$ 494.87  520.65  4.91

«Томирис» неліктен Ресейше шыққан?»: отандық фильмнің орысша түсірілгені сынға ілікті

Facebook парақшаларын бір шолып шықсаңыз, осындай көңіл толмаушылықтар баршылық.

Елімізде көптен күткен «Томирис» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Оны әдеттегідей алдымен шенеуніктер мен соларды төңіректеп жүрген пысықайлар көріп алды. Ал қоғам белсенділері сол отандық киноның мемлекеттік тілде емес, орысша түсірілгеніне наразы, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жалпы, Үкімет «Томиристі» түсіруге мемлекеттік бюджеттен 2 миллиард 250 миллион теңгедей қаржы бөлді. Ол шығын ақтала ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Белгілісі – «Томирис» неліктен Ресейше шыққан?» – дейді тіл жанашыры Оғыз Доған.

«Томирис» фильмінің таныстырылымы орыс тілінде өтіп жатыр. Айналамда бір орыс жоқ. Кілең шенеунік қазақтар! Дәриға-айдан бастап, әри-дәйға дейін... Жасасын, дариға-дәурен!» - дейді ақын Бауыржан Қарағызұлы.

«Керемет түсірілген туындыны бұзып тұрған үлкен кесірі – қазақ ақшасына түсірілген киноны сол қазаққа орысшалап көрсету, ал мемлекеттік тілді кемсітіп, астына кішкене шрифтпен субтитрлау. Сол баяғы бәрі түсінсін, әлде, бас продюсер Әлия Назарбаева түсінсін деген құлдық сана-ау, сірә», – дейді Жандос Өстемір.

Сондай-ақ, «Орысша ойлайтындар түсірген орысша фильмнен не күтуге болады? Олар қазіргі қазақты түсінбейді, ежелгі қыпшақтарды қайдан білсін?! Құдды Вашингтонды өзбектер түсіргендей болар», – дейді Kayrat Rekaz есімді желі қолданушы.

Facebook парақшаларын бір шолып шықсаңыз, осындай көңіл толмаушылықтар баршылық. Мысалы, Төлепбек Смағұловтың пікірінше, бұл фильм – «болған-болмағаны беймәлім аңызды суреттеу, тек бизнес, жұртты алдандыруға арналған жауапсыз құрал, ақшаның соры ғана».

Тіпті, Мұхтар Анапияев деген азамат: «Өзіміздің отандық фильмдерді көрсем, ішім удай ашиды. Кілең бір дарынсыз актерлар, образға кіре алмайды. Тіке қарап сөйлей алмайтын біреулер, әйтеуір. Мен осы киноларды және Қазақстанның футболын вообще көрмеймін. Қайран, Шәкен Аймановтың фильмдері ғой, қанша жылдар өтсе де құнын жоғалтпаған!» – деп күрсініп отыр.

Бұл ретте, Қайрат Бақбергенов кинодағы мініс аттарының жал-құйрығы кесілгенін «өлген адамның жылдығына дайындап жал-құйрығын кесіп жіберген бұрындары» деп орынды сынаған. Ал кинотуындыны өз көзімен көріп қайтқан Ербол Уайдин: «Кеше премьераға бардық. «Трояға» жету қайда?! Бірақ, 1-2 рет көруге болады. «Торяны» 10 рет көріп едім, шіркін! Бірақ, бұл жерде көп саяси жағдай бар, қазіргі заманға сай. Жер мәселесі туралы айтылады. Сатқындық туралы, дүниені қуалап кеткен патша туралы және әйел адамның халықты басқаруы да», – деп шүкіршілік еткен.

Әрине, кез келген шығарманың жаппай көптің көңілінен шығуы мүмкін емес. Ешкім өнермен әркімнің көкейіндегісін дөп басып отыру үшін айналыспайды. Алайда, қай елдің шығармашылығын өрістету мақсатында қыруар қаржы алсаң, сол елдің халқымен де санаса білген жөн-ау! Билік басындағы аз ғана шоғырдың емес, олардан шоқтығы биік бұқараның тілін тапқан маңызды. Ал бізде ол тіл – қазақ тілі!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары