Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы берілген несие көлемі жайлы деректермен бөлісті. Бұл туралы Елорда Инфо банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«2019 жылдың алғашқы 8 айы ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 31 523 қазақстандық отбасыға қолжетімді шарттармен займ берді. Бүгінде олар көптен күткен баспаналарына қол жеткізіп, қоныс иелері атанды. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстыратын болсақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі былтыр 22 363 займ берген болатын. Яғни, бір жыл бұрын орташа есеппен алғанда күніне 133 отбасы баспаналы болса, ал биыл олардың саны 190-ға дейін артқан», - делінген хабарламада.
Жалпы, банктегі займның орташа сомасы 10,6 млн теңгені құрайды. Атап айтсақ, несиенің 38%-ы салымшыларға пәтерді жаңа үйден сатып алу үшін берілсе, 58%-ы – қолданыстағы үйден пәтер сатып алған.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жұмысын бастағалы бері 204 208 қазақстандық отбасы өздерінің баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды.
Олардың ішінде:
88,7% – баспана иесі атанды;
6% – несиені өз үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында алған;
1,5% – несиені жер үй салу мақсатында алған;
0,7% - несиені жер телімін сатып алу мақсатында алған.