Аралдың жағасынан қанат қағып, қазақ әдебиетінің ақиық ақынына айналған Жарасқан Әбдірашевтің шығармашылығына арналған жыр кеші өтіп, туған жеріне бюст орнатылды. Шараларға ақынның отбасы мен туған туыстары, ақын-жазушылар қатысты.
Талантты ақын, білгір сыншы, шебер аудармашы Жарасқан Әбдірашев 1948 жылы 7 наурызда Арал ауданы Аманөткел ауылында дүниеге келген.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, әр жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» альманағында, «Жұлдыз» журналында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарды. «Тамаша» ойын-сауық театрының бас редакторы болды.
Өмірдерегі осылайша қысқа өрілгенімен Жарасқан поэзия көгіне көркем жырларымен келіп, биікке көтерілген, құнарлы ой, толғам тереңдігімен талғампаз оқырманды таңдай қақтырған дауылпаз дарын иесі.
Тағылымды шара Арал ауданында жалғасып, №64 мектепке есімі беріліп, ескерткіш бюсты ашылды. Алдағы уақытта мектеп жанынан Жарасқан Әбдірашевтің мұражайын ашу да жоспарланып отыр.