әлібек Сарсенбаев.

Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары Шахандағы екі көп балалы отбасына қатысты сотқа арыз түсіргендерін растады. 

«Ғафу Алхайдаровтың отбасына қатысты оларда екінші тоқсан бойынша табыстың көлемі артып тұр. Ал екінші отбасында отағасы екінші жұмысының бар екенін әрі көлігін жасырып қалған. Табыстарының не себепті артық шығып тұрғанын, оған кімдердің кінәлі екенін сот шешеді. Есептегенде табыс артық болған соң, біз оларды сотқа беріп жағдайды анықтатуымыз керек. Бұл біздің міндетіміз», - деді Шахтинск қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Ақмарал Шыныбаева.

Дереккөз: Жас Алаш

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары