$ 444.32  473.33  4.76

«Балаларды ойнауға жібере алмай отырмыз»: Алматы орталығына егеуқұйрық қаптап кеткен

Жауаптылар жұмыс істеп жатырмыз деп сендіргенімен, Жароков пен Байқадамов көшелерінің қиылысында егеуқұйрықтар бір ай бойы тұрғындардың мазасын қашыруда.

Алматының қақ ортасында егеуқұйрықтар қаптап жүр. Түнімен олар бір-бірімен төбелесетін көрінеді. Тіпті, балалар алаңының маңынан ін қазып алған. Тұрғындар кешкісін көшеге шығудан қалғандарын айтып шағымдануда, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Үй маңында тышқандар қаптап кетті. Қасынан өтуге қорқамыз. Арғы бетінде балалар алаңы бар. Сонда балаларымызды ойнауға жібере алмай отырмыз. Түнде егеуқұйрықтар бір-бірімен төбелеседі. Соңғы рет қашан дәрілегені белгісіз. Сондықтан олар кәдімгідей жайланып алған. У себілсе, мұндай көп болмас еді», – дейді Алматы тұрғыны Артем Платов.

Түсірілім тобының артынша зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізетін мамандар да келіп, егеуқұйрықтарды аулауға кіріскен. Олардың сөзінше осы уақытқа дейін олар Алатау, Түрксіб және Жетісу аудандарында тазалық жұмыстарын атқарып келген. Бостандық ауданы жоспар бойынша қазан айының 10-нан басталады екен.

«Бұл жерде қоқыс төгетін орын болғандықтан, тамақ қалдықтары болады, егеуқұйрықтар сол тамақтың исіне келеді. Тек бұл жерде ғана емес, басқа жерлерде де бар. Бізге қалалық әкімдіктен өтінім түседі, сол өтінімдер бойынша мобильді топ қала бойынша жұмыс істеп жатыр», – дейді «Дезинфекция Ақтөбе» ЖШС Алматы қаласы филиалының басшысы Бексұлтан Тұрдалы.

Жауаптылар жұмыс істеп жатырмыз деп сендіргенімен, Жароков пен Байқадамов көшелерінің қиылысында егеуқұйрықтар бір ай бойы тұрғындардың мазасын қашыруда. Енді адамдарға 10 қазанға дейін амалдай тұруларына тура келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары