01.10.2019, 10:15

Мемлекет жәрдемақысынан 20-дан аса отбасы бас тартты (ВИДЕО)

Аймақта оқу курстарын бітіріп, өз ісін ашқалы отырғандардың қарасы көбейген.

Қарағанды облысының Саран қаласында 20-дан астам отбасы тұрмысын түзеп, атаулы әлеуметтік көмектен бас тартты, деп хабарлады 24.kz.

«Бұл – халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің белсенді де сапалы қызметінің нәтижесі», - дейді көпбалалы аналар. 

Оған қоса, аймақта оқу курстарын бітіріп, өз ісін ашқалы отырғандардың қарасы көбейген. Жаңагүл Исатаева – отағасы қайтыс болғаннан кейін балаларға ие болып қалған көпбалалы жалғызбасты ана. Жақында жатақханадан әкімшілік бөлген үш бөлмелі пәтерге көшті. Ортаншы қызы мүгедек болғаннан кейін, үйден тыс жұмысқа мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, еңбекқор ана мемлекет беріп отырған мүмкіндіктің арқасында оқып, үйден шықпай-ақ тапсырыстар алып, түрлі ұлттық киімдер тігуді жоспарлап отыр. Ол үшін Жаңагүл «Бастау» бизнес жобасы аясында қысқа мерзімде кәсіпкерліктің негізін меңгеріп шығуды көздеп отыр. 

«Менің мақсатым – жәрдемақыға қарап қалмай, өз еңбегіммен ісімді бастағым келеді. Бұл жәрдемақы уақытша, бірақ, оның өзінің жемісі болу үшін осындай мүмкіндіктер беріп жатыр. Гранттар бөліп жатыр, соны оқып, сертификат алып, өз жұмысымды бастап, жемісін жеуге бізде мүмкіндік бар», - дейді Жаңагүл Исатаева. 

Айман Қыдырбаева мен оның жұбайы көпбалалы ата-ана болуды армандаған. Қазір жеті баланың тұңғышы – 14 жаста. Отағасы еңбекпен қамту орталығының қолдауымен күзетші болып тұрақты жұмысқа қабылданды. Ал "Күміс алқа" иесі атанған ана тамыз айында тігін фабрикасына оқуға қабылданды. Көпбалалы анаға жолдаманы халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі берген. 

«Маған атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде осындай мамандық ұсынылды, осы мамандықта оқып жатқаныма қуаныштымын. Адамның құлшынысы болса, бәріне де үлгеруге болады», - дейді Айман Қыдырбаева. 

Бүгінде Саран қаласы Халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тіркелген азаматтардың 30-дан астамы тұрақты жұмыспен қамтылып, 29 адам қоғамдық жұмысқа қабылданған. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасылардан 18 адам түрлі саладағы мамандықты меңгеру үшін оқу курстарына жазылды. 

«2019 жылдың басынан бері атаулы әлеуметтік көмектердің арқасында 20 отбасы тұрмысын түзеді. Бұл жанұялар қазір толықтай әлеуметтік көмектен бас тартты. Өйткені, олардың қазір материалдық жағдайлары ойдағыдай, тұрақты жұмыс орындары бар. Өз отбасыларын өздері қамтып отыр», - дейді Саран қаласы Халықты еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенже Тұңғышбаева.  

Айта кету керек, Саран қаласындағы Халықты еңбекпен қамту орталығында атаулы әлеуметтік көмек көрсету калькуляция жүйесі іске қосылған. Бұл заманауи пилоттық жүйе арқылы кез келген адам жеке ақпаратын енгізу арқылы қандай атаулы әлеуметтік көмекке жүгіне алатынын біледі.