$ 444.22  476.38  4.82

Елдегі мұнай өңдеу зауыттары жекенің қолына өтсе жанармай тағы қымбаттауы мүмкін

Апта басында Президент Н.Назарбаев Ақордаға елдегі мұнай-газ секторына жауапты бірқатар тұлғаларды жинап, энергетика мәселесін талқылады. Дегенмен, соңғы уақытта ел ішіндегі басты тақырыптардың біріне айналған мұнай өңдеу зауыттарын жеке меншікке өткізу туралы нақты шешім әлі шықпай отыр. 

ҚР Үкіметі 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің екінші толқынының кеңейтілген бағдарламасын пысықтап, мұнай өңдеу зауыттарын аталған бағдарламаға қосу жайын қарап жатыр. Бүгінде Үкімет дағдарысқа қарсы шарасы ретінде мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтып, елдегі ірі кәсіпорындарды бәсекелестік ортаға шығаруда. Атап айтар болсақ, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» пен «ҚазАгроға» теиісілі 60 компания жеке меншікке өтпек. Осылайша, жаппай жекешелендіру аясында 2020 жылға қарай экономикадағы мемлекеттің үлесін ЖІӨ-нің 15 пайызына дейін жеткізу көзделіп отыр. Дегенмен, «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың айтуынша, елдегі үш МӨЗ-нің бәсекелестік ортаға ұсынылуындағы мақсат бюджетке қосымша қаражат түсіру емес. Үкімет мұнай өңдеу зауыттарын шетелдік және отандық бизнес өкілдеріне сата отырып, елде бәсекелестікті қалыптастыруды көздеп отырған көрінеді. Яғни, 100 пайыз мемлекет меншілігіндегі кәсіпорындардың 25 пайыздан 50+1 пайызға дейінгі акция үлесі нарыққа шығарылмақ. 

Естеріңізде болса, Н.Назарбаев 2010 Жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мемлекеттің 2020 жылға дейінгі даму саясатымен таныстыра келіп, шикізат саласына ерекше басымдылық берген еді. Атап айтар болсақ, 2014 жылы ішкі нарықтың мұнай өнімдерімен жүз пайыз толық қамтамасыз етілетінін мәлімдеген. Дегенмен, 2014 жылы импорт тәуелділігінен арылмай, еліміздегі жанармайға деген жалпы сұраныстың 40 пайызы Ресейден тасымалданғанымыз белгілі. Осы орайда, жекешелендіруді нарықтағы отандық өнім үлесін арттыру мақсатында кәсіпорындарды кеңейту құралы деуге болалды.

Биылғы Жолдауында ҚР Президенті елдегі қалталыларды жекешелендіруге ат салысуға шақырған. Дегенмен, кәсіпкерлер мен кәсіпорындар бұл зауыттарды сатып аларлықтай жағдайда емес екені белгілі. Демек, мемлекеттегі стратегиялық маңызды нысандардың қатарына кіретін Атырау, Павлодар мен Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттарын нарыққа шығарған жағдайда екі түрлі сценарий өрбімек.

Біріншісі, мұнай-газ саласында әлеуетті серіктестердің бірі Қытай компаниялары қатысуы мүмкін. Қазірдің өзінде Қытайдың CNPC ұлттық мұнай-газ корпорациясы Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Еуразия» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отыр. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мұнай импорттайтын ҚХР зауыттардың акцияларының бақылау пакетін иемденбесе де, белгілі бір көлемін сатып алуы мүмкін.

Бір кездері Белорусь мұнай өңдеу зауыттарына «құда түскен» ресейлік «Роснефть» пен «Лукойл» он жылдан астам келіссөздер нәтижесінде еуропалық елдерге жақыннан мұнай өнімдерін тасуға мүмкіндік алған. Енді Еуропалық нарықтан айырылған олар кәсіптерін Еуразиялық нарыққа бейімдеуі бек мүмкін. Осы орайда өңірлік деңгейде жұмыс істеу аталған компанияларға тиімсіз емес. Онсыз да Қазақстан нарығының айтарлықтай бөлігіне ие ресейлік алпауыттар үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар, бұған дейін де екі компанияның Павлодар зауытына қызығушылық білдіргені белгілі.

Әлемдегі мұнай экспорттау жағынан сегізінші орын алатын Нигерия 2011 жылдан бастап МӨЗ жекешелендіру туралы бастама көтергенімен, мәселе әлі күнге шешімін таппай отыр. Африкадағы ең ірі экспорттаушы ел өзіне қажетті жанармайдың 70 пайызын сырттан тұтынады. Елдегі төрт зауытты сатуға алдымен жергілікті халық қарсы. Халықаралық агенттік аталған елдегі зауыттарды жекешелендірудің осы уақытқа дейін шешімін таппай отырғанына екі түрлі себепті атайды. Біріншісі – үкіметтің сатып алуға мүдделі компанияларға қоятын жоғары талабы десе, екінші себеп ретінде жұмыскерлер мүддесінің қорғалуы мен соның ішінде шет елдік компанияларға жергілікті жұмыскерлерді жұмыспен қамтудың минималды көлемін бекітуі.

Егер елдегі зауыттар жеке меншікке өтіп жатса, бәсекелестік есебінен жанармай сапасының, сапамен қоса оның құнының көтеруі әбден мүмкін. Естеріңізде болса, өткен айда Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мемлекеттің жанармай бағасына араласпайтынын мәлімдеген болатын.

Бауыржан Мұқанов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары